Денсаулық

Қатерлі ісіктің алғашқы сатысын ЖИ анықтайды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа арнаған Жолдауында әр саланың қызметтік сапасын арттырудың нәтижелілігін айтқан болатын. «Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс» деген еді Мемлекет басшысы өз Жолдауында. Осы бағытта облыстағы медициналық қызметте оң өзгерістер орын алып отыр.

Қауіпті аурулардың бірі саналатын онкологиялық ауруларды анықтау мақсатындағы қызметке жасанды интеллект енгізілді.

Бұл – ТМД елдерінде баламасы жоқ жоба. Облыстың 22 медициналық мекемесі бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйеге біріктіріліп, барлық радиологиялық зерттеулер облыс орталығында орталықтандырылған. Жоба аясында аналогтық рентген аппараттары цифрландырылып, қауіпсіз жоғары жылдамдықты VPN арналары тартылды.

Жергілікті желілер мен серверлер жаңартылып, рентгенолог дәрігерлер кәсіби медициналық мониторлармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар x-Eye Mammo – сүт безі қатерлі ісігін, x-Eye Toraks – өкпе ісігін және X-EYE RIBOUT PNEUMONIA – пневмонияны танитын жасанды интеллект жүйелері орнатылды. Қазіргі уақытта 2264 адам тексеруден өтіп, 84 інде қатерлі ісікке күдік анықталған. Солардың ішінде біреуі расталыпты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, дәрігерлердің кәсіби әлеуетін арттыру үшін оқыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА