Денсаулық

Медициналық қызметтерге бақылау күшейтіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа бақылау жүйесін жасанды интеллект негізінде құруды тапсырды. Бұл мемлекет тарапынан халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады әрі уақытты тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Әсіресе медицина саласының қызметіне жасанды интеллектінің енгізілуі ауруды ертерек анықтап, дұрыс диагноз қойып, ем шараларын уақытылы пайдалануға көмектеседі.

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында денсаулық сақтау саласына, соның ішінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысына ерекше көңіл бөліп келеді. Биылғы Жолдау да осы бағыттағы стратегиялық мақсаттарды нақтылап берді. Атап айтқанда, медициналық көмектің сапасын арттыру және оны тұрғындарға қолжетімді ету үшін жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу міндеттелді.

Бұл бағытта алғашқы нақты қадамдар жасалып та кетті. Облыста медициналық қызметтерге ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде «Мониторинг» модулі енгізіліп, 2025 жылдың 19 мамырынан бастап пилоттық режимде іске қосылған. Ал 1 шілдеден бастап жүйе толық жұмыс істей бастады. Қазіргі таңда қор филиалы облыстағы 109 медициналық ұйыммен шарт жасасқан. Бірыңғай төлем жүйесінің алғашқы кезеңі аясында 20-дан астам автоматтандырылған мониторинг алгоритмі енгізілді.

Бұл жүйе арқылы медициналық ұйымдардың көрсеткен қызметтері заңнама мен стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан автоматты түрде тексеріледі. Кемшіліктер мен сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, жүйе бірден белгі беріп, жедел шара қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл бізге нақты ақауларды уақытылы анықтап, қызмет сапасын бақылауды күшейтуге жол ашады.

Жолдауда айтылғандай, 2025 жылдың соңына дейін жасанды интеллект негізінде толыққанды мониторинг жүйесін құру көзделіп отыр. Мұндай технологиялар тәуекелдерді болжауға, ресурстарды тиімді бөлуге және ең бастысы – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге оң ықпалын тигізеді.

 

Ғайни АЙМАҒАНБЕТОВА

әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры