«Қор жұмысына риза болдым»
Уақытында қазақтың арда ұлы – Дінмұхамед Қонаевтың жанында он жылдай жүрген генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев Таразда болып, осындағы Д.Қонаев атындағы облыстық қордың ғимаратында зиялы қауыммен кездесті. Бүгінде облыс орталығында волейболдан республикалық жарыс өтіп жатыр. Осы жарысқа «Буравестник» командасын ала келген Аманкелді Смағұлұлының қорға арнайы бас сұғуы да кездейсоқтық емес. Өйткені, ұлт тұлғасының жанында ұзақ жүрген азаматтың айтары да бар.
Көзі қарақты оқырман Амангелді Шабдарбаевпен кездесулерде және «Менің таңдауым» атты кітабымен танысу барысында Дінмұхамед Қонаев туралы көптеген мәліметтер мен деректерге қаныққаны белгілі. Әрине, заман ағымына қарай айтылатын да, үндемей қалатын да дүниелер баршылық.
Басқосуда соңғы жылдары қорда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған қор төрағасы Қибат Асқарбеков көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен оның еңбектерін насихаттауда жаңаша бағытта қарқын алған жаңалықтарын баяндады.
Аменгелді Шабдарбеков әзірге күрделі жұмыстарын жүргізу бойынша қандай шаралар атқарылуы керектігін меценат, белгілі кәсіпкер Әлімбек Жұмабаевқа тапсырды. Сондай-ақ жиында еңбек ардагері Жапарбек Күздеубаев, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы өз ұсыныстарын айтты.
«AULIEATA MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Азамат Есалы аймақтағы бірнеше бұқаралық ақпарат құралдарын біріктіріп отырған медиахолдинг құрамындағы «Aq joi», «Ar-ai» газеттері мен «Tekturmas» журналының соңғы нөмірлерін табыстап, қор жұмысын насихаттап отырған басылымдар туралы айтып өтті.
Ерман ӘБДИЕВ