Жаңалықтар

Адасушы топтың жолы жақсылыққа апармайды

Соңғы жылдары әлем елдерінде деструктивті діни ағымдар белсенді түрде тарала бастады. Ондай жағдай біздің елде де жүріп жатыр. Солардың бірі – псевдосалафизм. Бұл ағым өзін «таза исламды ұстанамыз» деп көрсеткенімен, шын мәнінде дәстүрлі ислам қағидаларына қарсы келетін түсініктерді таратады. Мұндай топтағылардың қауіптілігі де осында жатыр. Осы жағын назарда ұстаған жөн.

Псевдосалафизм өкілдері исламның ғасырлар бойы қалыптасқан мәзһабтық жүйесін жоққа шығарып, халықтың діни тұтастығына нұқсан келтіреді. Олар кез келген мәзһабты мойындамай, қоғамды «саф жолды ұстанушылар» және «адасқандар» деп екіге бөліп, әлеуметтік араздықты қоздыруы мүмкін. Бұл – діннің емес, радикал идеологияның көрінісі.

Аталмыш ағым шариғатты таяз әрі қатаң түсіндіреді. Олар өз бетінше үкім шығарып, діни мәтіндерді контекстен тыс түсіндіру арқылы жастарды және діни сауаты төмен адамдарды оңай ықпалға түсіреді. Соның салдарынан кейбір азаматтар заңсыз әрекеттерге баруы мүмкін. Ал мемлекетімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты басты назарда екені белгілі. Заң – баршаға ортақ. Әйгілі батыр Бауыржан Момышұлының сөздері қандай насихат. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп сол Бәукең батыр бекерге айтқан жоқ.

Псевдосалафизм әсіресе жастардың санасын улап, оларды дәстүрден, атабаба жолынан алыстатуға тырысады. Жастар радикал идеяларды өмірлік ұстанымға айналдырып, ата-анасына, қоғамға, мемлекетке қарсы тұруы мүмкін. Бұл ағымның таралуына интернет пен әлеуметтік желілер үлкен әсер етуде. Жалған шейхтер мен радикалды уағызшылар өз көзқарастарын кеңінен насихаттап, дәстүрлі дінді қаралап, өздерін ғана «ақиқат жолындағылар» деп көрсетеді.

Бұл – көптеген жастардың шетелдегі күмәнді діни оқу орындарына кетуіне де түрткі болып отыр. Сонымен қатар псевдосалафизм өкілдері әйелдердің қоғамдағы рөлін шектеп, оларды оқудан, жұмыс істеуден тыйғысы келеді. Мұндай түсініктер еліміздің гендерлік теңдік пен зайырлы даму қағидаттарына мүлде қайшы келеді. Қазақстан–зайырлы мемлекет. Ислам діні елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арқылы ханафи мәзһабы негізінде дамып келеді. Сондықтан дәстүрлі емес, деструктивті ағымдарға қарсы күрес – тек мемлекеттің емес, әрбір азаматтың , отбасының, ұстаздар мен дін қызметкерлерінің ортақ міндеті болуы тиіс.

Қорытындылай келе, псевдосалафизм – дінді бетперде еткен радикалды идеология. Оның таралуына жол бермеу үшін ағартушылық жұмыс жүргізіп, жастардың діни сауатын арттырып, дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптеуіміз қажет. Ондай шолақ ойлы, елді бұзатын топтарға жол беруге болмайды. Ислам – ізгілік пен жақсылықтың, түсіністіктің, берекенің діні. осынау діннің талаптарында жақсы қасиеттердің баршасы бар. Ол ел бірлігі мен берекесіне, тұтастығына қызмет етеді. Ал адасуш  топтардың жолы ешқашан жақсылыққа апармайды. Осыны естен шығармаған жөн.

 

Ерболат ІЗТІЛЕУ

облысы әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы.