Мал қорымына қойылатын талаптар
Өңірде қазіргі таңда 44 типтік жобадағы биотермиялық шұңқырлар пайдаланылуда. Оның ішінде Тараз қаласында – 3, Жуалы ауданында – 4, Сарысу ауданында – 3, Талас ауданында – 7, Мойынқұм ауданында – 2, Т.Рысқұлов ауданында – 3, Меркі ауданында – 4, Шу ауданында – 3, Қордай ауданында – 4, Байзақ ауданында – 2, Жамбыл ауданында – 9.
Бүгінгі таңда адам мен жануарларға тән 200-ге жуық ауру түрі бар. Сондықтан, арнайы талаптарға сай жасалған мал өлексесін көметін немесе өртейтін орындар осы індеттердің таралуына тосқауыл бола алады. Мал ауруларының алдын алмайынша адам ағзасын түрлі дерттен сақтау мүмкін емес. Кейбір аурулар бар, олардың қоздырғыштары спора түрінде 100 жылдан артық сақталады. Сондықтан оған бекем болмаса, ол жыл сайын қайталанып отырады. Мал өнімдері тіршіліктің негізгі көзі болып есептеледі. Олай болса, ол қалыпты түрде, ветеринарлық Заңға сай іске асу керек. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді ғой қазақ. Сондықтан аталған ағаттықтар орын алмас үшін осындай мал қорымдарды жасау аса қажет.
Биотермиялық шұңқырлар арнайы жобамен салынады. Ол құрғақ, жерасты сулары тереңде орналасқан және тұрғын үйлерден алшақ жерде салынуы тиіс. Биотермиялық шұңқырларға өлекселерді салғаннаң соң, 20 тәуліктен кейін, терофильді микрофлораның дамуы нәтижесінде ондағы температура 65°C-қа жетіп өлекселер шіріп, күлге айналады. Мал қорымына (биотермиялық шұңқырға) арналған санитариялық-қорғаныш аймағының өлшемі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне және «Өндірістік объектілердің санитариялық-қорғаныш аймағын белгілеу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің санитариялық қағидаларын бекіту туралы 2015 жылғы 20 наурыздағы бұйрығына сәйкес бекітілетін Өндірістік объектілердегі санитарлық-қорғау аумағына белгіленген Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес айқындалады. Мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың аумағында мал қорымы қосалқы құрылыстар құрамына кіреді.
Мал қорымының аумағын биіктігі 2 метрден кем емес, кіру қақпасы бар саңылаусыз дуалмен қоршайды. Дуалдың ішкі жағынан тереңдігі 0,8-1,4 метр және ені 1,5 метрден кем емес белдік құрылғысымен қазып алынған топырақтан ор қазылады.
Мал қорымы салу кезінде жер учаскесінің ортасынан ұзындығы мен ені 3 метр, тереңдігі 10 метр болатын шұңқыр қазады. Шұңқырдың қабырғасын су өтпейтін материалмен қалайды және қорғаныш құрылғысымен жер беті деңгейінен 40 саниметр жоғары шығарады. Шұңқырдың түбін реттеп, бетондайды. Шұңқырдың жабынын екі қабаттан жасайды. Қабат арасына жылу өткізбейтін төсеніш салады.
Жабынның тығыз жабылатын қақпағымен орта жағынан өлшемі 30х30 сантиметрде саңылау қалдырады. Шұңқырдан диаметрі 25 сантиметр және биіктігі 3 метр болатын ауа шығаратын мұржа шығарады. Шұңқырдың үстіне биіктігі 2,5 метр, ұзындығы 6 метр, ені 3 метр болатын қалқа салады. Қасынан жануарлардың өлекселерін союға, дезинфекциялаушы құралдарды арнайы киімдерді және құрал-саймандарды сақтауға арналған үй-жайды жалғастыра салады. Мал өлекселерін уақытша жинау және утильдеу – малдың жұқпалы ауруларын алдын алуда аса маңызды шара болып табылады.
Барлық малдың өлексесі топырақты, суды және ауаны ластайды. Сөйтіп мал мен адамның арасында індет ауруының таралуына себепкер болады. Жұқпалы аурудан өлген мал өлексесі мен ішкі ағзаларында потогенді микроорганизмдер ұзақ уақыт сақталады. Өлексені бірнеше тәсілмен жояды: жергілікті жердің жағдайына және аурудың түріне байланысты мал өлекселерін өртейді, биотермиялық шұңқырда залалсыздандырады немесе ветеринариялық-санитарлық утильдеу заттарында өртейді.
Өлексені көмген дұрыс емес, өйткені өлексе және басқада биологиялық қалдықтар потогенді қоздырушылармен, токсиндермен, радионуклеотидтермен, химиялық және де басқада улы заттармен зақымдануы мүмкін. Сондықтан олар эпизотологиялық және эпидемиологиялық тұрғыдан өте қауіпті болып саналады.
Лесбек ТОЙБЕКОВ
облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының бас маманы.