Құқық

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау – басты назарда

Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті Мемлекет басшысының және қаржылық мониторинг агенттігі басшылығының сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және адал кәсіпкерлердің қылмыстық процеске тартылуына жол бермеу туралы тапсырмалары аясында барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Атап айтқанда, Қаржылық мониторинг агенттігінің нұсқауларына сәйкес, кез келген іс-шаралар бизнес субъектілердің қызметіне араласпай алдын ала талдау жұмыстарының негізінде жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Департаментте қаржы пирамидалары, мемлекеттік сатып алу саладағы жымқыру, бюджетке салық төлеуден жалтару және басқа да қызмет салаларында алдын ала ақпарат жинау және талдау функцияларын орындау мақсатында талдау орталығы құрылған.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті брифингте облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Самат Қойбақов мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған іс-шаралар адал кәсіпкерлерді қылмыстық процеске тартуға мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ адал кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу фактілерін болдырмау мақсатында қылмыстық істер мемлекеттік бюджетке келтірілген залалдың бар екендігін растайтын тексерулер мен сараптамалар болған жағдайда, алдын ала талдау жұмыстарының негізінде ғана қозғалады. С. Қойбақовтың сөзіне сүйенсек, қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес, қылмыстық іс тіркелмей кез келген процестік әрекеттері алынып тасталады.

Барлық процессуалдық іс-әрекеттер қатаң уақыт тәртібімен және тікелей әкімшілік ғимаратта жүргізіліп, процессуалдық әрекеттердің басталу және аяқталу уақыты «келушілерді қабылдау» деп аталатын ақпараттық жүйеде тіркеліп, толтырылады. Адал кәсiпкерлердiң қызметiне әлеуеттi кедергi немесе кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiне зиян келтiретiн, оның ішінде тексерулер, құжаттарды алып қою, мүлiкке билiк етудi шектеулер, кәсiпорын шоттарына тыйым салу және тағы да басқа тергеу әрекеттерiн жүргiзуге жол берiлмейдi.

 

Мақпал САМАТҚЫЗЫ