Жыршылық дәстүрдің сарқыты
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында фольклортанушы ғалым, этномузыкатанушы, эпик жыршы, филология ғылымдарының кандидаты, өнертану доценті, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Берік Жүсіповпен «Сөз құдіретін ұлықтаған тұлға» атты дидарласу кеші өтті. Іс-шарада автордың «Эпикалық жыршылық: жанды орындау және импровизация» кітабының тұсаукесері жасалды.
Сөздің сардары, филология ғылымдарының кандидаты, өнертану доценті, қасиетті сыр топырағындағы Қорқыт бабадан бастау алып, кейінгі сөз зергерлеріне ұласқан ұлы өнердің аманатын арқалаған белгілі фольклортанушы ғалым, музыкатанушы маман, эпик жыршы, әнші, күйші Берік Мырзалыұлымен өткен жылы жүздесуге жергілікті әдебиеттанушылар мен ақын журналистер, оқырмандар қатысты.
Берік Жүсіптің бұған дейін «Мырзастағы жыр мектебі», «Жиделі Байсын күйлері», «Күретамыр», «Жырдария», «Ойтұмар», «Сүлейлер», «Адырна», «Эпикалық жыршылық дәстүр: репродуктив-туындатпа, креатив-шығармашылық егіз қосарлану мәселесі» атты кітаптары жарық көріп, 300-ге тарта ғылыми танымдық мақалалары жарияланған. Ал «Дарын» мемлекеттік сыйлығының, халықаралық ТҮРІКСОЙ «Мұрагер» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, дәріс концерттерімен Германия, Бельгия, Қытай, Нидерланды корольдігі, Түркия, Америка, Иран, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде қазақ өнерін насихаттап жүрген дидарласу кеш төрінде алғашқы сөзді Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Маралтай Райымбекұлы алып, жырдан шашу шашты.
Бұдан соң Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, филология ғылымдарының докторы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, әдебиеттанушы Сәмен Құлбарақ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, әдебиеттанушы Бақытжан Мақашев жылы лебіздерін жеткізді. Ал кітаптың лентасын Сәмен Құлбарақ және Көсемәлі Сәттібайұлы қиып, жаңа туынды көпшілікке таратылып берілді.
Осындай іс-шараны ұйымдастырған Жамбыл жұртшылығына, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымына алғысын білдірген Берік Жүсіп:
Эпикалық жыршылық дәстүр насихатталған шарада К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері – Айгүл Мақашева К.Әзірбаевтың «Бастау», халық әні «Дүлдүлім», Мерей Абуева халық әндері «Саған халқым», «Угайай» әндерін нақышына келтіре орындап, қошеметке бөленді.
Ерман ӘБДИЕВ