Жамбылдағы жылу желілерінің жартысы тозып кеткен
Қазан айының бірінші күні Жамбыл жерінде бірден күн суып, қар жапалақтап, айналаны әжептәуір аппақ қып тастағандықтан жергілікті биліктің жылу беру мәселесінде тез шешім қабылдауына тура келгендей... Осылайша Тараз қаласының аумағында 6-9 қазан аралығында әлеуметтік нысандарға жылу берілсе, 9-15 қазан аралығында көпқабатты тұрғын үйлер жылуға қосылатын болды. Әйтпесе қала билігі жыл сайын жылу беруге 15 қазаннан бастап қамдана бастайтын.
Басшылардың барлығы жылыту маусымына жүз пайыз дайынбыз, қажетті көмір сатып алынды деп есеп беруде. Басқа-басқа жылыту мәселесімен ойнауға болмайтынын бәрі түсінеді. Егер ауыз судың немесе табиғи газдың құбыры жарылса, халықтың өзі қам жасап, жөнделгенше күте тұрады. Ал жылудың құбыры жарылса тұрғын үй де, мектеп те, аурухана да, барлық нысандар бір сәтте қатып қалады.
Бұл дегенің масқара шығын, үлкен айқай-шу. Халық бәріне шыдауы мүмкін. Бірақ қыстыңкүні жылудың жоқтығын кешіре алмайды. Мұны басшылар жақсы түсінеді. Қыстың ортасында жылу жеткізе алмай талай басшы қызметінен кеткен. Жамбыл облысы – тұрғындар саны жағынан өңірлер арасында 5-ші орынға ие. Тек соңғы 10 жыл ішінде өңір халқының саны 1,2 миллион тұрғынға жетіп, өсу қарқыны 10 пайызды құрап отыр.
Алайда Жамбыл облысы аумағында орналасқан қалалар инфрақұрылымының басым көпшілігі өткен ғасырдың 70-80 жылдары салынған. Қазіргі уақытта 500 мыңға жуық халық тұратын Тараз қаласында жылу желілерінің тозу деңгейі 67 пайыздан асыпты. Ал 50 мың тұрғыны бар Шу қаласында тозу деңгейі 54,9 пайызды құрап отыр. Содан болар, бұл қалаларда жылыту маусымы барысында құбырларының жарылу жағдайы жиілеп, өз кезегінде қалыпты жылу беру қызметіне және әлеуметтік нысандарға кедергі болып отыр.
Тағы бір мәселе. Облыс орталығында бой көтеріп жатқан №16 «Шапағат» мөлтек ауданында 351 жеке және 82 көпқабатты тұрғын үй, аурухана, қалалық емхана және орта білім сияқты бірқатар әлеуметтік нысандар құрылысы қарастырылған. Қазіргі таңда 12 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Одан бөлек 6 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізіліп, алдағы жылы 30 тұрғын үй салу жоспарлануда.
Ауқымды жоба – төлемге қабілетті 3 690 отбасыны пәтермен қамтамасыз етіп, тұрғын үй кезегі мәселесін ішінара шешуге мүмкіндік бермек.
Жамбыл облысы – халық саны мен кірістер өсіміне қарамастан, республикалық бюджетке тәуелді дотациялық өңір ретінде қала бермек. Облыс бюджетінің өзіндік кірістері жалпы шығындардың тек 26 пайызын, еңбекақы қорының шамамен 66,3 пайызын ғана қамтиды. Яғни, бұл өңірдегі ауқымды мәселелерді өз деңгейінде шешуге мүмкіндік бермейді.
Сенатор Бекболат Орынбеков осы мәселені көтеріп, Үкімет жетекшісі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында бұл маңызды жобалар бұған дейін республикалық бюджеттен қолда таппағанын айтады. Сондықтан Премьер-министрден өңірдегі энергетикалық және коммуналдық кешенді жаңғыртуға қосатын үлесін және әлеуметтік маңызын ескере отырып, 2026- 2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қаржыланды руды сұрайды.
Шынында бұл өте маңызды мәселе.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында өңірлердегі тозығы жеткен инженерлік желілер деңгейін азайтуға қатысты өзекті мәселелерді шешуді тапсырған болатын. Ал Жамбылдағы тозығы жеткен инфрақұрылым мәселесіне Үкімет назар аудара ма, жоқ па?
Оралхан ДӘУІТ