Freedom Bank үздік оқушыға ақша төлейді
Бұрын Жамбыл облысының оқушылары Kundelik.kz сайты арқылы Halyk Банкінен кешбэк алатын. Жаңа оқу жылының басында жаппай облыстың білім алушылары BilimClass платформасына көшкендіктен енді кешбэктерді Freedom Bank төлейді.
Әрбір жақсы баға үшін ата-ана емес, банк ақша береді. Жаңа бастама оқушылармен қатар ата-аналарды да, ұстаздарды да қуантуда. Бұған дейін бірен-саран жекеменшік білім беру орталықтары есепті дұрыс шығарғаны үшін деп оқушыға ақша төлеп бастаған еді. Енді мұндай жоба республика бойынша қолға алынды.
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап BilimClass платформасы мен Freedom Bank бірлескен жобасы іске қосылды. Яғни жоғары баға алған 2-11-сынып оқушыларының карталық шоттарына Freedom Bank бонустары беріледі. Нақтырақ айтсақ, 10 балл = 100 тенге. Жиынтық бағалау мен тоқсандық жылдық бағалау 85 пайыздан жоғары болғанда – 200 теңге. Төрттік немесе жылдық қорытынды бойынша «5» бағасы – 300 теңге. Бонустарды алу үшін оқушының Freedom Bank картасы болуы керек. Сонымен қатар оқушы BilimClass жүйесінде тіркелуі тиіс.
Қазақстандық үздік оқитын оқушылар бестік бағаларын ақшаға айналдырып, тұрмыстық және электрондық техника дүкендерінің бірінен қажетті затын сатып ала алады. Платформаны құрастырушылардың дерегінше, бұл ел оқушыларының қаржы сауаттылығы мен оқу үлгерімін жақсарту мақсатында әзірленген әлеуметтік жоба. Ол арқылы балалардың сабақта алған бестік бағалары бонус ретінде есептеліп, кейін оны BilimClass компаниясының серіктес дүкендерінен зат сатып алғанда қолдануға болады.
Ендеше банктен бонустарды қалай алуға болатынын да айтып өтейік. Ол үшін ата-анаға Freedom Bank картасын ашып, бағаларды жіберуге келісім беру керек. Ал оқушыдан керегі сабақты жақсы оқыса болды, бонустар түседі.
Бұл жайлы мектеп оқушыларынан да сұрап білдік. Олар жаңа бастаманы қолдайтындарын жеткізді.
Білім алушының еңбегін дұрыс бағалау – оқытуда жетістікке жетудің бір факторы. Оқушылар да әр сабақта балл жинап, «қоржындары қомақталған сайын» құлшынып, оқуға деген зейіні жоғарылайды. Жалпы, жақсы нәрсені айту, жаңа бастамаға қолдау білдіру адамды ынталандырады емес пе? Қорыта келгенде, еліміздің ертеңі болар, білімді, білікті, кез келген жағдайда тиімді шешім қабылдап, тығырықтан шыға білетін, өзіне де, өзгеге де әділ баға бере алатын өскелең ұрпақты дұрыс бағалай білейік! Оқушыларымыздың бестігі көп болсын!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА