Жаңалықтар

Қазақстанда 1500-ден астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

Премьер-министрдің орынбасары–ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияны тежеу мәселесіне арналған апталық кеңес өтті.

Жиында жыл соңына дейін инфляцияны тұрақтандыру бойынша қабылданатын шаралар қаралды. Жылдық инфляцияның негізгі қозғаушысы – ақылы қызметтер.

Қыркүйекте ақылы қызметтердің өсу қарқыны бәсеңдеп, тамыздағы 1,4 пайызбен салыстырғанда 1 пайызға дейін төмендеген. Өйткені 2025 жылға жоспарланған коммуналдық қызмет тарифтерін түзету шаралары аяқталды. Бұған дейін айтылғандай, қазан айынан бастап коммуналдық қызмет тарифтерін көтеру жоспарда жоқ.

Әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының бағасы да тұрақталуда. Қыркүйектің соңғы аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік индексі өспеді. Қант, тұз, макарон, күріш, сүт және әлеуметтік маңызы бар көкөністердің бағасы арзандады.

Жалпы, қыркүйек айында нан-тоқаш өнімдері мен жармалардың бағасы 0,1 пайызға, ет және ет өнімдері 0,2 пайызға, май мен тоң май 0,2 пайызға, жұмыртқа 3,1 пайызға, жемістер мен көкөністер 1,9 пайызға төмендеді. Қырыққабат бағасының айтарлықтай төмендеуін ерекше атап өтуге болады. Оның бағасы жылдың бірінші жартысында жоғары қарқынмен өскен болатын, ал мамыр айымен салыстырғанда 52 пайызға арзандады. Сондайақ басқа маусымдық көкөністер мен жемістердің бағасы да айтарлықтай түсті.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, барлық өңірлерде отандық өндірушілермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын жыл соңына дейін тұрақтандыру туралы келіссөздер жүргізілді. Қазан мен желтоқсан аралығында демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, ел бойынша аптасына бір рет жалпы саны 1619 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді деп жоспарлануда. Астанадағы ірі сауда желілері Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, сиыр етін өндірушілерден тікелей сатып алуға арналған акцияны сәтті өткізуде. Бұл тәжірибе тиімділігін дәлелдеп, енді өңірлерге кеңінен таратылатын болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өңірлердің басым бөлігі тұрақтандыру қорларына жаңа өнімдерді қабылдау келісімдерін аяқтаған. Жалпы өнім көлемі 245 мың тонна, оның ішінде 146,7 мың тонна картоп, 35,3 мың тонна сәбіз, 27,4 мың тонна пияз және 36 мың тонна қырыққабат бар. Ақтөбе және Ұлытау облыстарында қырыққабат сатып алу 50 пайыздан сәл ғана асқан, бұл жерде кешеуілдеу байқалады. Вице-премьер министрліктен осы өңірлерге жеткізушілерді іздеуге қолдау көрсетуді тапсырды.

 

primeminister.kz