Тараз қолөнершілері - Түркістан төрінде
Қолөнер – халықтың жаны, ұлттың ұлы мұрасы. Ұрпақтанұрпаққа жалғасып келе жатқан осы өнер түрі халықтың дүниетанымы мен рухани болмысының айнасы іспетті. Сондықтан оған шебердің қолынан шыққан бұйым деп қана емес, ғасырлар қойнауынан сыр шерткен шұрайлы шежіре, тағылымды тарихтың бір парасы деп қарағанымыз жөн.
Осынау ұлттық құндылығымызды заман ағымымен үндестіріп, бүгінгі күнмен қайта қауыштырған қалалардың бірі – Тараз. 2022 жылы екі мың жылдық тарихы бар көне шаһардың дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енуі жоғарыдағы сөзімізді айғақтайды. Әрине, ықылым заманнан бері сауда-саттықтың ордасына айналған, тарихы тереңде жатқан қаланың бұл тізімге енуі – кездейсоқтық емес, керісінше заңдылық.
Осылайша, Тараз бұл мәртебеге ие болған әлемдегі 56-шы, ал еліміздегі алғашқы қала атанған болатын. Ал, өткен жылы қолөнершілер қалаларының қатарында болуға Алматы қаласы лайық деп танылса, күні кеше бұл тізім Түркістан шаһарымен толықты. Соған орай Түркістан төрінде «TURKISTAN WORLD CRAFT FEST-2025» атты халықаралық фестиваль өтті.
Ұлттық құндылықты ұлықтаған айшықты іс-шараға тараздық қолөнершілер де құрметті қонақ ретінде шақыртылып, арнайы делегацияны Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің өзі бастап барды. Халықаралық фестивальге Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Ресей мемлекеттерінен 100-ге жуық қолөнерші келсе, еліміздің әр аймағынан 300-ге таман қолөнер шебері қатысты. Солардың сапында әулиеаталық 30-дан астам шебердің жүннен жасалған бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Маңызы зор іс-шараның шымылдығы Түркістан қаласының рухани-мәдени орталығында орналасқан «Қолөнершілер қалашығының» ашылуымен түрілді.
Салтанатты рәсімде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті айтулы сәтпен құттықтап, алыстан ат арытып келген құрметті қонақтарға алғысын жеткізді. – Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» арнайы Заңға қол қойды. Қабылданған Заңда қолөнер саласындағы шеберлерге мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіліп, жергілікті қолөнершілердің кәсібін дамытуға жол ашылды. Ұлттық дәстүрді қолдау мақсатында «Қолөнер қалашығының» құрылысын жүргіздік.
Бүгін «Turkistan World Craft Fest» халықаралық фестиваліне арнайы жиналған әлем шеберлері ерекше орталықтың жұмысына жаңаша серпін береді деп сенеміз. Биыл Түркістанға «Халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесі берілді. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихи шаһар ежелден қолөнер мен сауда орталығы болған. Қазіргі таңда облысымызда 130-дан астам шебер еңбек етуде.
Кешенде ұлттық қолөнердің сан түрлі бағыттары тоғысып, өңірімізге келетін туристер үшін жаңа мәдени орталыққа айналады. Қалашық тек сауда-саттық орны ғана емес. Бұл – шеберлердің тәжірибе алмасатын, жаңа туындыларын ұсынатын, жастарды өнерге үйрететін үлкен орталық. Ең бастысы, ол халқымыздың тарихын, дәстүрін айқындайтын, мәдениетімізді әлемге танытатын бірегей алаң.
Туристер үшін жергілікті туындылар әрдайым қызығушылық туғызуда. Бүгінгі қуанышты оқиға Түркістанның туристік әлеуетін көтереді. Қолөнершілер қалашығы Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтады, – деді Нұралхан Оралбайұлы. Осы ретте бұл орталық тек Қазақстанның ғана емес, жалпы түркі елдері қолөнершілерінің ошағына айналатынын атап өткен жөн.
Бұл бірегей кешен – ұлттық қолөнерді жаңғырту, туризмді дамыту және шеберлерге қолдау көрсету мақсатында қолға алынған маңызды жоба. Туристік және мәдени бағыттағы орталық 8 негізгі функционалды бөліктен тұрады. 20 шеберхана, көрме залдары, 2 шоурум, мейрамхана, қонақ үй және туристік инфрақұрылымы бар қалашық 2,5 гектар аумақты алып жатыр.
Мұнда шеберлер ұлттық нақыштағы бұйымдарын жасап, көпшілікке ұсынып қана қоймай, тәжірибе алмасады. Нысан құрылысы жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылған. Келесі кезекте «World Craft Council» халықаралық ұйымының құрметті елшісі Азиз Муртазаев сөз сөйлеп, Түркістан қаласының дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгенін растайтын ресми куәлікті табыстады.
Атап өтерлігі, Түркістан бұл тізімге қыштан жасалған бұйымдарымен кіріп отыр. Бұдан кейін Түркістан облысы мен Тараз қаласының әкімдері және өзге де мәртебелі меймандар «Қолөнершілер қалашығындағы» киіз, жүн түту, тоқыма, қыш, ағаш, былғары тері, кілем тоқу және басқұрлар шеберханаларын аралап, халықаралық және отандық қолөнер шеберлерінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар «Шығыс базарында» қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесін тамашалап, шеберлердің жұмысын жоғары бағалады. Орта Азия қолөнер ұйымының президенті, қырғызстандық Эльдар Аттакуровтың айтуынша, Тараз бен Түркістан қалаларының бұл мәртебеге лайық деп танылуы тек Қазақстанның ғана емес, тұтас Түркі елдерінің рухани-мәдени өміріндегі маңызды белес көрінеді.
Тараздағы «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Бексұлтанова да мұндай іс-шаралар қолөнершілердің шеберлігін шыңдап, шығармашылық тұрғыдан одан әрі дамуына жол ашады деп санайды.
Фестиваль әрі қарай «Достық үйінде» өткен «Түркістан қолөнер мұрасы және туризмнің болашағы» атты халықаралық қолөнершілер форумымен жалғасты. Отандық қолөнершілерге шетелдік шеберлермен тәжірбие алмасуға, өнімдерін халықаралық деңгейде насихаттауға және жаңа серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік жасауды мақсат еткен жиында әуелі Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов ізгі тілегін білдірді. Бұдан кейін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков сөз алып, көне шаһардың дүниежүзілік қолөнершілер қаласы атануы саланың өрістеуіне тың серпін бергенін айрықша атап өтті.
Расында, қолөнершілер қаласы атануының арқасында қаламыздың танымалдылығы мен туристік имиджі арта түскені жасырын емес. Қолөнершілеріміздің түрлі елдердегі көрмелері жергілікті және шетелдік шеберлер арасында тәжірибе алмасуға, достық қарым-қатынас пен өзара тиімді әріптестік орнатуға және оны әрі қарай нығайтуға жол ашып отыр.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы Тараз қаласында «Қолөнершілер үйі» өз жұмысын бастады. Мұнда шеберлерге барлық қажетті жағдайлар жасалған. «Қолөнершілер үйі» 200-ге жуық шеберді біріктіріп, олардың кәсібін дамытуға, өнімдерін нарыққа шығаруға және тәжірибе алмасуға зор жағдай туғызып отыр.
Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл бағытта жұмыс істегісі келетін кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, жарқын жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берілуде. Жыл сайын Тараздың дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енгізілуіне орайластырылған қолөнершілер көрмелері өткізіліп тұрады. Айталық, өткен жылдың 27-29 қыркүйегі аралығында ұйымдастырылған «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты III Халықаралық қолөнершілер көрмесі барысында көне шаһарымыз дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің екі жылдық аккредитациясынан сәтті өткен болатын. 2024 жылғы 8 қазанда Мәскеу қаласында өткен «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы» ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық байланыстарды тұрақты түрде қолдау және осы қатынастарды жан-жақты дамыту қажеттігін атап өткен еді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде әртүрлі деңгейлерде өткізілетін жәрмеңке саудасына сұраныстың артып келе жатқанын тілге тиек етіп, «Достастық жәрмеңкесі» мемлекетаралық бағдарламасының бастау алатынын жеткізді.
Бұл бағдарлама шеңберінде жыл сайын бүкіл Еуразиялық өңірдің қолөнершілері мен аграрлық қызметкерлерді шақыра отырып, ТМД елдерінің әртүрлі қалаларында сауда іс-шаралары өткізіледі. Соған орай Қасым-Жомарт Кемелұлы 2026 жылы алғашқы көрмені Тараз қаласында ұйымдастыруды ұсынды. Тараз бір кездері Ұлы Жібек жолының маңызды торабы болғанын және ежелден «Саудагерлер қаласы» деп аталғанын ескерсек, бұл Жамбыл жеріне зор жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Бұл да – Тараз топырағында қолөнердің көкжиегі кеңейіп келе жатқанының айқын көрінісі.
Форум барысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, «World Craft Council» халықаралық ұйымының құрметті елшісі Азиз Муртазаев, Түркия Республикасының Түркістан қаласындағы бас консулы Гуркан Левент және өз еліміздің ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, Дәстүрлі қолөнер және инновация саласындағы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра кафедрасының бас төрағасы, профессор Ченг Пинг қолөнер саласын дамыту бағытындағы ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Сондай-ақ «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымындағы Қазақстан Республикасының өкілі Нышанқұл Қаратаева, Анкара музыка және бейнелеу өнері университетінің профессоры Рухи Конак, Тәжікстан қолөнер шеберлері одағының президенті Абдукаххор Хамдамов, Қолөнершілер палатасының президенті Дәмелі Жанашева, «Turkistan qoloner» қауымдастығының президенті Индира Икапова да маңызды бастамалар көтеріп, орамды ойларын жеткізді.
Үш күнге ұласқан ауқымды фестиваль аясында қолөнер бұйымдарының көрмелері, шеберлік сағаттары, ұлттық киімдер мен бұйымдар жәрмеңкесі, «Fashion» этно сән үлгісінің көрсетілімі мен танымал эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламалары да ұйымдастырылды.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз-Түркістан-Тараз