Ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді
Қазан айының басында ет бағасы шарықтады. Әсіресе сиыр етіне деген сұраныстың жоғарылығы ма, әлде нарықтағы бағаның тұрақсыздығы ма екен, әйтеуір ел осы түліктің етін іздеп кетті. Тіпті, Астана мен Алматыдай мегополистерден хабарласқан жақындарына етті сәлемдемемен жөнелткендерді де көрдік. Ал статистикаға сүйенсек, еліміз әлемде сиыр еті арзан жиырма мемлекеттің қатарында тұр. Алдағы қарашада Шерхан Мұртаза айтпақшы, нағыз «жілік фестивалі» соғым басталады. Ол кезде бағаның жайы қалай болар екен? Көптің көкейіндегі сауал да осы.
Өткен жексенбіде облыс орталығында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде сиыр және қой етінің килограмы – 3700, жылқы еті 3900 теңгеден өткерілді. Қалалық тұтынушылардың күнделікті ас мәзіріне қосуға таптырмайтын қабырға, омыртқа сынды сүйектерді алатынын ескерсек, сан еті, жілік дегендеріңіздің қашанда бағасы жоғары болатыны айтпаса да түсінікті.
Соғым сою науқаны басталғанда, құда-жекжат сынды құрметті қонақтарға жол-жоралғысымен табақ ұсынатын қазекем бағаға қарап қалмай, мүйізді ірі қараны немесе жылқыны жыға салатыны анық. Өйткені аяқ-аяққа, жілік-жілікке бөліп алса, қазықарта, жал-жаяның түгел болатынын біледі. Ал тұтынушы базар жағалап, жілік түгендеймін дегенше қанша пұлының жұмсалатынын тағы біледі.
Ет бағасының күрт өсуіне байланысты тиісті басқармаға хабарласқан едік. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық дамыту басқармасы сауда бөлімінің басшысы Бақытжан Орынтаевтың айтуынша, ет бағасының өсуі тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалып отырған көрінеді.
Өткен жылы облыста 56219,7 тонна мүйізді ірі қара, 31765,7 тонна қой еті, 17118,9 тонна жылқы еті сойылған және союға өткізіліпті. Жыл әлі аяқталған жоқ, сондықтан биылғы статистика әзірге белгісіз. Әрине, ет өндірушілер негізінен шаруалар. Олардың есебі түгел болмаған соң, мал бордақылауда келген шығын ет бағасына да әсер етпей қоймайды.
Дегенмен «Ет дегенде бет бар ма» дейтін қазекем күнделікті тағамнан бөлек соғым уақытында, әрине, жағдайы болса бағаға қарамайды. Шаруалар не дейді? Расында, мемлекет тарапынан асыраушы саланы көтеріп, дамытуға аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Сол қаржының өтеуі қандай?
Ерман ӘБДИЕВ