Қой бақсаң, «Байсары» тұқымын бақ
Біз газетіміздің биылғы жылғы №98 санында «Қойшы болуды қорсынбайтындардың қорасы малға толады» деген тақырыппен өңірімізде соңғы жылдары қарқын ала бастаған асыл тұқымды қой шаруашылығының бүгінгі беталысы турасында сөз қозғаған болатынбыз. Бүгін сол тақырыпты жалғастырмақ ниеттеміз. Оған себеп, өткен сенбіде облыс орталығындағы мал базарда асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын тараздық шаруа қожалық иелерінің ұйымдастыруымен жылдың қорытынды жәрмеңкесінің өткені болды.
«Ұлытауға бардың ба? Ұлар етін жедің бе?» дегендей, Тараздағы мал базарда болған жәрмеңкеге бармағандар көп нәрседен құр қалды. Біріншіден, нардай биік, пілдей ауыр салмақты, динозаврдай ұзын мойынды, бұқадай атан жілікті, бөкендей дөң тұмсықты, тайыншадай қуатты мықты ұрықты, майлы құйрықты қошқарларды көзімен көріп, көзайым бола алмады.
Екіншіден, бағасы 1000 АҚШ долларынан басталып, шарықтау шегі 130 000 АҚШ долларынан асып жығылатын «жұлдызды қошқарлардың» бар екенін естіп, біліп, басы айналмады. Үшіншіден, мал базардағы қора толы аналық бас қойлардың ішінде қозысының өзі дүбәрә қойдан да ірі келетін, ал тоқтысының өзі 10 дүбәрәға бір өзі телінетін асыл тұқымды малды қолымен ұстап, өзін бір сәт болса да Қарабайдай шіріген бай есебінде сезінуден айырды.
Сіздерге өтірік, маған шын. Жәрмеңкеге барғанымда өз басым өзімді «ғажайыптар әлеміне» еніп кеткендей күйде сезіндім. Тіптен айналамдағы базаршыл жұрттың бір-бірлерімен «Мына еркек тоқтың «Атаманның» баласы ма? Әлде, «Булдозердің» баласы ма? Болмаса «Бормандікі» ме? Анау ұрғашы тоқтыларың «Арашанның» тұқымы ма? Әлде, «Гиссардың» тұқымы ма?» деп қауқылдасып жатқандарын естіп, жәрмеңкені «құдалыққа» ұқсаттым.
Қалжыңсыз, мұндағылар «қан тазалығына» (линия) көп көңіл бөлетіндіктеріне көзім жетті. Мысалы, бұлар «Атаман» мен «Атамангүлді» қосып, содан тұқым алар болса, екі асылдың шағылысуынан нағыз «Басбұзар» атты текті қошқар туатынын біледі. Сол үшін де осы салада жүрген шаруаларға осындай «құдалық» іспетті мың жылдық байланысқа бастайтын жәрмеңкелер мен көрмелерді ұйымдастырып тұру, аса маңызды іс екенін аңғардық. Ал ағайын, алдымен сөзімді «сүйінші» сұраудан бастайын.
Сүйінші! Өйткені бұл уақытқа дейін тәжіктердің «Гиссар», сосын қырғыздардың «Арашан» тұқымына телініп жүрген біздің қазақы асыл тұқымды қойымыз бұдан былай «Байсары» деген атпен аталатын болды. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігінен арнайы патент берілді. «Байсары» қойы – аталығы «арашан» қошқары мен аналығы «еділбай» қойдың шағылысуынан туған тұқым.
Мамандардың айтуынша, асыл тұқымды бір мал туылуы үшін кемінде 5-6 жыл уақыт қажет. Бәрі селекциялық жұмыстардың нәтижесіне байланысты болмақ. Осы бағытта 70 жылдан астам уақыт еңбектенген айыр қалпақты ағайын «гиссар» тұқымының аталығы мен қырғыздың жайдары қойының аналығын шағылыстыру арқылы «арашан» қой тұқымын дүниеге әкеліпті.
Қазіргі таңда Түркістан облысында тәжіктердің селекциясынан шыққан қара түсті «гиссар» қойы көп сұранысқа ие болса, ал біздің жақта сарғылт түсті «байсары» қойына сұраныс жоғары. Біздегі малшылар алдағы жылдар ы әртүрлі селекциялық ізденістер жасай отырып, «байсары» қойын таза асылдандырып шығармақшы.
Келешекте асыл тұқымды қойды жас ерекшеліктеріне қарай аталығы мен аналығына бірдей, салмағы, бойы, сырт сұлулығы (экстрер) бойынша сынаққа салып, ішінен мықтыларды анықтайтын үлкен көрме ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Енді жәрмеңкенің ішкі жайын сөз етейік. Мен жәрмеңкеге сенбі күні сағат 8:30-да келдім.
Базардың ішіне кіргенімде, үсті жабулы қораның дәлізінде шүйіркелесіп сөйлесіп тұрған үш адамға кезіктім. Олар – облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов, атаулы басқарманың маманы Айжан Нұрғалиқызы және «Береке» ШҚ-ның жетекшісі Елдар Боранбек екен. Сала басшысының кеңсе деңгейінде келісілген қолдау көрсетуді міндеттейтін келісімін істің нақты басы-қасында танытып жүргендігі көңілге қуаныш ұялатты. Базар ішін аралауға кірістім. Жолай еркек тоқтылардың саудасына 350 000 теңге, ал ұрғашы тоқтыларға 500 000-600 000 теңге сұрап, сауда көрігін қыздырып жатқан бір жігітке тап болдым. Өзін Нұрлан Абдіқұлов деп таныстырған азамат жәрмеңкеге Меркі ауданынан келіпті. Базарға өзі жетекшілік ететін «Дәулет» ШҚ-да бағылған еркек тоқтыларын шығарыпты.
