Грант алып кәсіп ашқандардың қатары артуда
ЕЛІМІЗ АШЫҚ БӘСЕКЕЛЕСТІК ОРНЫҚҚАН ЖӘНЕ БӘРІНЕ ТЕҢ МҮМКІНДІК БЕРІЛЕТІН ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУДА. ОСЫ БАСТАМАНЫҢ БІРІ – МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТТАРҒА ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ БЕРІП, ОЛАРДЫҢ ЖЕКЕ КӘСІП БАСТАУЫНА ЖОЛ АШУ.
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Серік Әлібековтың айтуынша, биыл облыс бойынша кәсіпкерлікті дамыту бағытында әлеуметтік осал топтар санатына жататын азаматтар үшін жұмыссыздықты азайтып, жаңа бизнес ашу мақсатында 1008 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткіш немесе 1572800 теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 501 азаматқа грант берілсе, қыркүйек айында олардың қатары тағы 6 адаммен толықты.
Қайтарымсыз грантты қалай алуға болады, ол кімдерге беріледі? Басқарма басшысының сөзінше, әр адам грантты тек бір-ақ рет ала алады және грант қаражатына үміткерлер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек екен. Яғни, мүгедектігі бар, «қандас» мәртебесіне ие адам, өңіраралық қоныс аударушылар, аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы отбасы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушы.
Айрықша атап өтерлік жайт, қайтарымсыз грантқа үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы сертификаты болуы тиіс. Сертификаттың жарамдылық мерзімі алған күннен бастап үш жыл бойы жарамды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