Жол жөндейтін мердігерлерді әлі анықтай алмай жүр
Облыс әкімдігінің кезекті аппараттық кеңесінде өңірдегі жол құрылысы жұмыстары мен қысқы кезеңге дайындық барысы қаралды. Жиын алдында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жаңа тағайындалған облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі мен облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтановты таныстырып, сала бойынша атқаратын жұмыстарына сәттілік тіледі.
Алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Жамбыл өңірі транзиттік әлеуеті жоғары өңір болғандықтан автомобиль жолдарының қыс кезеңіне дайындығы – алдын ала пысықтауды қажет ететін маңызды шаруа.
Жиында облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов хабарлама жасады. Оның айтуынша, ағымдағы жылы жол саласына 28 миллиард теңге бөлініпті. Яғни, 184 жобаны іске асыру аясында 17,7 шақырым көше мен 6 көпір құрылысы, 8 шақырым жолдар қайта жаңғыртылып, 440,5 шақырым жолдар орташа жөндеумен қамтылады.
Бұл жобаның 23-і 2024 жылдан өтпелі. Ал қалған 161-і жаңа жобалар, оның 23-і келесі жылға өтпелі.
Баяндамашы бүгінде аудандар мен қала әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, іске асырылып жатқан жобалар ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін аяқталып, пайдалануға берілмей қалу қаупі бар ныс андар жоқ екендігін тілге тиек етті. Әйтсе де, басқармамен жүргізіліп отырған мониторинг бірқатар нысандарда кешігу барын көрсетіп отыр екен.
Тағы бір айт ары, жол жөндеу жұмыстарының сапасы «Жол активтерінің Сапа орталығымен» бірлесіп тексерілуде. Жасалынған шарт – 279 миллион теңге. Бүгінгі күнге 248 инспекциялық шығу өткізіліп, 1079 сынама іріктелді. Оның 222-інде сәйкессіздік анықталып отыр. Бұл – 21 пайыз. Барлық сынақ қорытындылары (хаттамалары) «KazRoadLab» зертханалық мәліметтер базасына орналастырылған.
Бұл ретте, қала және аудандарға кемшіліктерді жою жұмыстарын қарқынды жүргізуді қолға алу қажет. Автожолдарды қысқы күтіп ұстау жұмыстарына дайындық барысына тоқталатын болсақ, тамыз айында жолдарды қысқы кезеңге дайындау бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалуы бақылауға алынды.
Іс-шаралар жоспарымен ағымдағы жылдың 15 қыркүйегіне дейін мердігерлерді анықтау рәсімдерін аяқтау, 25 қазанына дейін қажетті инертті материалдар қорын толық дайындау, жол техникаларының жағдайын тексеріп, қыс мерзіміне әзірлеу, сонымен қатар, өндірістік базалар мен бокстарды жұмыс деңгейіне келтіруді аяқтаумен қоса, 1 қарашаға дейін қысқы уақытша жол белгілерін орнату шараларын жүргізу тапсырылды. Биыл қарашажелтоқсан айларында жергілікті маңызы бар автожолдарды қысқы күтіп ұстауға 385,5 миллион теңге қарастырылған. Бұл жұмыстарға 21 мердігерлік ұйымдарды тартып, 178 бірлік техника жұмылдыру жоспарлануда.
Бүгінгі таңда, қысқы күтіп ұстауға облыс көлемінде жоспардағы 14925 тонна құмның 7075 тоннасы (47 пайыз), жоспардағы 1500 тонна тұздың 860 тоннасы жасақталған (57 пайыз). Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстауға 163,1 миллион теңге қаралды. Бұл жұмыстарға 11 мердігерлік ұйымдармен келісімшарттар жасалған. Қазіргі таңда, инертті материалдардың қоры, яғни жоспарлы 5350 тонна құмның 2400 тоннасы (44 пайыз), 535 тонна тұздың 260 тоннасы дайын (48 пайыз).
Жоспарға сәйкес 25 қазанға дейін тайғақтыққа қарсы материалдар қоры толық жеткізілетін болады. Сондай-ақ қысқы күтіп ұстау жұмыстарына мердігер ұйымдар тарапынан 85 бірлік жол техникалар мен жабдықтар жұмылдырылады.
Жиын қорытындысында облыс әкімі жоғарыда аталған Талас, Жуалы, Т.Рысқұлов, Жамбыл аудандары және Тараз қаласының әкімдеріне мердігерлердің тиісті деңгейде тез арада анықталуын және олардың дайындығын қысқа мерзімде қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.
Ерман ӘБДИЕВ