Денсаулық

Жасөспірімнің жүрегіне күрделі ота жасалды

Тараз қаласында алғаш рет күрделі ота жасалды. Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында жасөспірімнің жүректегі туа біткен ақауын емдеу үшін жасалған ота сәтті өтті. Дүниеге келгелі бері дәрігерлердің бақылауында болған науқас – 16 жастағы бозбала. Оның жүрегіндегі аорталық қақпақ қалыпты үш жармалы емес, екі жармалы болып қалыптасқан. Мұндай жағдайда жүрек қақпағы толық ашылып-жабылмай, қан айналымына кедергі келтіреді. Уақыт өте келе жасөспірімде ентігу мен шаршағыштық байқалып, күнделікті қозғалыс та қиынға соға бастаған. Мамандар жүрекке жасалған арнайы тексеріс кезінде қақпақтан өту кезіндегі қан қысымының айырмасы 100 мм сынап бағанасына жеткенін анықтады. Бұл – қалыптыдан бірнеше есе жоғары көрсеткіш. Бозбаланың өміріне қауіп төніп тұрғанын байқаған дәрігерлер шұғыл түрде ота жасауға шешім қабылдайды.