«Берекесін тапса, уақыт бәріне жетеді...»
Тағдырлы балалықты бастан кешіп, кейін де талай тауқыметті қайсарлығымен жеңген күрескер жазушы Шаяхмет Құсайынұлы биыл мерейлі 75 жасқа толып отыр. Осыған орай туған жеріне келген жазушымен жүздесіп, оның қаламына арқау болған өзекті тақырыптар жөнінде әңгімелескен едік. Талас ауданының Аққұм ауылында дүниеге келген Шаяхмет Құсайынұлы жастай ата-анадан жетім қалып, тауқымет тартса да тура жолдан адаспай, білімге құштар болып өсті. Отан алдындағы борышын әскери-теңіз флотында өтеп, жат елде жүріп, су астында шекараны күзеткен. Кейін ішкі істер саласында да қызмет етті, сыни тақырыптарда өткір мақала жазып, журналист те болды. Бақытын тапқан жарынан ажал айырып, төрт баласын жалғыз өзі тәрбиелеп, жеткізген қайсар әке. Осы жасқа дейін жүріп өткен жолы күрделі де болса, өзгеге сабақ боларлықтай өнегелі.
Шаяхмет аға, детектив жанрында жазған туындыларыңызбен таныспыз, әсіресе адамжегіш қылмыскердің қасында отырып, сұхбаттасып, жазғандарыңыз бар. Осы жөнінде толығырақ айтып беріңізші.
– Ұмытпасам, 1989 жылы болуы керек. Өзіміздің Алматыда, Қапшағайда адамжегіштер шыққанын естіп жүрдік. Одан бұрын ондай бәлекетті Африкада, Жапония, Корея мен Қытай елдерінен еститінбіз. Сондайлармен сөйлесіп, неліктен ондайға барғаны туралы жазғым келіп, осы тақырыпты зерттеп жүрген едім. Ұзынағаш ауылынан шыққан, әкесі қазақ, шешесі белорусь жігіт тұтқында жатқан 77-разъездегі түрмеге бардым. Әрине, ондай қатаң тәртіпте жазасын өтеп жатқандарға оңайлықпен жібермейді. Сонда кіру үшін түрме басшысы, майор Иван Павловичке Журналистер одағының мүшесі екенімді растайтын куәлігімді көрсетіп, журналистік зерттеу жүргізуге келгенімді айттым. Бірақ оның қасына бару қауіпті екенін айтып, кіргізе алмайтынын алға тартты. Шүкір, өзімді қорғайтындай жағдайым бар еді. Себебі, бокспен, самбомен шұғылданған спортшымын. Қазақ және орыс тілдерінде газеттерге жазған сыни мақалаларымды айтып, журналистік зерттеу жүргізіп, жазуым үшін адамжегішпен бетпе-бет сұхбаттасуым керегін жеткіздім. Қасына баруым үшін маған да сондай деңгейдегі жазаны қоюын сұрадым. Әлгі тұтқындағы қылмыскер әйел адамның кеуде және сан етін жеумен айыпталса, мен соның қасына отыру үшін әйел, ер деп қарамай, адамның басын жеген деген айыптың жазасын жазғыздым. Сөйтіп, әлгінің камерасына кірдім, бастапқыда қасымда қос күзетші тұрды, бірақ қандай сұрақ қойсам да тұтқын жақ ашпады. Сондықтан күзетшілерге бара беріңдер деп, бізді оңаша қалдыруларын сұрадым. Сөйтіп, әлгіні сөзге тарту үшін өзім қаншама адамның басын жедім деп ойдан оқиға құрап, небір жантүршігерлік әңгімелерді айтып бердім. Өтірікті шындай етіп, тіпті заңның қай бабымен айып тағылғанын айтқанымнан кейін ол да өз хикаяттарын айта бастады. Менен бойы биік, келбетті, шырайлы, кез келген қыз баласы ғашық болатындай көрікті жігіт еді. Өрт сөндіру қызметінде инспектор қызметін атқарған екен. Қызмет барысында бастан кешкен жағдайларын әңгімеледі. Әскери борышын түрменің күзетшілігінде өтепті. Көрікті орыс қызына ғашық болып, екеуі біраз уақыт бірге жүреді. Араларында нендей жағдай болғанын айтпады, әйтеуір қыз мұны тастап кетеді. Соған ерегескен ол қызды өлтіріп, қанын ішіп, етінен қуырдақ жасап жеуге өзіне уәде береді. Міне, оның жан шошырлық әрекетке баруы осыдан басталыпты. Жоспар құрып, ойлағанын іске асырып, қыздың қаңқасын көміп кетеді. Содан соң басынан небір шытырман оқиғаларды өткізеді, Өзбекстанға, Қырғызстанға қашады. Соның бәрін жазған туындым «Ғаламат пен зұлымдық» деген кітабыма жарияланды. Ұмытпасам, «Жолбарыс жүрек» атты кітабымда да болуы керек.
