Жаңалықтар

Өңірде тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды

Бүгінде егемен еліміз пайдалы қазбалар қоры бойынша әлемде жетекші орында. Жалпы, тау-кен металлургия кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, минералды-шикізат ресурсын толықтыру мен базалық металдарды дайын өнім түріне дейін терең өңдеу – жоғары деңгейге сай нарықтағы позицияны нығайтудың бірден-бір жолы. Ал біздің елде түсті металдарды өндіру мен өңдеу саласындағы металлургия кешенінің негізгі ірі кәсіпорындары саналатын индустрия алыптары бар. Болашақта бұл тізімге «ШокпарГагаринское» серіктестігінің тау-кен байыту комбинаты да қосылуы бек мүмкін.

Қордай ауданындағы Соғанды ауылында іргетасы қаланатын аталған комбинат құрылысы Әулиеата өңірінің әлеуетін арттырып, өзгеше экономикалық серпін беретін айтулы жоба. Бұл – бірыңғай индустриаландыру картасы шеңберінде іске асатын бірегей инвестициялық бастамалардың бірі. Жалпы жобаның құны – 47 миллиард теңгені құрайды.

Ең негізгісі – комбинат толық қуатына шыққанда жылына 500 мың тоннаға дейін кен өндіру көзделіп отыр. Тиісті құрылыс жұмыстары ресми түрде бастау алған салтанатты жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев осынау қадам нақты инвестициялық кезеңнің айқын көрінісі екенін атап өтті. Ол өз сөзінде бүгінгі іс-шара Мемлекет басшысы айқындап берген маңызды стратегиялық бағыттардың анық дәлелі бола алатынын жеткізді.

Айта кетейік, бір ғана Қордайда жер қойнауындағы кен орындарының құны–саф алтынның бағасымен есептегенде 15 триллион теңгені құрайды екен. Бұл – дәлелденген дәлел. Енді бағамдап қарасаңыз, осынау кен орындары түгелдей өз жұмысын бастаған сәтте жалғыз ауданнан қазынаға ай сайын 60-70 миллион теңге салық түспек. Ал бұл істердің бастауында «ШокпарГагаринское» жобасы тұр.

Аталған жобаның іске асырылу мерзімі алты жылды қамтиды. Ал руда өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану лицензиясы 18 жылға берілген. «Шокпар-Гагаринское» серіктестігінің басшысы Семён Ханның айтуынша, дәл қазір құрылыс жұмыстары қарқын алған жер учаскесінде басаяғы 44 шақырымға электр желісі тартылған. Бұдан бөлек мұнда геологиялық барлау жұмыстары қолға алынған.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Қордай ауданы