ЖИ-ді енгізу үшін алдымен интернетті дұрыстау керек
Жақында Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев жасанды интеллектіні денсаулық сақтау саласына енгізудегі бірқатар кедергілерді атап, ондағы күрделі мәселелерді алға тартты.
Депутаттың айтуынша, жасанды интеллект енгізуді мақсат тұтқан денсаулық сақтау саласында қарапайым шешілмеген шаруалар шаш етектен.
Біріншіден, еліміздегі медициналық ұйымдардың бірқатарында қарапайым интернеттің жоқтығына тоқталған депутат қағаз жүзінде ғаламторға қосылды деп сым тартылған елді мекендерде орналасқан емханалардағы интернет табанына тас байлап алғандай алға жылжымайтынын айтты.
Жүйеге құжат жүктеп болғанша оны тиісті жерге апарып, қолмен тапсырғаның тез болатынын жеткізді. Мұндай жағдайды өзіміз де денсаулығымыз сыр бергенде, емханаға барғанда көріп жүрміз. Кейде медицина қызметкерлері «база ашпай тұр, күте тұрыңыз» деп, біраз уақытты күтумен өткізетініміз рас.
Көптеген тұрғындардың денсаулығын қорғауға қызмет ететін медициналық мекемедегі интернет жылдамдығы осындай болса, Тараз қаласының қақ ортасында орналасқан біздің редакцияда секундына 150 мегабит жылдамдықпен жұмыс істейтін интернет кез келген дүниені жүктеп алуға әрең күші жетеді. Осыған қарап, медициналық ұйымдардағы интернет жылдамдығының секундына 50-60 мегабит, ауылдық жерлердегі 10- 40 мегабит/сек. көрсеткіші қаншалықты екенін салыстырып көріңіз.
Медицинаға жасанды интеллектіні енгізуге қолбайлау болатын келе сі кедергіні цифрлық технологиямен еркін жұмыс істей алатын маманның тапшылығы деп көрсетті депутат. Содан соң жасанды интеллектіні медицинаға енгізу үшін орталықтандырылған сапалы мәліметтер базасының қажеттігін, клиникалық емдеу хаттамалары цифрлық форматқа көшірілмегенін де нақты атады. Осы мәселелер бойынша өңіріміздегі медициналық қызметтің жай-күйін дәрігерден сұрадық.
Сауалымызға нақты жауап берген белгілі дәрігер, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Мұрат Бердалиев бұл мәселеде кедергілер кездесетінін жасырмады.
«Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» дейді халық даналығында. Қалай айтсақ та«Президент тапсырды, осылай болу керек» деп құрғақ сөзбен дақпырттай бергеннен гөрі жаңа бастаманы іске асыру үшін нендей кедергі барын ашық айтып, оны шешу жолдарын ізденген жөн сияқты.
Қамар ҚАРАСАЕВА