Теңге тиыннан құралады
Әркімнің кіріс көзі әртүрлі. Біреу қолынан келген ісімен табыс табуда, енді біреуі тума қабілеті мен машығына байланысты жас кезде бір жолды таңдап, кейінгі өмірін соған арнап жүр. Яғни адам не маман, не менеджер, не кәсіпкер болуы мүмкін. Егер бір істің шебері болса, сол істі әрі қарай індетіп, ең мықты маманға айналғаны жөн. Егер басқаруды ұнатса, қолынан келсе менеджерлікті таңдап, жекеменшік немесе мемлекеттік құрылымға атқарушылық не ұйымдастырушылық жұмысқа тұрғаны жөн. Ал егер ақша табуды, көпке көмектесуді қаласа, тынымсыз еңбек пен жауапкершіліктен қорықпаса, кәсіпкер болуға болады.
Әйел баласы болған соң әдемілікке, жинақылыққа құмармыз. Бірде әлеуметтік желілерден жарқ ете қалған перде жарнамалаушылардың біріне көзім түсті. Ол тараздық ісмер, тігінші Айгүл Байбосынқызының парақшасы еді. Оның барқыттан тігілген пердесі мен түрлі пішінде ойып, тастармен көмкерген ламбрекендері қарамасыңа қоймайды. Адам көркі – шүберек болса, үйдің көркі – терезе пердесі. Айгүлдің перделері жайнап тұр, тіпті көздің жауын алады. Айгүлдің кәсіпкерлік саласына келуі жайдан-жай емес. Ол – ісмер тігінші. Өз әжесінен дарыған бұл қасиет немересіне қоныпты. Қызылды-жасылды матадан көйлек тігіп ойнайтын бала Айгүл бұл күндері дана Айгүл атанған. Ақылына көркі сай келіншек бүгінде төрт адамды жұмыспен қамтып отыр.
Айгүл Есенбаева Тараз қаласында дүниеге келген. Кәсіпкерлікке бала күтіміне байланысты декретте отырғанда кіріпті. Өзінің жасауындағы көрпелерді де тігіпті. Қазақтың қай қызы болса да, ине сабақтап, көрпе көктейді ғой. Десе де Айгүлдің тігіншілікті өзгелерге үйретуінің мәні – біріншіден, жеке брендін дамыту. Екіншіден, өзгелер де тігінді үйренсе, кәсіп қылып, ақша тапса деген ниеті бар. Бес жылдан бері осы кәсіпті жанына серік етіпті. Мобилография саласын да бір кісідей білетін ол Instagram парақшасын да өзі жүргізеді. «shtorytaraza» парақшасы арқылы тапсырыс алып, «Перде тігіп, миллион тап» деп аталатын тегін шеберлік сағатын өтуде.
Бүгінгі кейіпкеріміздің қолға алған кәсібі құптарлық-ақ шаруа. «Талпынған жетер мұратқа» дейді дана қазақ. Таудай талабы арқылы табысқа кенеліп отырған ісмердің ісі көпке үлгі. Білімі мен біліктілігін арттырудан аянбайтын оның алда әлі талай биік белестерді бағындыра беретініне сенеміз.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА.