742 миллиард теңге көлемінде қаржы құйылмақ
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Астана қаласына жұмыс сапары аясында Masdar (БАӘ) компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахимен кездесті.
Басқосуға өңірлік басқармалардың басшылары, аталған компанияның өкілдері, БАӘ Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі және «СамұрықЭнерго» АҚ-ның жетекшілері қатысты. Жиында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы жобасының жүзеге асырылу барысы жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімі өз сөзінде бұл ауқымды жобаның тек өңір үшін ғана емес, тұтас ел үшін стратегиялық маңызы барын атап өтті.
Masdar – әлемдік деңгейде жаңартылатын энергетика саласында жетекші орын алатын компаниялардың бірі. Осы алпауыт компанияның қатысуымен Сарысу және Талас аудандарында салынатын ЖЭС-қа 742 миллиард теңге көлемінде қаржы құйылмақ.
ЖЭС құрылысы 2026 жылы басталып, 2029 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал алғашқы дайындық жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін қолға алынбақ.
Ербол Қарашөкеев жергілікті билік заңнама талаптарына сай жанжақты қолдау көрсетіп, барлық мәселені жедел шешуге толық әзір екенін жеткізді. Сонымен бірге Мұхаммед ӘлРамахиді өңірдің инвестициялық және табиғи мүмкіндіктерімен тереңірек танысуға шақырды.
Өз кезегінде Мұхаммед Әл-Рамахи Қазақстанның, соның ішінде Жамбыл облысының «жасыл» энергетика саласындағы әлеуетін жоғары бағалады.
Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастық аясында жобаны бірлесіп іске асыруға уағдаласты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.