Бұл арадан шыққаннан кейін бүгінгі іс-шараның негізгі үйлестірушілері саналатын тараздық қос азамат, «Ташмет» ШҚ-ның жетекшісі Данияр Ташметов, «Омар» ШҚ-ның жетекшісі Дәурен Көпбосыновты сөзге тарттым.
Одан ары Дәурен мырза сөзін былай жалғады: «Байсары» тұқымының аталық басы қозы кезінде 5000 АҚШ доллары тұратын болса, 7-8 айлық болғанда 10 000 АҚШ долларынан 200 000-300 000 АҚШ долларына дейін барады. Мысалы, Т.Рысқұлов ауданының Жарлысу ауылындағы «Бақтияр» ШҚ-да құны 200 000 АҚШ долларына бағаланған 9 айлық қозы бағылуда. Оны қожалық иесі Қырғызстандағы «Блондин» деген тектен (линия) тарайтын тұқымнан сатып алған. Әлгі қозының аты «Бұлбұл» деп аталады. Ал «Али» ШҚ-ғы «Борман» атты 3 жасар қошқарын 130 000 АҚШ долларына бермей отыр. Алымшылар соның баласы «Докторға» 35 000 АҚШ долларын беруде. Оны да сатпай отыр.
«Байсарының» аналық басы 10 000-150 000 АҚШ долларына дейін бағаланады. Бірақ аталығы қымбат. Өйткені оған сұраныс жоғары. «Аспан» деген қошқары бар Айбек ағамыз (Т.Рысқұлов ауданы) өзі өсірген түлігін 100 000 АҚШ долларының үстінде өткізуде. Соның 3 айлық қозысын Жуалы ауданындағы «Ерасыл» ШҚ 100 000 АҚШ долларына сатып алды.
Бізге Үкіметтен кішкене субсидия бөлінсе, сосын етімізді өткізуге көмек көрсетілсе болғаны. Басқасын өзіміз реттейміз. Жергілікті атқарушы биліктен тиісті қолдаулар көрсетілуде. Базарды тегін пайдалануға беріп отыр. Бүгін сауданың соңында аукцион өткізіліп, қонақтарға ас таратылады. Ұлттық ойындардың ішінде қол күресі мен арқан тарту ойнатылады. Мысалы, соған Азамат деген жігіт жетекшілік ететін «Хан» ШҚ жүлдесіне 200 000 теңге тігіп, демеушілік етуде. Ал Тараз қалалық мал базарының директоры Ануар Жакенов пен атаулы базардың шаруашылық басшысы Ермек Алатаев бізге жеңілдік жасап, сауда орнына жалдық ақы алмай, тегін берді.
Осылардың бәріне облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мен Аса ауылдық округінің әкімшілігі өздері тарапынан ықпал жасап, атсалысты. Біз бүгін осында жиналған 50-ден астам шаруа қожалық иелерінің атынан жоғарыда аттары аталған азаматтарға және мекемелерге ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтамыз. Алла қаласа, бір-екі жылдың аумағында республикалық деңгейде көрме ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Оған ТМД мемлекеттерінен қонақтар келіп қатысады.
Арнайы шақыру билеттерін жібереміз. Кіру тегін болады. Ол жерде асыл тұқымды қойлардың аталығы мен аналығына бірдей, жас ерекшеліктеріне қарай салмағы, бойы, сырт сұлулығы бойынша сынға түсіп, сұрыпталатын, сараланатын болады». Осы арада қасымда тұрған Елдар мырза Дәуреннің сөзіне алып-қосары бар екенін аңғартты.
«Базар барсаң – бағыңнан» деген сөз рас. Тараздағы мал базарда жүріп, өзімнің туып-өскен жерім – Жуалы ауданының Күреңбел ауылынан келген шопанды кезіктірдім. Күреңбелдік «Жанасыл» ШҚ-ның жетекшісі Дархан Стамбеков маған мал қорасында 1000 қойы бар екенін, соның 80 пайызын асыл тұқымды қойға алмастырып жатқандығын айтып, 2016 жылы басталған ата кәсібінің бағытын 2022 жылы асылдандыруға қарай бұрғандығын жеткізді.
2023 жылғы Меркі ауданында өткізілген облыстық көрмеде бір жарым жастағы «Рональдо» атты қошқары бойы жағынан жеңімпаз атанып, чемпион болыпты. Ал биылғы халықаралық көрмеде бір қошқары абсолютті чемпион атаныпты. Кіл чемпион қошқарларды бағып, өсіріп жатқан Данияр мырзаның негізгі мамандығы адам дәрігері. Бірақ соған қарамастан өзі мал шаруашылығының кәсіби маманы, майталманы ретінде танылуда.
Жәрмеңке күні уәде етілгендей аукцион ұйымдастырылды. Онда қордайлық Талант Сейдуалиевтің қошқары 4 300 000 теңгеге сатылды. Жәрмеңке барысында ұлттық ойындарымыз – қол күресі мен арқан тартудан жарыс өткізіліп, қонақтарға арнап дастарқан жайылды.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