«Орталық Азия - Ресей» саммиті өңірлік ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты
9-10 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбе қаласына сапармен барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Жұмыс сапарының алғашқы күнінде Мемлекет басшысы Қабылдаулар сарайында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесу өткізді. Тараптар бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ Президент «Орталық Азия – Ресей» форматындағы екінші саммитке және ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты.
САУДА ЖӘНЕ САЯСИ СЕРІКТЕСТІКТІ «СЕРПІЛТУДЕН» – ӨҢІРДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК ДЕҢГЕЙІНЕ ДЕЙІН...
Тәжікстан Президентімен өткен кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысып, сөз сөйледі. Қазақстан басшысының айтуынша, Орталық Азия – қарқынды дамып келе жатқан әлеуеті мол аймақ. Оның жаһандық үдерістердегі қазіргі және келешектегі рөлі зор. Мұны әлем мемлекеттері мойындап отыр.
Бүгінгідей келіссөздерге қызығушылықтың артуы осының дәлелі. Тарихи, саяси, экономикалық, гуманитарлық факторлар тұрғысынан алғанда, Қазақстан үшін Ресейдің орны айрықша. Бір ғана деректі айталық: елдеріміздің арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр, яғни 7591 шақырым. Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңге, әлем экономикасының тұрақсыздығына қарамастан, Ре сей Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі одақтасы саналады.
Үш жыл бұрын Астанада өткен алғашқы «Орталық Азия – Ресей» саммиті көпжақты форматтағы ықпалдастықтың жемісті бастауы болғанын атап өткен Мемлекет басшысы:
Президент аймақ пен Ресей арасындағы екіжақты және көпжақты ықпалдастықтың бірқатар өзекті бағытына қатысты ойымен бөлісті. Бірінші басымдық ретінде сауда және индустриалды қарым-қатынасты дамытуға тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар сауда кедергілерін жоюды, өзара сауданы жандандыруды және тауар айналымы номенклатурасын кеңейтуді қолдайды. Шекаралық сауда аймағын құру, тұрақты түрде шекаралық аймақтық форумдар, бизнесфорумдар, көрмелер мен жәрмеңкелер өткізу, электрондық сауда алаңын дамыту бұл міндеттерді шешуге ықпал етеді. Қазіргі уақытта Орталық Азияда бірлескен сауда-өнеркәсіп аймақтары мен индустриалдық хабтар қалыптаса бастады. Бұл алаңдарда өндіріс локализациясына, қосылған құнның барлық тізбегі бойынша кооперацияға және тұрақты тасымалды қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Ресейлік бизнестің аталған жобаларға қатысуы Ресей тауарларының біздің, соның ішінде Қазақстан нарығында ұзақ уақыт бойы айналымда болуына ықпал етеді.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығындағы бірле скен жұмыстардың мүмкіндігі көп екенін мәлімдеді. Қазірдің өзінде оң нәтиже бар. Бірақ инновацияларды бірлесіп енгізуге екпін бере отырып, мол табысқа жетуге болады. Бұл арада агротехнологиялық стартаптар құру, жер игерудің дәл технологиясын кеңінен қолдану, заманауи агрологистикалық алаңдарды дамыту, құзыреттер орталығын жасанды интеллектіні пайдалана отырып қалыптастыру жөнінде сөз болып отыр. Ресей әлемдегі ірі астық өндіруші және тасымалдаушы елдердің қатарына кіреді. Бұл бағытта Қазақстан да дүние жүзіндегі көшбасшылардың бірі.
Президент көлік-логистика секторын нығайтуды тағы бір маңызды бағыт ретінде атады. Еліміз үшін Ресеймен стратегиялық ықпалдастықтың маңызы зор. Географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқан Қазақстан еуразиялық көліклогистика желісінің өзегі ретінде Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тұрақты байланыстыра алады. Ресей – өңір мемлекеттерінің әлем нарығына шығатын негізгі қақпасы. Сондықтан Ресеймен көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипаты айрықша маңызды. Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық көлік дәлізі өтеді, яғни бес темір жол және алты автокөлік жолы. Оған Азия мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы тиесілі. Соңғы 15 жылда саланы кешенді жаңғыртуға 35 миллиард доллардан аса қаржы жұмсалды.
Нәтижесінде жүк тасымалының көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Ресейден Орталық Азияға Қазақстан арқылы темір жолмен тасымалданған жүк көлемі соңғы үш жылда 26 пайыз артып, 30 миллион тоннадан асты. Бұл ретте кері бағыттағы транзит шамамен 50 пайыз ұлғайды. Сонымен қатар Ресейден Қытайға еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 3 есе артып, 5 миллион тоннаға жетті. Мемлекет басшысы «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің шығыс тармағын инве стициямен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша бірлескен бағдарламаны іске қосудың маңызын атап өтті. ҚасымЖомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметінің алдында Ресейдің және Орталық Азия елдерінің Үкіметтерімен бірге өңірдің, жалпы еуразиялық кеңістіктің заманауи, қауіпсіз, орнықты көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту мақсатында белсенді жұмысты жалғастыру міндеті тұрғанына назар аударды. 2030 жылға дейін 5 мың шақырымнан аса жаңа темір жол төсеп, 11 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған.
Мемлекет басшысы энергетика саласындағы ықпалдастықтың әлеуетіне жоғары баға берді. Айтар болсақ, Ресей, Қазақстан және Өзбекстанның үшжақты газ одағының арқасында өңірде жаңа энергетикалық жүйе қалыптасып келеді. Бұл халық пен өнеркәсіпті көгілдір отынмен сенімді түрде қамтамасыз етеді.
Президент соңғы жылдары Ресеймен атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық серпін алғанын айтты. Осы орайда «Росатом» компаниясының қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы цифрлық трансформация жүргізу өзекті міндетке айналғанына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан бұл салада кешенді жұмыс жүргізіп жатқанына мән берді. Мәселен жақында ғана Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Ол әлемдік компаниялармен, соның ішінде ресейлік кәсіпорындармен серіктестік орната отырып, отандық әзірлемелердің біртұтас экожүйесін құруды көздейді. Сонымен қатар ұлттық суперкомпьютер іске қосылды.
Екінші суперкомпьютердің жұмысын жолға қою міндеті жүктелді. 400 мыңнан астам студентті қамтитын арнаулы мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Жасанды интеллект саласындағы зерттеу университетін ашу жұмыстары басталып кетті.
Қазақстан Президенті тағы да Каспий мәселесін көтеріп, оның су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламаны іске асырудың маңызына тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, аймақ елдері бұрын-соңды болмаған экологиялық сын-қатерлермен бетпебет келіп отыр. Оны еңсеру үшін үкіметтер мен салалық ведомстволар басшылары деңгейінде жүйелі шаралар қабылдау қажет.
Президент сан қырлы мәдени гуманитарлық байланыстарды дамытуға баса назар аудару керек деп санайды. Сонымен қатар, жоғары білім саласындағы байланысты дамытудың да мәні ерекше арта түскенін айта кету керек. Мәселен, бүгінде Қазақстанның 60 университеті Ресейдің 50 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Ресейде 60 мыңнан аса қазақстандық студент оқиды. Елімізде Ресейдің жетекші оқу орындарының 9 филиалы жұмыс істейді. Олардың қатарында биыл пайдалануға берілген Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы да бар.
Былтыр Қазақстанда Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалы өз жұмысын бастады. Өз кезегінде Бішкек, Ош, Ташкент қалаларында қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдары студенттер қабылдады. Омбы мемлекеттік университеті базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ашылуы маңызды оқиғаға айналды. Бұл – Ресейдегі алғашқы шетелдік оқу орнының өкілдігі.
Президенттің пікірінше, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – маңызды мәселенің бірі. Қазір халықаралық жағдай күрделі әрі сәт сайын құбылып тұр. Өзара құрмет пен сенімге негізделген ынтымақтастығымызды жалғастыру барлық сын-қатерді еңсеруге мүмкіндік береді. Қазақстан үшін терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру маңызды міндет саналады. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің заңсыз айналымы алаңдаушылық туғызып отыр.
Президент саммитте Ауғанстандағы жағдайға қатысты пікірін де білдірді. Мемлекет басшысы Ауғанстандағы ахуал өңірлік қауіпсіздікті нығайтудың ажырамас бөлігі болып қала беретінін атап өтіп, бұл елді өңірдегі экономикалық үдеріске тарту бойынша үйлестірілген жұмысты жалғастыру қажеттігін жеткізді.
Мақсат – Достастықты өрлеудің, жаңа идеялардың кеңістігіне айналдыру
10 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбедегі Ұлттар сарайында өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысып, сөз сөйледі. Президенттің пікірінше, ТМД жаңа тарихи жағдайда мемлекеттер арасындағы сенімді арттырудың халықаралық тетігі ретінде сұранысқа ие құрылым екенін дәлелдеді.
Достастықтың 35 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы елдер арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға және Ұйым қызметін ілгерілетуге бағытталған бірқатар ұсынысын ортаға салды. Алдымен сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру негізгі басымдықтардың бірі болып қалуға тиіс екенін айтты. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдері сауда айналымының жалпы көлемі 8 пайыз ұлғайып, 110 миллиард долларға жетті. Сонымен қатар, соңғы бес жылда Қазақстанның Достастық мемлекеттерімен алыс-берісі бір жарым есе өсіп, 38 миллиард долларды құрады.
Жиында Президент белсенді жұмыс істейтін көлік дәліздері табысты саудаэкономикалық ынтымақтастықтың кепілі екенін атап өтті. Біздің аймақ Еуропа мен Азияны жалғап, жаһандық көлік-логистика жүйесінде ерекше рөл атқарып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттердің орнықты дамуымен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторына айналғанына мән берді. Қазақстан мемлекеттік басқару, әлеуметтік сала мен азаматтардың тұрмыс-тіршілігін қамтитын цифрлық күн тәртібін жедел ілгерілетіп келеді. Цифрлық кодекс бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, Цифрлық Қазақстан тұжырымдамалық құжаты әзірленуде.
Президент еліміз ТМД мемлекеттерімен осы саладағы ынтымақтастыққа ашық екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ТМД-ның әлемдік аренадағы абырой-беделін нығайтудың маңызына тоқталған Президенттің айтуынша, Қазақстан Достастықтың халықаралық байланыстарын жандандыруды дәйекті түрде қолдайды.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП