Хабарландыру

Облыс прокуроры тағайындалды

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Бас прокурордың бұйрығымен Жамбыл облысының прокуроры болып Берік Әбілов тағайындалды. Прокуратура саласында 1993 жылдан бері еңбек ететін Берік Рахатұлы әр жылдары аға тергеуші, тергеу бөлімінің аса маңызды істер бойынша тергеуші, аға прокурор, тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет атқарған.

Сондай-ақ ол әр жылдары Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау департаменті Сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша Сотқа дейінгі іс жүргізудің заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары лауазымдарында тер төкті.

Ал уақыт өте Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары болса, кейіннен Қостанай облысының прокуроры қызметін атқарған. Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 6 мамырдағы №535 Жарлығымен Берік Әбіловқа 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені берілген.