Картоп теруден алдарына жан салмайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев асыраушы сала саналатын ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіптік кешенін жан-жақты дамыту арқылы халықтың табысын арттыруға айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Бұл бағытта елімізде жүйелі жұмыстар қолға алынып, жүргізіліп келеді. Жуалы ауданының табиғаты ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы өңір болып саналады. Қазіргі таңда аудан көлемінде мал азығын дайындау, сонымен қатар жаздық арпа мен күздік бидай алқаптарының өнімі толықтай орылып, келесі кезекте картоп және бау-бақша дақылдарын жинау жұмыстары басталды
Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі – 216306 гектар, оның ішінде, 95435 гектары егістік, суармалы егістігі – 8460 гектар. Шабындық 2046 гектар, жайылым 109 439 гектар, көпжылдық екпелер 265, басқа да жерлер 2128 гектарға тең. Биылғы жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі барлығы – 54956 гектарға орналастырылып, 102,6 пайыз болды.
Атап айтқанда, жаздық арпа алқабы – 28510 гектарды құраса, майлы дақылдар 17976 гектар, көпжылдық шөп алқабы 4500, картоп 2554, көкөніс 704, дәндік жүгері 150, сүрлемдік жүгері 708, бақша дақылдары 13, мал азығы 30079, егілген күздік бидайдың алқабы 10300 гектарды құрап отыр. Биыл өңірде қуаңшылықтың байқалуына байланысты орақ кезінде жаздық арпаның түсімі әр гектардан орта есеппен небәрі 6,9 центнерді құраса, күздік бидайдан алынған өнім әр гектардан 9,2 центнерден айналып, аталған екі дақылдан жиналған жалпы өнім көлемі 29 мың тоннаға жуықтады.
Қасиетті Жуалы ауданын ақ бидайы жайқалып, төрт түлігі мыңғырған берекелі өңір дейтін болсақ, жері-суы дуалы, ауасы таза өңір картоп дақылын егуге де өте қолайлы саналады. Табиғаттың осынау сыйын жақсы білетін жергілікті шаруалар картоп алқабының көлемін ұлғайтуға бар күш-жігерін жұмсау үстінде. Биыл өңір шаруалары барлығы 2554 гектар алқапқа картоп тұқымын ексе, оның 379 гектары Нұрлыкент ауылдық округіне тиесілі. Картоп – екінші нан. Одақ кезінде дәмі ерекше тіл үйіретін ірімшігі және ақ картобымен аудан даңқының алысқа тарап, өңір еңбеккерлерінің еңбегі еленіп, жоғары бағаланғанын жақсы білеміз. Кейіннен Одақ тарап, ұжымшарлар бөлінгеннен кейін өңірде шағын шаруашылықтар құрыла бастады.
Ауданда Тәуелсіздіктің елеңалаңында құрылып, бүгінде аяққа нық тұрып, кемеліне келген шаруа қожалықтың бірі әрі бірегейі ретінде Түктібай ауылында орналасқан «Злиха» тұқым шаруашылығын атап айтуға болады. Еселі еңбек пен жүйелі жұмыстың нәтижесінде аталған қожалық бірер жыл бұрын «Тұқым шаруашылығы» статусына ие болды. Шаруашылық 2001 жылдан бастап картоп егумен және тұқым шаруашылығымен тұрақты айналысып келеді. Жұмыс барысында кездескен қиындықтарды қажырлы еңбекпен еңсерген шаруашылық биыл «екінші нан» алқабының көлемін 70 гектарға ұлғайтты.
Тұқым шаруашылығы болып танылған шаруашылық көп жылдық тынбай ізденудің нәтижесінде, картоптың голландиялық тұқымын жаңа технологияның негізімен егіп, басқа тұқымдарға қарағанда әлдеқайда мол өнім беретін бірнеше сортты жерсіндіруге күш салып келеді. Көп жылғы ізденіс нәтижесіз болған жоқ. Тұқым шаруашылығы биыл екінші жыл қатарынан егістік алқапқа картоптың «Пикассо» және «Артемис» аталатын элиталы сорттарын егіп, оны тиісті агротехникалық шараларды сақтау арқылы күтіп-баптады. Жиын-терін жұмыстарына үлкен дайындықпен кіріскен шаруашылықта картоп жинау науқаны басталды. Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылының жоғары жағында орналасқан 7 гектар картоп алқабындағы өнім жинау жұмыстарының барысымен таныстық.
Биыл мұндағы алқапқа Нидерланды мемлекетінен жеткізілген «Пикассо» элиталық картоп тұқымы егілген. Алқапта топырақтан жаңа қазылған ірі-ірі картопқа қарап биылғы өнімнің жоғары болатынын оңай бағамдауға болатындай. Шаруашылықтағы дәстүрлі жиын-терін жұмыстарына аудан орталығынан жұмысшылар тартылған. Мұнда шамамен 30-ға жуық терімші әйел қолайлы ауа райын тиімді пайдаланып, дайын өнімді ысырапсыз жинап алуға күш салуда.
«Злиха» шаруа қожалығы «Тұқым шаруашылығы» дәрежесіне ие болып, аудан шаруаларына сапалы картоп тұқымын таратушы оператор ретінде өнімді жұмыс атқаруда. Тұқым шаруашылығының бұл саладағы тәжірибесі жеткілікті. Құрылған күннен бастап тек қана сапалы тұқым егуді дәстүрге айналдырған шаруашылықта алға ілгерілеу анық байқалады. Оны жыл санап артып келе жатқан картоп тұқымының сапасынан болсын, ауыл шаруашылығына арналған техника күшінен немесе жаңа технологияларды енгізу ісінен байқау қиын емес.
Шаруашылық біраз жыл бұрын 1,5 мың тоннаға дейін дайын өнім (картоп) сақтайтын екі бірдей заманауи қойманы жабдықтап, іске қосты. Осының арқасында өнімді сапалы әрі ұзақ сақтауға мүмкіндік туып отыр. Шаруашылық биыл барлығы 70 гектарға картоп тұқымын егіп, күтіп-баптаса, оның 25 гектары ертелеу пісетін «Артемис» тұқымы. Қалған алқаптар «Пикассо» элиталы картоп тұқымына тиесілі.
Биыл Алатаудың етегіндегі «Көксай» каналынан егістік алқаптарға судың түсуі жылдағыдан сәл аздау болғанын айтады шаруашылық мамандары. Ағын судың мол болуы төменде орналасқан Ақтөбе, Қызыларық ауылдық округтері және Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылының шаруаларына егістіктен мол өнім алуға үлкен көмек екені анық.
Айтса айтқандай, теміржолдың үстіңгі бөлігінде қаз-қатар орналасқан егістік алқаптарға ақ егіс пен көпжылдық шөп және картоп егілген. Қазір осы аймақта картоп жинау науқаны қызу жүруде. Науқандық жұмыстарды негізінен шаруашылықтың бас маманы, істің жайын жақсы білетін еңбекқор азаматтар – Данияр Байбатыров және Нұрлан Лес үйлестірсе, тәжірибелі сушылар – Нұрлан Иманбеков, Дастан Оспанов, Бауыржан Мамыр және Ерболат Бегалиев өнімді күтіп-баптау, суғару жұмыстарын атқарды. Картоп өсіру ісінде көп жылдық мол тәжірибесімен ерекшеленетін «Злиха» шаруа қожалығы биыл картоп тұқымын негізінен алдыңғы жылдары жоңышқа егілген тың алқаптарға отырғызғанын айтады. Оның үстіне, картоп алқабына зиянды тыңайтқыштардың берілмеуі де өнімнің экологиялық таза болуының бірден бір кепілі болмақ.
Су үнемдеу технологиялары сақталған егістік алқабы ұлғаюда
Жуалылықтар мал азығын дайындау жұмыстарын ойдағыдай орындады. Оның үстіне ауыл шаруашылығына келіп жатқан жаңа технологияларды игерген шаруалардың көздегені де мол өнім алу. Ауданда алдағы мал қыстату науқанына дайындалатын мал азығы, яғни пішен (сено) – 198 000 тонна, пішендеме (сенаж) – 22000 тонна, сабан – 38000 тонна, ал сүрлем қоры – 25000 тонна болып межеленген болатын. Ағымдағы жылы шабуға белгіленген алқап көлемі – 36688 гектар, оның ішінде, көпжылдық шөп – 32709 гектар, табиғи шөптер – 2971, сүрлемдік жүгері – 300 гектарға тең. Бүгінгі күнге жалпы – 32709 гектар алқаптың шөбі орылып, жиналған пішен – 139210 тонна, сабан – 37 950 тоннаны құрады.
Жер өңдеп, сала жұмысын жеңілдету ісінде ауыл шаруашылығы техникаларының маңызы зор деп айтуға болады. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына қатысатын ауыл шаруашылығы техникалары саны – 730 бірлікті құрады. Оның ішінде, 369 дана доңғалақты трактор, 127 дана соқа, 149 қопсытқыш, 60 дәнсепкіш, 5 дәнулағыш және 20 дана басқа да техникалар бар. Ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңартуға келсек, биылғы жоспар – 104 дана (1 комбайн, 44 трактор, 59 тіркеме). Бүгінгі күнге жалпы сомасы 393,5 мың теңгеге 58 жаңа техника сатып алынды (23 трактор – 275,1 миллион теңге, 35 тіркеме – 118,4 миллион теңге). Орындалуы 5,8 пайыз.
Ауыл шаруашылығындағы жаңа технология жаңашылдыққа бастайды. Мұны біз өңір шаруаларының тәжірибесінен де көріп жүрміз. Бұл мақсатта 2024 жылы аудан шаруашылықтарында су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі – 2380 гектарға жетсе, ал 2025 жылы Қарасаз ауылдық округінде «Нұржан» шаруа қожалығы 10 гектар картоп алқабына тамшылатып суғару, ал «Тұрсынбай» шаруа қожалығы 20 гектар көп жылдық шөп алқабына жаңбырлатып суғару, Нұрлыкент ауылдық округінде «Злиха» шаруашылығы 20 гектар картоп алқабына тамшылатып суғару технологиясын, Қызыларық ауылдық округіне қарасты «Айбек» шаруа қожалығы 50 гектарға, осындағы «Садиров» шаруа қожалығы 40 гектар көпжылдық шөп алқабына жаңбырлатып суғару технологиясын орнатып, жалпы су үнемдеу технологиясы 140 гектарға жетіп отыр.
Ендігі кезекте мал шаруашылығына оралсақ, ауданда 2025 жылғы мал басы саны мүйізді ірі қара – 53062 бас, қой-ешкі – 261361, жылқы – 21720-ы құрап отыр. Ауданда «Ауыл аманаты» жобасының 5-бағытын жүзеге асыру жұмыстары былтыр басталып, биыл да жалғасуда.
Бұған дейін аймақта 575,5 миллион теңгеге барлығы 79 жобаны іске асыру жоспарланып, бүгінгі күнге «Тараз» ӘКК»-ден 51 кәсіпкерге 430,9 миллион теңге несие беріліп, онымен бірге, 27 кәсіпкердің 267,2 миллион теңгені құрайтын құжаты оң қорытынды алды.
Ерман ӘБДИЕВ
Жуалы аудан