Жаңалықтар

Президент саммитте қандай мәселелер көтерді?

7 қазанда Әзербайжанның Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммиті өтті. Ақорда ұсынған ақпаратқа сәйкес, мемлекеттер басшылары кеңесіне Қазақстан Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев қатысты. «Өңірлік бейбітшілік және қауіпсіздік» тақырыбына арналған отырыстың күн тәртібіне Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде көпжақты ынтымақтастықты (саясаттағы, экономикадағы, гуманитарлық және басқа да салалардағы) одан әрі дамыту мен тереңдетудің өзекті мәселелері енгізіліп, қаралды.

Мақсат – байланыстарды одан әрі тереңдету

Айта кетсек, Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) түркітілдес елдерді біріктіретін халықаралық ұйым болып саналады. Негізгі мақсаты – экономикалық, мәдени және әлеуметтік ынтымақтастықты дамыту, сонымен қатар түркі халықтары арасындағы жан-жақты байланыстарды одан әрі тереңдету. Мәселен Ұйым өткен он алты жылда 40-қа жуық салада ынтымақтастық орнатқан. Ал осы ұйымның саммиті – мемлекеттер басшылары өткен кезеңнің қорытындыларын бағалайтын және келесі жылға мақсаттар қоятын жылдың басты оқиғасы. Еске салсақ, алғашқы саммит 2011 жылдың 20-21 қазанында еліміздің Алматы қаласында өтіп, бірінші кезекте экономикалық ынтымақтастыққа бағытталған болатын.

Осыған дейін Түркі мемлекеттері ұйымының үш саммиті Қазақстанда – екі рет Астанада, бір рет Алматыда өтті. Мәселен Ұйымның мерейтойлық X саммиті 2023 жылғы 3 қарашада Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткені белгілі. Жалпы, Түркі мемлекеттері ұйымы 2009 жылы құрылды және бастапқыда Түркі кеңесі, кейінірек Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі деп аталды.

2021 жылдың қараша айында ұйым атауын өзгертті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан мүше болса, Мажарстан мен Түрікменстан бақылаушы ел ретінде қатысады. Жыл сайын саммит осы Түркі мемлекеттері ұйымына кіретін елдерде кезекпен өтіп келеді. Мысалы, бұған дейін Әзербайжанда ұйым басшыларының отырысы ресми де, бейресми де ұйымдастырылып, міне, Габала қаласы көшбасшыларды екінші мәрте қабылдап отыр.

Сарапшылардың пікірінше, Ұйымда Қазақстан мен Әзербайжан белсенді, соған сәйкес түркі әлеміндегі саяси-қоғамдық өзгерістің көбі осы елдердің алаңында шешілетін үрдіс пайда болды. Олар мұндай өзгерісті қос тараптың ТМҰ мүмкіндігін толық пайдалануға деген ынтасымен байланыстырады.

2009 жылдан бері саммиттерде көтерілген көптеген бастама біртіндеп жүзеге асуда. Мысалы, көліклогистикалық бағытта Орта дәлізді дамытуға басымдық беріліп, кедендік рәсімдерді жеңілдету және электрондық рұқсат жүйесін енгізу қолға алынған. Энергетика, жасыл экономика, мәденигуманитарлық алмасу бағыттарында да нақты жобалар іске асырылып жатыр.

2023 жылы Қазақстан төрағалығы кезінде «TURK TIME!» ұранымен 80-нен астам іс-шара өткізіліп, экономикалық, мәдени және ғылыми салалардағы ынтымақтастық жаңа деңгейге шықты.

Ұйымға қатысушы әр мемлекеттің өзіне тән ерекшелігі бар

Киберқауіпсіздік кеңесін құру, суару жүйелерін цифрландырып, бұл бағытта тың әдістерді кеңейту – Президент Түркі мемлекеттері ұйымының кезекті саммитінде осындай бірқатар маңызды бастамаларды көтерді. Жиында ҚасымЖомарт Тоқаев заманауи қауіптерге қарсы күш біріктірудің маңызын атап өтті. Бұл бастамалар түркі елдерінің технологиялық және цифрлық даму бағытын күшейтіп, ортақ қауіпсіздік кеңістігін қа лыпт астыруға жол ашатындығын жеткізді. Қазақстан Президенті саммитте сөйлеген сөзінде бұл жиынның мәнмаңызы айрықша, күн тәртібі өзекті екенін айтты.

Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік жүйесі күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап өтіп, қақтығыстар мен шиеленістер, геосаяси текетірестер әлемнің кез келген мемлекетіне әсер ететін қауіпті үрдіске айналғанына тоқталды.

Президенттің айтуынша, Түркі мемлекеттері аумағында тұрақтылықты, қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту ісінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің рөлі мен әлеуеті ерекше.

Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген елдердің шекараға бағынбайтын жаңа қатермен бетпе-бет келіп отырғанын алға тартып, Ұйым аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды.

Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастықты тұрақтылық пен өсіпөркендеудің түп негізі ретінде атады.

Президент көлік-логистика саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруді басты міндеттің бірі санайды.

Президент Қазақстан цифрландыру ісіне, соның ішінде жасанды интеллект саласын дамытуға ерекше мән беретінін мәлімдеп, толық цифрлық ел болуды стратегиялық мақсат ретінде айқындағанын жеткізді.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев аталған салалар бойынша Ұйым аясында жүзеге асыруға болатын бірқатар бастамаға тоқталып өтті.

Мемлекет басшысының пікірінше, қазір әлемде аса күрделі мәселеге айналған су тапшылығы таяу арада Орта Азиядағы ең өзекті сын-қатер болуы мүмкін.

Мемлекет басшысы Ұйымға мүше елдер арасында сауда-экономикалық және саяси ықпалдастықпен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыс та нығайып келе жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, биыл Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Соның аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Каспий жағалауында түркі мәдениетінің фестивалі өтті. Осы маңызды іс-шараға 100 мыңнан астам көрермен қатысты. Бұған қоса, биыл Алматы қаласы Түркі әлемі жастарының астанасы атанды.

Президент сөзінің соңында түркі халықтарының тұтастығы мен ынтымағын нығайта түсуге шақырды.

Саммитте сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан Президенттері, Мажарстан Премьер министрі, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Президенті мен Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы сөз сөйледі. Саммит аясында, Әзербайжан астанасы Бакуде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Габала декларациясына қол қойды.

ТМҰ – 40-қа жуық салада ынтымақтастық алаңы

3 қазанда түркі мемлекеттері ынтымақтастық күні мен Нахчыван келісімінің 16 жылдығын атап өтті. Осыған орай Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев ұйымның институционалдық дамуы мен өңірлік ықпалдастықтағы жетістіктерін атап өткен болатын. Бас хатшының айтуынша, соңғы он алты жылдың ішінде Ұйым жан-жақты ынтымақтастықтың кешенді алаңына айналды. Ұйым бастапқыда бірнеше саланы қамтыған болса, қазіргі таңда экономика, көлік, кеден, энергетика, ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет, денсаулық сақтау, жастар және спорт, цифрландыру, инновация, экология және қауіпсіздік секілді 40-қа жуық салада жан-жақты ынтымақтастық орнатылған.

Оның сөзінше, Түркі мемлекеттері ұйымы саяси диалогты тереңдетіп, экономикалық байланыстарды кеңейтіп, мәдени алмасуды арттыру арқылы халықаралық аренада ортақ мүдделерді қорғауда маңызды рөл атқарып келеді. Айта кетсек, 2024 жылғы қараша айында Түркі мемлекеттерінің көшбасшылары «Түркі әлемін нығайту: Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және баршаға қауіпсіздік» ұранымен Бішкекте өткен саммитте маңызды шешімдер қабылдап, ынтымақтастықтың жаңа белесіне қадам басқан болатын.

Салалық кездесулер бұл тенденцияны одан әрі толықтыра түсті. Алғаш рет орталық банктер, қаржы барлау бөлімшелері, қорғаныс өнеркәсібі мекемелері және зияткерлік меншік агенттіктері жеке форматта кездесулер өткізді. Түркі әлемінің Сақтандыру одағының ассамблеясы мен Жасыл қаржы кеңесінің алғашқы отырыстары ұйымдастырылды.

Бұдан тыс Орталық сайлау органдарының консультациялық алаңы құрылды. Дәстүрлі отырыстар жаңа идеялармен толықты. 2025 жылғы маусым айында ТМҰ Ауыл шаруашылығы министрлері бас қосып, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа арналған Бірлескен коммюнике мен Стратегиялық жол картасын қабылдады. Түркі кәсіпкерлерінің агрофорумы өткізіліп, мекеме басшылары, іскер топтары мен инвесторлар жаңа жобаларды пысықтады. Туризм саласында ЖалалАбад Түркі әлемінің туризм орталығы болып жарияланып, қыркүйек айында өңірдің туристік әлеуетін таныстыратын және серіктестікті нығайт атын халықаралық туризм форумы өтті.

Қысқы туризм де жаңа деңгейге көтерілді. Өзбекстанда алғашқы Түркі шаңғы кубогы өтіп, Әзірбайжанның Шахдаг курортында Түркі шаңғы курорттары саммиті ұйымдастырылды. «Бірыңғай шаңғы шаңғы ски-пассы», «Ортақ музей билеті» және «Turk ID» сияқты бастамалар мүше мемлекеттер арасында саяхаттауды бұрынғыдан да жеңіл әрі қолжетімді етуде. Беделді Ұйым Бас хатшысының айтуынша, мемлекеттік басқару және қауіпсіздік салалары да белсенді дамуда.

Жастар және спорт саласындағы ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Шолпон-Атада өткен III Түркі универсиадасына 500-ден астам қатысушы бас қосса, Алматыда «Түркі әлемінің Жастар орталығы» ашылып, Ташкентте III Диаспора жастар форумы өтті. Габалада өткен Спорт еріктілері форумы мен Стамбулда өткен Turkic Red Network еріктілер лагері өңірлік өзара іс-қимылды одан әрі күшейтті.

Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы он алты жылда туыс халықтарды біріктірген бірегей институтқа айналған. 2009 жылы Кеңес ретінде құрылып, 2021 жылы Ұйым мәртебесін иеленген құрылымның өзара ықпалдастығы жыл санап артуда. Қазір бауырлас мемлекеттердің саяси-экономикалық байланысы бекем, мәдени-гуманитарлық қатынасы қарқынды. Дәстүрлі саммитте ортақ мүдде қалыс қалмай, әрбір жұрттың үні айқын естілуі, тең мүмкіндік алуы басты міндетке айналған. Әзербайжанда ұйымдастырылған жиынның да өзегі осы ұстанымнан алшақтаған жоқ. Түркі көшбасшыларының бұл кезекті басқосуы мемлекеттердің саяси-экономикалық келешегіне тікелей әсер етпек. Бұл бір жағынан ТМҰ-ның салмақты альянсқа айналғанын айшықтаса, ендігі кезекте түркі әлемінің бауырластықтың жаңа деңгейіне өткенін көрсетеді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП