25 туристік жоба қолға алынуда
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында туризм саласының дамуына ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы бұл саладағы бірқатар түйткілді мәселелерді атап, нақты шешімдер ұсынды. Бұл ел игілігіне арналған қызметтердің оң серпін алуына бастамашы болары анық.
Жолдауда айтылған туризм саласындағы негізгі мәселелер мен ұсыныстарға тоқталсақ, Мемлекет басшысы туризм саласында кәсіби кадрлардың жетіспеушілігін және жалпы бәс екеге қабілеттіліктің төмендігін атап өтті. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болу тапсырылды.
Екіншіден ؘ– инвестиция тарту. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы жеке инвестицияларды тарту мәселе сіне де тоқталды. Мәселен, Маңғыстау облысындағы туристік аймақты дамыту үшін кешенді жоспарды шұғыл түрде бітіру қажеттігін атап, облыс әкімдігіне осы салаға жеке инве стиция тарту мәселесін пысықтауды тапсырды.
Үшіншіден – туристік жерлерді ретке келтіру. Президент шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бергенін еске салды. Бұл шаралар туризм саласының сапалы дамуына ықпал ететін болады.
Осылайша биылғы Жолдау туризм саласының дамуына бағытталған нақты қадамдарды айқындап, жергілікті атқарушы органдар мен жеке сектордың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету қажеттігін көрсетті.
Туризм саласына жас мамандарды даярлап жүргендіктен, өз облысымыздың туристік нысандарын дамытуға мүмкіндік бар екендігін де анықтап, зерттеп жүреміз. Жамбыл облысы – Қазақстанның туристік әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі. Онда тарихи-мәдени, экологиялық, экстремалды және медициналық туризм сияқты түрлі бағыттар дамып келеді. Облыс әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлердің бірле скен күш-жігерімен инфрақұрылым жақсарып, жаңа туристік нысандар ашылуда.
Туризм инфрақұрылымын жетілдіру бағыттарына тоқталсақ, облыста жалпы саны 40 туристік нысан бар. Олардың негізінде 10 жаңа туристік маршрут әзірленген. Осы маршруттарға апаратын автомобиль жолдарының ұзындығы 34,3 шақырымды құрайды. Бұл шаралар туристердің қолжетімділігін арттырып, сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Инвестициялық жобалар мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына да туризмнің септігі мол.
Облыста жалпы құны 17,6 миллиард теңгені құрайтын 25 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар туристік инфрақұрылымды дамытуға және жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына ықпал етеді. Өңірде жүзеге асырылған туристік іс-шаралар мен фестивальдерді де айта кеткен жөн.
Облыста «Қызғалдақ – мұра» фестивалі, «Taraz Mob Fest» мобилографтар байқауы, «Dala Fest – 2025» джип туры сияқты ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Мұндай жұмыстар облыстың туристік тартымдылығын арттырып, мәдени мұраны насихаттауға мүмкіндік береді. М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінде тау туризмінің гидтерін даярлау курстары өткізіліп, 36 маман сертификатталды. Бұл шаралар кәсіби мамандардың сапасын арттырып, туристерге жоғары деңгейде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Облыста экотуризм бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Жаңа туристік нысандар – «Алмалы», «Koksai resort», «Зербұлақ» аквапаркі ашылды. Оларға апаратын жолдардың құрылысы басталды. Бұл нысандар табиғатқа жақын демалыс іздеген туристер үшін тартымды болмақ.
Облыстың туристік нысандарын жетілдіру бағытында инфрақұрылымды дамыту, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, кәсіби кадрларды даярлау және экологиялық туризмді дамыту сияқты маңызды шаралар қолға алынуда. Бұл жұмыстар облыстың туристік әлеуетін арттырып, экономиканың өсуіне серпін береді. М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінде 2010 жылдан баст ап «Туризм және сервис» кафедрасында «Туристік бизнес» білім беру бағдарламасын, 2025 жылдан бастап «Туризм саласындағы цифрлық маркетинг» білім беру бағдарламасын, «Мейманхана ісі және мейрамхана бизнесі» білім беру бағдарламалары бойынша бакалаврларды дайындап жатыр.
Түлектеріміз өз облысымызда да, еліміздің басқа өңірлерінде де өз мамандықтары бойынша қызмет атқарып жүр. Мысалы, Ақбота Жұмағазина «KaztravelAlmaty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің туризм менеджері, Венера Алтынбекова «MarVen Tour» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Мадина Ибадильдаева «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында ғылыми қызметкер ретінде еңбек етіп жүр.
Университетіміз облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық дамыту басқармасына қарасты «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталықпен және тағы басқалармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Туризм мен мейманхана ісі және мейрамхана бизнесі саласын дамытуға әрдайым үлесімізді қосуға атсалысып отырамыз.
Оразкүл ДОСЫМОВА
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетіндегі «Туризм және сервис» кафедрасының аға оқытушысы.