Әлеумет

Еңбегі елге үлгі

Облысымыздың Жуалы ауданына қарасты Қарасаз ауылында еңбекқорлығымен елге сыйлы азамат бар. Ол – Әмірқұл Махатаев, жеке кәсіпкер, кәсіби фермер. Күннің шыққанынан бастап, қас қарайғанша жердің тілін тауып, малдың жайын жасап, ауылдың ырысын еселеп жүрген жанның бір күні – көпке үлгі боларлықтай. Ол кісінің тынымсыз тіршілігі таңмен таласа басталады.

Сағат 5:30. Қарасаз ауылының таңғы тыныштығын трактордың қозғалтқышы бұзады. Бұл – Әмірқұл ағайдың оянған сәті. Күнделікті әдет бойынша алдымен малды жайғап, жем-шөбін дайындайды. Қорасындағы ірі қара мен қой-ешкіге көз салып, суын жаңартады.

Әмірқұл Махатаев бірнеше жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысып келеді. Жеке кәсібі ресми тіркелген, салықты уақытылы төлеп, мемлекет тарапынан бөлінетін бағдарламаларға қатысып отырады. Еңбегі мен адалдығының арқасында ауылдастары арасында беделді. Қарапайым ауыл фермерінің бір күні – тынымсыз еңбек пен табандылықтың үлгісі.

Мұндай азаматтар – ауыл экономикасының тірегі, елдің наны мен ырысының иесі. Әмірқұл Махатаев сынды еңбеккерлердің арқасында Қарасаз ауылы ғана емес, тұтас Қазақстанның ауыл шаруашылығы өркендеп келеді. Еңбегі – елге, берекесі – жерге жарасқан нағыз еңбек адамы дерсің.

 

Шолпан ТОЛЫНБЕКОВА

№6 А.Пушкин орта мектебінің кәсіптік бағдар беру педагогі.

Қарасаз ауылы, Жуалы ауданы