Жүректерге жазу жазған журналист
Әріптес аға Әбділда Сәрсенбіні (ол кезде Сәрсенбиев) алғаш көргенімде мені оның сымдай тартылған сұлу мүсіні, келбетті ажары, әрдайым жанарынан жылу төгіліп тұратын иманжүзділігі, жанының жайсаңдығы, бауырмалдығы, жібектей мінезі тәнті қылған еді. Бізден бес-алты жас үлкендігі бар азамат Талас өңірінің тумасы екен. Аты аймаққа мәлім көкпаршы әкесі Төстікбай Алланың жазуымен бар болғаны 23 жасында, ұлы Әбділданың өмірге келуіне жиырма-ақ күн қалғанда кезекті бір қым-қуыт көкпарда мерт болған көрінеді. Осылайша ол атасы Сәрсенбі мен әжесі Батпаштың бауырында өседі.
Соқтықпалы, соқпақсыз жолдан өтті Атақты көкпаршы Төстікбайдың баласы, атбегі Сәрсенбінің немересі Әбділданың атқұмар, шымыр бала болып өсуі заңды ғой. Қаршадайынан ат жалын тартып мінген қағылез бала көп ұзамай-ақ «шабандоз бала» атанады. Ол тізгіндеген тұлпарлар аламанда әрдайым қара үзіп келетін. Өзінің айтуынша, 17 рет бәйгеге қатысып, ол тізгіндеген тұлпарлар 15-інде мәре сызығын бірінші болып кесіпті.
Осы тұста ғой, ел арасында жас шабандозға мақтау, мадақпен қатар «Әкесі аттан құлап, мерт болып еді, баласы да соның кебін кимесіне кім кепіл! Сәрсенбі немересіне көз тиеді деп қорықпай ма екен?» деген сыпсың сөздердің айтыла бастағаны. Ырымшыл халықпыз ғой, осыдан кейін атасы мен әжесі Әбділданың бәйгеге қатысуына үзілді-кесілді тыйым салған. Мектеп бітірген жастың алдында сан тарау өмір жолы жатады емес пе. Қалағаныңды таңдап, жолға түс. Бірақ жас түлек Әбділдада ондай таңдау болған жоқ.
Мал шаруашылығымен аты одаққа танылған Талас өңірінің бір өзінен бақандай 11 Социалистік Еңбек ері шыққан бұрынғы Амангелді, қазіргі Тамабек ауылында туып өскен, өмірі малмен біте қайнасып кеткен атасы «мал маманы боласың» дегенді кесіп айтты. Бала кезінен жазуға әуестігі бар, мақалалары газет-журналдарда жарияланып, танылып қалған жастың жүрегі қаламды, журналистиканы қалап тұрса да атасының сөзінен аттай алмады. Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсті. Құлық болмаған соң оқу бола ма, бес айдан кейін оқуын тастап, ауылға қайтып келді.
Мамандығы жоқ жасты кім күтіп тұрсын, қолына күрек алып, кеңшардағы құрылыс жұмысына араласты. Жүрегінің түбінде қоздап жатқан журналист болсам деген арманы жетелеп, келесі жылы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне кұжат тапсырған. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Таласта туып-өскен, орысшаға жоқ ауыл баласының бағы жанбады.
Ауылға қайта оралды. Осы тұста мектеп қабырғасында жүргенінде театр үйірмесіне қатысып, ән салып, түрлі сахналық қойылымдарда ойнағанының көмегі тиді. Өнерден кұралақан емес жасты Талас аудандық мәдениет бөлімі аудандық халық театрына «моторист» штатымен жұмысқа қабылдады. Сөйтіп, Әбділданың думанды жаңа өмірі басталған.
Алғашқы сомдаған рөлі жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» спектакліндегі Бекен шалдың бейнесін көрермен жылы қабылдады. Одан кейін «Құдағи келді» спектаклінде, Қапан Сатыбалдиннің «Қызылжардың қорғаны» драмалық туындысында тиесілі рөлдерді ойнап, көрермен ықыласына бөленді. Театр труппасымен бірге гастрольдік сапармен облысты аралады, көршілес Қырғызстанға дейін барып қайтты. Кім біледі, сол бетімен өмірін сахнамен түпкілікті байланыстырғанда Әбділда Сәрсенбі бүгінде сахна саңлақтарының біріне айналар ма еді...
Дегенмен, бұл жолы да атасы қарсы болды, жалғыз немересінің әртіс болғанын қаламады. Ауыл адамдары, әсіресе үлкен кісілер жағы «жын-ойнақ» деп түсінетін әртістік пен жорналшыны ақыл таразысына салған Сәрсенбі қария қаламгерлікке бет бұруына рұқсат етіп, батасын береді. Сөйтіп, 1974 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) журналистика факультетінің студенті атанып, «журналист боламын» деген мақсатына жетеді.
Алайда жүрек қалауы журналистикаға жеткізер жолдағы қиыншылықтар әлі бітпеген екен. Университеттің төртінші курсын бітіріп, облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде өндірістік-тәжірибесін өтеп жүргенінде белгілі бір себептермен оқудан қол үзіп қалады. Бұл жайт оған оңай тиген жоқ. «Бес жыл оқып, диплом ала алмай қалдым-ау» деген өкініш санасын жегідей жеді. Амал жоқ, сол кездегі облыс орталығы Жамбыл қаласындағы «Жамбылстрой» тресінің «Промстрой» деп аталатын үлкен құрылыс басқармасына бетоншы-тас қалаушы болып жұмысқа орналасты. Ауыр жұмысқа көндігу оңай болмады.
Дегенмен, ат құлағында ойнап өскен шымыр да қағылез жігіт көп ұзамай-ақ бұл жұмысқа төселіп қана қоймай, оның маманына айналды. Осы жерде Жүрсін арумен тағдыр табыстырып, шаңырақ көтерді. Бір жылдан кейін шаңырақтарында тұңғыштары Жанерке дүниеге келді. Үш жылға жетер-жетпес уақытта құрылыс басқармасының басшылары қажырлы еңбегін, төккен терін жоғары бағалап, «Жансая» шағын ауданындағы жаңа салынған, көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатынан үш бөлмелі пәтер берді. Қуаныштарында шек жоқ еді.
«Алайда жүрегімнің түкпіріндегі аяқтай алмай кеткен оқуымды бітіріп, дипломды маман атансам, өзім қалаған журналистік кәсіпке ие болсам деген арман ойымнан бір кетпей, алдан қол бұлғап шақырып тұрғандай болды да тұрды», дейді өзі. Табандылығының арқасында бұл арманына да жетті. Араға үш жыл салып барып, үзіліп қалған оқуын тәмамдап, 1983 жылы туған елге кәсіби маман журналист болып оралды. Ол кезде жоғары оқу орнын бітірген жас мамандарды өңірлерге баратын мекеме ұйымының аты, тіптен атқаратын қызмет лауазымына дейін көрсетілген жолдамамен жіберетін-ді. Ал үйлі-жайлы Әбділдаға «қызмет орнын өзің табасың» деп, жолдамасыз еркін диплом берілді.
Бұл жағдайда жас маманға қызмет орнын табу оңай болған жоқ. Облыстық баспа және полиграфия ісі жөніндегі басқармасындағылар Қордай аудандық газеті бас редакторы орынбасарының орны бос тұрғанын айтып, сонда баруды ұсынған. Қалада үйі бар, отбасылы, балалы-шағалы Әбділда одан бас тартты.
Облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің басшысы Жиренше Бодановқа кіріп еді, облыстық «Еңбек туы» газетінің бас редакторы Баттал Жаңабаевпен телефон арқылы сөйлесіп, «әзірше бос орын жоқ екен, хабарласып тұр, інім», – деп жылы шығарып салды.
Ақыры «Еңбек туы» газетінде техникалық редактор болып, жемісті еңбек еткен зейнеткер қайын атасы Сапарқұл Байұзақовтың көмегімен редакцияға үш айға стажер» ретінде қызметке қабылданды. Бас редактордың «Осы мерзім аралығында өзіңнің қаншалықты жазуға бейімің бар, соны бізге көрсетесің», деген талабын ешқашан есінен шығарған жоқ. Сол сенімнің үдесінен шығуға барын салды. Сенім үдесінен шықты да.
Қарымды қалам иесі
Мен «Еңбек туында» журналистік қызметімді бастағанда Әбділда аға газеттің өнеркәсіп, транспорт және кұрылыс бөлімінде тілші екен. Бұл орайда оның облыстық газетте өткізген он жылында табан аудармай осы бөлімде қызмет атқарғанын, алты бөлім меңгерушісімен жұмыс істегенін айта кеткен жөн. Ә, дегенде сұлу мүсіні, келбетті ажарымен тәнті қылған Әбекең жүре келе журналистік шеберлігімен баурап алды. Ол ат құлағында ойнайтын шабандоз, талантты сахна шебері, құрыш қолды құрылысшы ғана емес, қаламы жүйрік журналист те екен. Біз жас тілшілер әсіресе оның лездемелерде мақталып жататын проблемалық, сараптамалық мақалаларын қызыға оқитынбыз. Солай жазуға тырысатынбыз.
1990 жылы 14 маусымда Шығыс Қазақстан облысында күшті жер сілкінісі болғаны белгілі. Дүмпу қуаты Рихтер өлшемі бойынша 7-3 баллға жеткен зілзаладан Шығыс Қазақстан облысының Зайсан, Күршім, Марқакөл, Тарбағатай, Семей облысының Көкпекті аудандары көп зардап шекті. Зілзаладан бір айдан кейін апат аймағына редакция тапсырмасымен Әбділда Сәрсенбиев аттанды. Кез келген тапсырмаға асқан жауапкершілікпен қарауға дағдыланған Әбекең апат аймағын тынымсыз аралайды.
Жергілікті басшылардан жұмыс барысын сұрап біледі. Үш күн ауыл-ауылдарды аралап, жан-жақтан келген құрылысшылардың жағдайымен танысады, атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көреді. Тұрғындардан мұң-мұқтажын сұрайды. Проблемаларды екшеп, түйінді мәселелерді саралайды. Көп ұзамай «Еңбек туы» газетінде оның «Апат аймағында» деген көлемді мақаласы жарқ ете қалды.
Тілші зілзаланың салдары, жергілікті халықтың жай-күйі туралы тәптіштей жаза келіп, еліміздің түкпір түкпірінен келіп жатқан көмек, табиғи апаттың зардаптарын жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған. Жан-жақтан жеткен құрылысшылардың, соның ішінде жамбылдықтардың күрделі жағдайдағы қажырлы еңбегін көрсеткен. Басқа біреу болса, тілшілік міндетімді орындадым, бардым, көрдім, жаздым деп осымен түйіндер еді. Әбекең олай етпеген, сапарының барысында өзі куә болған олқылықтар мен немқұрайлылықтарды жеріне жеткізіп жазған.
Жаңатастағы Қаратау химия құрылысы тресінің басшылары құрылысшыларды құрал-жабдықтарсыз, техникасыз жібергендіктен қол қусырып қарап отырғандарын, осы трестің қарамағына берілген Жамбыл тамақ және жеңіл өнеркәсібі технология институтының студенттеріне құрылыс жұмыстарынан жөнді хабары жоқ механикті учаске бастығы ретінде жібергенін, тіптен бірқатар мекеме, кәсіпорын, аудандардан құрылысшылардың әлі келмегенін де мақаладан білдік.
Тарбағатайлықтардың облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары мен Қаратау химия құрылысы тресінің басқарушысы жер сілкінісі болысымен-ақ келіп, жағдайды көріп, қол ұшын береміз деп уәде еткенімен, еңбек демалысына шығып кеткендерін, орнында қалған азаматтар елдің басына түскен ауыртпалықты көзбен көрмегендіктен жұмысты әлі де дұрыс үйлестіре алмай жатқанын айтып ренжігенін де жасырмапты. Бұндай деңгейдегі басшыны сын тезіне алуға екінің бірінің дәті бара бермейтін.
Бұдан Әбекеңнің мақаланы жазғанда облыс намысын қорғау деген жалған ұстанымды емес, апат аймағындағы елдің жағдайын жақсартуға кедергі болып отырған олқылықтарды тездетіп жою керек деген азаматтық позицияны ұстанғанын аңғаруға болады. Тілші бұл мақсатына жетті де. Мақала жарық көргеннен кейін мәселе облыстық деңгейде қаралып, тиісті шешімдер қабылданғаны, олқылықтар түзетілгені есімізде. Яғни, зілзала зардаптарының толық қалпына келтіріліп, шығыс халқының тез арада еңсесін тіктеуінде жамбылдық журналист Әбділда Сәрсенбиевтің тамшыдай болса да үлесі бар. Өзі өндірісте жұмыс істеп келгендіктен болар, Әбекең үшін өндіріс тақырыбына қалам тарту қиындық туғызбайтын.
Кез келген мақаласын жеріне жеткізіп, жіліктеп жазатын. Бір ғажабы, Әбекең он жыл өнеркәсіп, транспорт және кұрылыс бөлімінде отырғанымен бұл тақырыпқа байланып қалған жоқ. Еңбек, өнер адамдары туралы да, қоғамды алаңдатқан әлеуметтік мәселелерге қатысты да қалам тербеді. Мәселен, «Тасбауырлар» деген мақаласында Жамбыл қалалық қарттар үйінде тұрып жатқан талайлы тағдырлар туралы жазды. Өздерін бағып-қағып, «баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма қадалсын» деп аялап өсірген ата-аналарын қарттар үйіне өткізіп жіберген безбүйректер мәселесін көтерді.
Кейін республикалық «Жас Алаш» газетінде «Балаларым келер ме екен?» деген тақырыппен жарияланған бұл мақала қоғамда үлкен пікір туғызды. Оқып отырған ел артымнан балаларым келіп қалар ма екен деп терезеге телмірген қариямен бірге егілді, ата-ана алдындағы парызын өтеуден қашқандарға лағнет айтты. Көп ұзамай Әбекең қаладағы балалар үйінен «Тоқсан сәби. Тоқсан тағдыр» деген мақаласын жазып, тастанды балалар мәселесін көтеріп, қоғамды тағы да бір сілкінтті.
Қаламы ұшқыр Әбділда Сәрсенбі жалпы журналистік ғұмырында проблема, сараптама, сұхбаттан бастап, очерк, эссе, суреттеме, фельетонға дейінгі әртүрлі жанрдағы 500-ден астам мақала жазыпты. Тағдырдың небір сынағына мойымаған, қасиетті қаламымен қайта қауышқан, қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын өрнектеген әріптесіміз Әбділда Сәрсенбі жетпістің желкенін керіп отыр. Бойында қуат, ойында тың тақырыптар мен жаңа кітаптардың жоспары. Ендеше жанарыңыздың сәулесі сөнбесін, қаламыңыз мұқалмасын, Әбеке!
Қуаныш ИЕМБЕРДИЕВ
Қазақстанның Құрметті журналисі.