Күреңбелдің топырағы қыш құмыраларға толы
Күреңбел ауылдық округінің аймағындағы Төрткүл төбе қалашығынан табылған көне тұрмыстық бұйымдардың ішінде қыш құмыралар ерекше орын алады. Олар – халықтың күнделікті тұрмысын ғана емес, сол дәуірдің мәдениетімен дүние танымын айғақтайтын тарихи жәдігер. Археологтардың қазба жұмыстары кезінде, Теріс өзені Қаратау бөктері Көлбастау маңындағы қоныстардан қыш ыдыстардың сынықтары мен бүтін құмыралар табылған. Олар сақ, үйсін, қаңылы тайпалары кезеңіне және орта ғасырлық түркі заманынан қалған бұйымдар. Бұл құмыралар астық сақтау, су құю, ас әзірлеуге және діни жоралғыларда қолданылған. Орта ғасырлық Төрткүл төбе қалашығынан табылған қыш құмыраларды аудандық тарихи өлкетану мұражайынан көптеп кездестіруге болады. Соның ішінде Төрткүл төбеден табылған қыш құмыралардың жасалу технологиясы сипаттамасы ерекше назар аудартады. Қыш құмыралар жергілікті табиғи саздан иленіп, қалыпқа салынып, арнайы пештерде күйдіріліп жасалған. Бұл әдіс құмыраның беріктігін арттырып қана қоймай әсемдігін айшықтаған.