Ауыр қылмыскерлермен бетпе-бет келіп, қатаң тәртіптегі түрмедегілердің тағдырына қалам тербедіңіз. Қазір елімізде, әсіресе облысымызда жасөспірімдер қылмысы алаңдатып отыр, мүмкін сүрініп кетіп, ауыр жаза арқалағандардың тартқан тауқыметі басқаларға сабақ болар. Жастар тәрбиесінде нені ескеру керек деп ойлайсыз?
– Ата-ана мен мектептің арасындағы тығыз байланыстың болмауынан кеткен қателік деп ойлаймын. Қазір елдің бәрі жұмысбасты. Азанда жұмысқа кетіп, кешке үйіне шаршап келетін ата-ана баласына қарауға шамасы келмей, тәрбиені балабақша мен мектепке ысырып қояды. Ал мектеп тек жарты күн ғана баланы ұстайды, онда да мұғалімдер сабағын оқытуға тырысады. Дүниенің ақ-қарасынан бейхабар баламен жанашыр жақыны сырласып, көп сөйлесуі керек. Құр ақыл айта бермей, өзінің іс-әрекетімен үлгі көрсетсе, баланың санасына сіңімді болады. Сабақтан үйге келген бала ата-анасы жұмыста болған уақытта жалғыз өзі не істейді? Қазір интернетте барлық ақпарат қолжетімді, әр нәрсеге қызығатын балалықпен ашық көрсетіліп жатқан ұятсыз, қорқынышты, небір жантүршігерлік көріністерді көріп, ойы бұзылады. Міне осындайдан қазір балалар ештеңеден жиренбейтін, адамдыққа жат әрекеттерге бойы үйренген, бәрін қалыпты жағдай секілді қабылдайтын болып алған. Бір-бірімен ерегесіп қалса, аяусыздыққа баратындары да осыдан. Балаларға қазір ата-аналар обал-сауапты түсіндіруден алыстап барады. Өзім әйелім дүние салғанда төрт баламен қалдым. Күлпара небәрі 38 жасында ауыр сырқаттан көз жұмды. 4 перзентті маған тастап, оралмас сапарға кете барды. Кенжеміз Аяна бар-жоғы екі-ақ жаста еді, балаларымды анасыз бағып-қағып өсірдім. Жұмыс та істедім, үйдегі 4 баламның тәрбиесіне де уақыт таптым. Құдай мен көрген қиындықты ешкімнің басына бермесін! Қазір сол 4 ұрпағымнан 19 немере, 15 шөбере сүйіп отырған бақытты атамын. Жаратқан кейін Нұрғайша есімді адал жанды жолықтырып, қазір ол бар жағдайымды жасап, шығармашылығыма қолдау көрсетіп жүреді. Айтайын дегенім, ата-ана баланы бағу үшін, метериалдық қажеттіліктерін табу үшін жұмыс істесе, оның рухани қажеттілігін де қамтамасыз етуге, жан байлығын арттыруға да уақыт табуы керек. Халық уақытты неліктен «алтын уақыт» дейді, берекесін тапса, уақыт бәріне жетеді.
Қазір әскерде де әлімжеттік бар деп ата-аналар балаларын Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге жіберуге қаймығады. Сіз әскери борышыңызды су астында шекараны күзету қызметінде өтепсіз. Тіпті шетелде өзге этностардың ортасында жалғыз қазақ болыпсыз, өзіңіз бастан өткізген жағдайларыңыз туралы білсек және қазіргі жастарға не айтасыз?
– Мен 1951 жылы туылғанмын. Училищені 17 жасымда бітіріп, туған жылымды 1950 жыл деп көрсетіп, әскер қатарына барғым келген мақсатымды орындадым. Әскерге бірге аттанған жолдастарым 22 жасында үйлеріне оралса, мен 21 жасқа толар-толмаста келдім. Әскер қатарына барғанымда 363 орыстың ішінде жалғыз қазақ болдым, су астында шекараны күзеттік. 1965 жылы әкем дүниеден өткен, анам да жоқ. Іздеуім, сұрауым жоқ. Мысалы, су астында бір жағдай болып өліп кетсем, сұрайтын ешкімім жоқ. Сондықтан, ондай жерге іріктеп жібереді. Әрі спортшы болуы да назарға алынады. Владивостокта Жапон теңізі мен Тынық мұхитының ортасында әскери борышымды өтедім. Сүңгуірмен Тынық мұхитының ең терең жерінде қызмет еттік. Жорыққа бір шыққанда 8 айға кетеміз. Кең далада туыпөскен қазақ баласы үшін су астында айлап жүру, әрине оңайға соқпады. Дегенмен, уақыт өте келе мұхиттың суына да, қысымына да үйрендім. Әкем, анам болмағанымен, балалар үйінде өскен жоқпын. Талас ауданындағы Аққұм ауылында дүниеге келіп, ауылдағы 8 жылдық мектепті бітіргеннен кейін Алматыға кеттім. Бір ауыз орысша білмеймін. Қайда барарымды білмей, «Саяхат» автовокзалын айналып жүретінмін. Бір жақсысы – автовокзалдағы асханадан тамақ ішкен адамдар тауыса алмаған нанын, тамағын үстел үстіне қалдырып кететін. Соларды жеп, өлместің күнін көріп жүрдім. Сондай күндердің бірінде үлкен кісі кездесіп, мән-жайымды естігеннен соң 142-училищеге алып барып, ағаш шебері мамандығына түсірді. Ол жерде қиын отбасылардан шыққан, бұзақы балалар көп екен. Қазақ өте аз. Ондайда ауылдағы балалармен алысыпжұлысып өсіп, шыныққандығым, шымырлығымның көп көмегі тиіп, өзімді қорғай білдім. Әскерге барғанымда да спортқа жақындығыммен көзге түстім. Оған қоса кітапқұмарлығым, ішкі сезімдерімді өлеңдетіп жеткізіп, жазатыныммен де көріне бастадым. Бір күні судың астында жапонның шпионын ұстадық. Қасымда Комаров деген орыс жігіті бар, екеуміз үңгірде отырған жерлерінен ұстадық. Сол сәттегі арпалыста біреуі менің ортаңғы саусағымды кортик қаруымен тіліп жіберді. Сол жарақаттың тыртығы қолымда әлі бар. Теңіздің ащы суы одан сайын дызылдатып барады. Қолына кортикті қысып ұстаған жапонның қаруын жұлып алып, тізесінің ішіндегі үлкен сіңірін қиып жібердім. Қанның иісін сезген жыртқыш балықтар жарақаттанған жапонды он минутқа жеткізбей жалмап тастады. Осыдан соң мен адам қанын көріп, бұрынғыдан да қатал, жігерлі бола бастадым. Ешкімнен тайсалмайтын мінез пайда болды. Ал , екінші жапондықты тұтқындадық. Отанды арам пиғылдылардан қорғағанымыз үшін Комаровқа «Ерлігі үшін» медалін берді, ал мені сол кездегі дүрілдеп тұрған коммунистік партияға қабылдады. Сөйтіп 19 жасымда партия қатарына кірдім. Осындай әрекеттерімнің де көмегі тиіп, әскердегі қызметім өсе бастады. Бір күні жағалауға шығып, бірекі ай сүңгуірді жабдықтап, қайта жорыққа кететін болып дайындалып жатқанбыз. Сүңгуірде қызмет еткеніме екі жарым жылдан асып, әскери қызметке бейімдігім, тапсырылған іске тиянақтылығым байқалған уақыт. Соған қарай 70 адамның командирі мичман болғанмын. Ленинградтағы Жоғары әскери-теңіз училищесіне жібермекші болып, құжаттарым дайындалып жатыр еді. Өзіммен бірге алып барған «Абай жолы» кітабым бар болатын, бос уақытымда оқып жүретінмін. Әдетте жастығымның астында жататын сол кітап жоғалды. Сұрастырсам Баранов деген капитан ескі газеттерді, орыс тілінде жазылмаған менің кітабымды жастық астынан алып, қоқысқа лақтырып өртеп жіберіпті. Жартылай жанған қоқыстағы кітабымды қолыма ұстағанда көңілім босап, булығып жылап келе жатсам, Барановтың өзі бетпе-бет кездесе кетті. Мен сөзге келмей, көзім қанталап, офицерді бас салдым. Өзім тұтығып, ызаланып, ашуланып тұрғанмын, оны қалай ұрғанымды білмеймін. Офицерге қол көтергенім үшін бірден Уссирскі орманының ішіндегі қауіпті қылмыскерлер отырған абақтыға жапты. Бұл жөнінде талай кітаптарыма да, поэмаларыма да жаздым. Қауіпті қылмыскерлермен бір камерада отырудың өзі қандай күрделі екенін білесіздер. Ол жерде талайымен шайқастым, өзім де таяқ жедім, бірақ қайтпас қайсарлығымның арқасында бәрін де жеңіп шықтым. Орыс тілін жақсы меңгергенімнің арқасында олармен тереземді тең ұстадым. Өзімді-өзім күшпен де, жатық сөйлейтін тілмен де қорғай білдім. КСРО қорғаныс министрі Гречкоға хат жазып, қатыгез түрмеден үш айдан соң ақталып шықтым. Коммунистік билет пен бір жылдық партия мектебінің түлегі болғаным ескеріліп және бұл жерде су астындағы ерлік, жапонды қамағаным да ескеріліп, сотталмадым. Бірақ алған марапат, шен-шекпен, бәрі де менен алынып тасталды. Жай қарапайым жауынгерлікке дейін төмендетті. Басымнан өткен бұл жағдайларды не үшін айтып отырмын? Қазіргі балаларыма «Спортпен шұғылдансаңдар, өздеріңді кез келген жерде қорғай аласыңдар әрі денсаулықтарыңды да күте білесіңдер» дегім келеді. Әскерге барғанда, балдырған сарбаздарды шапшаңдыққа, тап болуы мүмкін қауіпті жайттарға дайын болуға үйретеді. Әрине, ол әскери қатал тәртіппен жүзеге асырылады. Әскери қызмет боркемік, былжыр, жуас болмысты көтере алмайды. Сондықтан әскерге барғанда шымыр, шыныққан бала ешқандай қиындық көрмей, сынақтардан сүрінбей өтіп, бұрынғысынан бетер шыныға түседі. Ал Отанды қорғау – әр перзенттің адал парызы.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА