Қазақстан мектептерінде 1000 бейіндік сынып ашылады
2025-2026 оқу жылында еліміздегі орта білім беру ұйымдарында 1000 бейіндік сынып құрылады, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Бұл бастама "Жұмысшы мамандықтары жылы" аясында жүзеге асуда, деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Жаңа сыныптарда 31 мыңнан астам оқушы кәсіби дағдыларға машықтанып, еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарына ерте бейімделу мүмкіндігіне ие болады.
Бейіндік білім беру бағыттары техникалық және инженерлік, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ауыл шаруашылығы және экология, көлік және логистика, қызмет көрсету саласы, шығармашылық пен мәдениет, сондай-ақ медицина және әлеуметтік қызмет көрсету салаларын қамтиды.
Бұл сыныптар 9–11-сынып оқушыларына арналған. Оқыту өңірдегі кадр тапшылығын ескере отырып жүргізіледі. Жобаға жоғары оқу орындары, колледждер мен жұмыс берушілер де тартылады.
Айта кетейік, бейіндік сыныптардың бағытын оқу жылы ішінде екі рет өзгертуге мүмкіндік бар.