Арнайы орталық зорлық-зомбылыққа тосқауыл бола ала ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 10 шілде күнгі Ақордада өткен жиында тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайына кеңінен тоқталған болатын. «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін артыруға ерекше назар аудару керек. Статистика көңіл көншітпейді. Соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлықзомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет», – деп атап өткен болатын.
Бұл мәселеге қатысты жұмыстар біздің өңірде ертерек басталып кеткен еді. Облыс әкімінің 2014 жылдың 22 қазанында «Тұрмыстық зорлықзомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» облыстық коммуналдық мемлекеттік мекемесі 25 төсек-орын болып ашылды. Қызмет алушылар санының көптігіне байланысты 2018 жылы 1 қаңтар айынан бастап 27 төсек-орынға кеңейтілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен кәмелетке толмаған балалардың саны жылдан-жылға артуына байланысты 2024 жылдың 6 наурызынан бастап 51 төсек-орынға ұлғайтылды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №263 Бұйрығының 4-қосымшасына сәйкес «Халықты әлеуметтік қорғау саласында уақытша болу жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты» бойынша қызмет алушылар 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен қамтылады.
Атап айтқанда, қызмет алушы әлеуметтік-тұрмыстық,медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық бағыт бойынша қызмет алуға құқылы. Сондай-ақ, осы стандартқа сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына уақытша тәулік бойына (6 ай мерзімге дейін) арналған арнаулы әлеуметтік қызметтері көрсетіледі.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының негізгі міндеті – кешенді қызмет көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдердің жеке басы мәселелерін болдырмау және олардың қоғамға бейімделулеріне жағдай жасау болып табылады. Орталықтың мақсаты – әйелдер арасында тұрмыстық, жыныстық, экономикалық, эмоциялық және тағы басқа зорлық-зомбылықтың немесе зорлық-зомбылық қатерінің салдарынан қиын жағдайға тап болған әйелдер мен олардың балаларына (мамандардың кеңес беруі, уақытша баспанамен қамтамасыз ету 6 айға дейін), оңалтуға және әлеуметтік бейімделуі бойынша көмектесу, қолдау көрсету, оларға құқықтық кеңес беру болып саналады.
Орталықтағы Сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Сенім телефоны арқылы 2025 жылда көмек алғандар саны 83 адамды құрайды. 2014 жылдың қазан айынан бастап 2025 жылдың 22 қыркүйегіне дейін орталыққа 1730 қызмет алушы қабылданды. Оның ішінде 507 әйел, 1223 бала бар. 2023 жылы орталыққа 160 қызмет алушы қабылданса, оның ішінде 42 әйел, 118-і кәмелет жасына толмаған балалар.
2024 жылы орталыққа 181 қызмет алушы қабылданса, оның ішіндегі 71-і әйел, 181-і кәмелет жасына толмаған балалар болды. 2025 жылы орталыққа 249 қызмет алушы қабылданса, оның ішінде 62 әйел, 187 кәмелет жасына толмаған балалар бар. Ағымдағы жылдың ішінде 77 қызмет алушы, оның ішінде 19 әйел, 58 бала отбасына оралды. Яғни, бұл жерде аталған орталықтың 6 ай қамқорлық жасап ғана қоймай, мүмкін болса араздасқан отбасыларды татуластыруға ықпал етіп отырғанын байқауға болады. Бұл құптарлық іс.
Шектен шыққан арсыздыққа жандүниең шымырлайды
Орталық директоры Айдана Биғабылованың айтуынша, е р азаматтардың арсыздығында шек жоқ екен. Адамның ойына да келмейтін, тіпті, айтуға ауыз бармайтын азғындық істер еліміздің бірнеше облысында орын алған. Оған біздің өңірдің де қатысы бар. Өзімен кетсін, туған анасын төсекте зорлаған, биологиялық әкесінің туған қызына жасаған жамандығы туралы естігенде жағамызды ұстадық. Төбе құйқамыз шымырлап кетті.
«Күн сайын зорлық-зомбылықтың сан түрін естиміз. Тіпті бетін әрмен қылсын, бір ауылдық мешітте имам болып істейтін кісі 13 жасар өгей қызын зорлаған. Қазір жазалау орынында, оған қатысты тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Осы жаныңды ауыртар тірліктің барлығы өкінішке қарай қазақ отбасыларында болған. Кеше ғана бабамыз иманды, әжелеріміз қасиетті халық емес пе едік? Нендей күйге түстік? Зорлық көрген әйелдерге арнайы мекеменің ашылуы да қуанатын жағдай емес. Бұл жерде отбасы тәрбиесіне, жас отаулардың тату-тәтті ғұмыр кешулеріне жол ашуымыз керек. Әйтпесе, ертең кеш болуы мүмкін», – дейді Айдана Сатылғанқызы.
Зорлық көрген әйелдермен әңгімелесуге рұқсат сұрадым. Мекеме басшысы сол қызмет алушылардың аты-жөнін, келген ауыл-ауданын жариялауға болмайтынын ескертті. Біз директор айтқан талаппен келісетінімізді айттық. Әйелдердің аты-жөнін өзгертіп, тағдырларын жаза беруге құқымыз бар екен.
Меккеге барып келсе де, әйеліне зәбір берген
Мира Майданованың (аты-жөні өзгертілген) 3 перзенті бар. 8 және 7 жасар балаларын төркініне қалдырып, 11 айлық сәбиімен келіп, аталған орталықты паналап отыр. Өмірлік жарымен орын алған жанжалдың себебі – ішімдік. Ішімдік ішкен күні Мираны көк ала қойдай етіп, сабайды. Айтпақшы, әлгі еркектің бірінші әйелінің балалары Астана және Жезқазған қаласында үлкен қызметте істейді екен. Олар да өгей анасы Мираны сыйлап, жағдайды түсінеді. Әкелері ішіп, отбасын мазалай берген соң, қаржысын тауып, әкелерін Меккеге де жіберген.
Қасиетті сапардан өзгеріп, түзеліп оралады деп ойлаған ғой. Бірақ, қасиетті Мекке сапарының өзі ол кісіге еш әсер етпепті. Тағы айта кетерлігі Мираның күйеуінің қарындасы бірінші әйелінің ағасына үйленген. Сондықтан, олар әлі араласып тұрады.
Біз әңгімелесудің соңында: «Сіздің мұнда жатқаныңызға бір айдан асыпты. Айлар зымырайды. Енді 5 ай мерзімнен соң қайда барасыз?», – деп сұрадық. «Білмеймін, ол жағын әлі ойланған жоқпын», – деп жауап берді келіншек.
Ортақ несиені өзі төлеп жүр...
Сырға Мектепбаева (аты-жөні өзгертілген) колледждердің бірінен «Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі» деген мамандық алған. Ол үшін барлығы да өте жақсы басталып еді. 2016 жылы колледжді бітірген соң қайын жұрты Сырғаға құда түсіп, сырғасын салып, мәпелеп алып кеткен. Ол кезде күйеуі де ең жақсы, ең сүйкімді адам болып көрінген.
Еті тірі пысық жігіт екен. Сол пысықтығынан болар, Сырға күйеуінің өзінен үш жас кіші екенін де ескермепті. Ол кезде Сырға 20 жаста, күйеуі 17 жаста болған. Жас келіншек Сырға мектепке орналасып, оқушыларға ағылшын тілінен сабақ берген. 2017 жылы тұңғышы ұлы өмірге келеді. Барлығы қуанады. Сырға да өте бақытты еді. Мектептегі жұмысына да барып, үй шаруасына да үлгеріп, зыр жүгірді.
2021 жылы екінші ұл баласын өмірге әкеледі. Сол екінші ұл өмірге келген соң бақытты күндерді бұлт басты. Күйеуі өзгере бастайды. Үйге қонбайтынды шығарып, өзінен 8 жас үлкен келіншекпен көңіл қосады. Ақыры басы айналып, сол келіншекті үйіне түсіріп, бірінші әйелінің үстіне «тоқал» етіп алады. Бір айдай екі әйел бір үйде тұрады. Сырғаның шыдамы осыған әрең жетіп, үйден кетіп қалады. Ол кезде бауырында 8 айлық баласы болады. Үшінші бала өмірге келген кез. Сонда үш бала туып берген әп-әдемі келіншегін айдалаға тастап, өзінен 8 жас үлкен сылаңдаған келіншектің соңынан кеткен «жігітке» не деуге болады? Сырғаны ойламаса ойламасын, үш баласын ойласа қайтеді? Бұл не жағдай?
«Екі үлкен балам анамның қолында. Олар жалтақ. Отбасының ұрыс-керісін көріп өскен бала жалтақ болады екен. Кішкентай балам өзіммен бірге. Біздікі де бір өмір. Мынандай орталықта көйлек көк, тамағың тоқ болғанымен, көңіл бір орнында емес. Күйеуім әлгі 8 жас үлкен көңілдесімен Таразда тұрып жатыр екен. Сол әйел біреудің отбасын бұзғанда оңады ма?» деп ашынады Сырға. Сырғаның 8 жас үлкен келіншек туралы айта бергенінен күйеуін одан қызғанатыны байқалады. Кім біледі, сол құрғыр 8 жас үлкен келіншек ортаға түспесе, бұлар ең бақытты отбасы болып, балалар да бақытты отбасында алаңсыз ойнап жүрер ме еді.
Қайын жұрты да жаман адамдар болмағаны ғой. Әйтпесе, құда түсіп, сырға сала ма? Сол нәпсінің соңына түсудің салдары айрандай ұйыған бір отбасын бұзып отыр. Мұндай оқиғадан жас отбасылар сабақ алса дейміз.
Балаларының болашағына сенеді
Әдемі Үмітбекова (аты-жөні өзгертілген) – төрт баланың анасы. Оның да азап шегуінің себебі күйеуінің ішімдікке салынуы мен қызғаншақтығы. 1989 жылы туған күйеуінің ішіп алса, өзін-өзі ұтсай алмай кететін қызба, бұзық, жаман мінезі бар екен. Сондай бір ішкен кезінде өзінің әкесіне пышақ ала жүгіріп, басқа адамдар әрең арашалап алыпты. Әкесіне пышақ көрсетіп жүрген адам әйелін жарылқай ма? Сол күйеуі арақ ішкен күні көшеде ешкім қалмай үйлеріне кетеді екен. Айдаладағы көршілері сондай күй кешкенде сол үйдегі адамдарда қандай үрей болмасын?! Өте қиын жағдай. Ал, ішпесе күйеуі жап-жақсы көрінеді.
Кейіпкеріміз барлық жамандықты ішкіліктің ішілуінен көріп отыр. «Маңдайымызға жазылған жігіт шығар деп шыдап келдім. Төрт балалы болғанша жүре беріппін. Ішіп алса қиын. Көрші келіншектермен де сөйлестірмей, мазаны алады. Үлкен баламды ұрады. Балаларым жалтақ, жасқаншақ. Екі ұл, екі қызым бар. 67 мың теңге жәрдемақы аламын. Екі үлкен баламды «Самұрық» жекеменшік мектебіне бердім. Екеуіне 60 мың теңге жәрдемақымнан төлеп отырмын. Өзім қиналсам да балаларым қиналмай өссін деймін. Бір қызымның астмасы бар. Ал бір қызым дұрыс сөйлей алмайды. Ол 4 жаста. Басында сөйлейтін. Ол да қорқыныш пен үрейден сөйлей алмай, зардап шегіп отыр. Әкем мен анам бақилық болып кеткен. Іздеусұрауы жоқ дегендей, келген отбасым тарапынан да менсінбеушіліктер бар. Басында біз кішкентай лашық бөлмеде тұрдық. Қазір күйеуім, қайын атам бәріміз жабылып, 8-9 бөлмелі үлкен үй салдық. Сол үй үшін 1,5 миллион несие алғанмын. Менің атымда. «Келіннен ұят. Өзіміз төлейік», – деген қайынатаны да көрмедім.
Мен қиналып, қашып жүрсем де несие төлеп жүрмін. Ал, олар жаңа үйде шалқып тұрып жатыр. Осы да әділдік пе? Атам да ішеді, қайынапам есінен ауытқыған. Ол кісінің де жүйкесін қайынатам жұқартқан ғой. Жағдай осындай. Несиені неммен төлеймін? Ауылда жүргенде екі сиыр сауып, құртын сатып төлеуші едім. Түрлі тәтті нандар пісіріп сатып, ақша таптым. Несиені де төлеп тұрдым. Енді сиыр жоқ, сататын нан жоқ. Осы айда анамның алтын сақинасын пұлдап, несие төледім. Сақтап жүрген ең қымбат бұйымым еді. Анамның көзі еді. Ол да кетті. Ағам бар, ол инсульт алды. Ол кісіге салмақ салғым келмейді. Ал, келесі айдың 120 мың теңге несиесін қалай төлеймін? Ол жағы белгісіз. Төлеуім керек бірақ. 800 мың несие қарызым қалды. Соны уақытылы төлеп шығуым қажет. Жұмысқа да шығып жүрмін. Қарап отырмаймын ғой. Кейде мешіт имамдарынан, қайырымдылық қорыларынан көмек сұрағым келеді. Олар қайда? Қалай сұраймын оны да білмеймін? Әлде әншілерден көмек сұраймын ба? Не істерімді білмеймін?», – дейді дал болған жас келіншек.
Ұлыма танымал айтыс ақынының атын қойдым
Өнер Жыңғылбаева (аты-жөні өзгертілген) өмірде біраз тауқымет көрген келіншек. 27 жаста. Анасы ауырып жүрген уақытта абдырап, шырттай киінген әдемі жігітке тұрмысқа шыға салыпты.
ТҮЙІН СӨЗ:
Біздің бір байқағанымыз, арнайы орталыққа тек жанжал іздеп тұратын жаман адамдар түспейді. Мұндай аналарға шынымен қолдау керек. Отбасын сақтап қалуға барынша тырысқан, қазір де балаларын қастарына алып, солардың болашағын ойлап жүрген аналарға не деп кінә артуға болады? Ал, сонда ер азаматтарымыздың жауапкершілігі қайда? Бүгін ішімдікке салынса, есін жиғанда неге отбасын іздемейді? Жолдан қосылған екінші әйелге алданып, балашағасын есіне алмағаны қалай? Анау жасы үлкен қайынатаның жаңа баспанаға кіріп отырып, несие жағдайын біліп отырып тіс жармауы орынды ма? Егер біз тілдескен келіншектердің сөздері рас болса, екінші тараптың жауапкершілікті әбден сезінулері қажет. Әлгі келіншектердің көпшілігі 6 ай мерзім біткен соң қайда барарларын білмейді?
Отбасы құндылығы оңай міндет емес. Көз жұмып қарауға болмайды. Зорлық-зомбылық орталығының ашылуының өзі қазақ халқы үшін ұят. Бұрын «Бас жарылса, бөрік ішінде» дегендей, бәрі сол әулет ақсақалы мен әжесінің ақылымен шешіліп жататын жағдайлар қазір қоғамдық мәселеге айналып кеткен.
«Отан отбасынан басталады». Бүтін әулеттің үлкен ақсақалдары мен әжелері болып отбасы бірлігін ойласа, мұндай келеңсіздіктер орын алған болмас еді.
Есет ДОСАЛЫ