Қоғам

Жаңашылдық 6 жарқын болашақтың жетекшісі

Заман ағымына қарай ғылым мен технологияның үздіксіз дамып келе жатқаны көңіл қуантады. Соның бірі – қазіргі таңда жасанды интеллект технологиясы адамдарды қызықтыратын әрі алаңдататын салалардың бірі болып отыр. Жасанды интеллект берілген тапсырманы адамдарға қарағанда жылдам әрі дұрыс орындайды. Ең қорқыныштысы, роботтар жалған жаңалықтарды, жалған электронды пошта тіркемелерін, жалған ақпараттарды жасай алады. Жасанды интеллект дәуірінде біз адамзат өркениетінің түбіне жететін дүниені өз қолымыздан жасап алуымыз бек мүмкін. Алайда жасанды интеллектінің пайдалы тұстары да айтарлықтай көп.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқанындай, соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды өзгерістер жасалды.

Еліміздің саяси жүйесі анағұрлым озық әрі ашық бола түсті. Азаматтарымыздың сана-сезімі, болмысы өзгеріп жатыр. Соның арқасында халқымыздың мемлекеттік институттарға, заңға және әділдік пен тәртіпке деген сенімі нығая түсті. Ел Президенті өз сөзінде алдымызда әлі де ауқымды жұмыстар бар екенін, қоғамды жаңғырту үшін әлі де көп шаруа атқаруымыз керектігін жеткізді. Сонымен қатар жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатқанын айтты.

Сол үшін де, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдап, бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиістігін жеткізді. Одан бөлек жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керектігін тілге тиек етті. Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет екенін, жаңа министрлікті Премьер министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керектігін баса айтты.

Сондай-ақ, ел Президенті Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізіп, Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізу керектігін тапсырды. Осы орайда Президент тапсырмасына сәйкес, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті (ХТУ) студенттердің білім алуына, оқытушылардың біліктілігін арттыруда жасанды интеллектіні оқу процесі мен университет инфрақұрылымына енгізумен ұштастыра отырып, білім беруде цифрландырудың жүйелі үлгісін көрсетіп отыр.

Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу – бұл жай ғана технологиялық тренд емес, ол ұлттық экономиканың болашақ дамуы мен Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын стратегиялық қадам. Бүгінде университеттер цифрлық нарықта сұранысқа ие жаңа құзыреттерді қалыптастыру алаңына айналып отыр.

«AI-Sana»: мемлекеттік деңгейдегі болашақ акселераторы

Студенттердің жасанды интеллект және технологиялық кәсіпкерлік саласындағы құзыреттерін дамытуға бағытталған мемлекеттік деңгейдегі жоба «AI-Sana» инновациялық бағдарламасын іске асыруға ерекше назар аударылады. Бұл бағдарлама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қойған міндеттеріне сәйкес әзірленді, онда жаңа буын мамандарын даярлау қажеттілігі басты назарға алынды.

«AI-Sana» бағдарламасы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен іске асырылады және бірнеше кезеңге бағытталған. Олар, жасанды интеллект бойынша базалық курстар, оқу әдістемелік материалдарды бейімдеу және ұлттық контент әзірлеу, бағдарламалау мен ЖИ кәсіпкерлігінің негіздерін оқыту, стартаптарды әзірлеу және бизнеске бағдарлау және жобаларды халықаралық деңгейде ауқымдандыру.

Осы жылдың ақпан айынан бастап ХТУ студенттері «Жасанды интеллект негіздері: «ChatGPT» және «Promt инженерия» курстарынан өтті. Қазірдің өзінде қатысушылардың 55 пайыздан астамы курстарын аяқтап, халықаралық сертификаттарға ие болды.

Әлемдік деңгейдегі курстар және алғашқы жетістіктер

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен университетке «Coursera» платформасында оқытуға лицензиялар берілді. Нәтижесінде, 189 оқытушы мен 2000-нан астам студент әлемдік деңгейдегі онлайн курстарды игерді.

Сонымен қатар студенттер арасында қызығушылық, киберқауіпсіздік, генеративті жасанды интеллект, қоғамдық коммуникациялар, деректерді талдау, кәсіпкерлік және ағылшын тілі сияқты курстарға бағытталды.

Студенттер арасындағы көшбасшылар

Студентіміз Илья Кравченко киберқауіпсіздік бойынша толық курстарды аяқтап, Ұлттық олимпиадада бірінші орынды иеленсе, Анель Искакова халықаралық курстарды сәтті тәмамдап, IELTS емтиханынан 6.5 балл жинады. Ал Алиасқар Мұхаммед, Заир Розиев генеративті ЖИ саласындағы білімдерін дәлелдеп, Ұлттық олимпиаданың жүлдегерлері атанды.

Одан бөлек, белсенділікті арттыру мақсатында «Coursera бағдарламасымен үздік оқу» байқауы жарияланып, оның қорытындысы келер жылдың қаңтар айында шығарылады. Оқытушылардың біліктілігін арттыру – табыс кепілі дейтін болсақ, білім беру сапасы оқытушылардың кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Сондықтан университет профессорлық оқытушылық құрамы Astana Hub базасында арнайы курстардан өтті.

Бұл тәжірибе оқытушыларға заманауи технологияларды оқу процесіне енгізіп, студенттермен бөлісуге мүмкіндік береді.

Жаңа пәндер және білім беру бағдарламалары

Бакалавриаттың оқу жоспарларына «Ғылыми зерттеулер әдістері және ЖИ» пәні енгізілді. Ал магистратурада «ЖИ қолдану арқылы ғылыми зерттеулердің әдістемесі мен әдістері» және «ЖИ қолдану арқылы құқықтық ғылыми зерттеулердің әдістемесі мен әдістері» (құқық) курстары оқытыла бастады. Бұл пәнаралық тәсілді қамтамасыз етеді және студенттерге этикалық аспектілерді ескере отырып, ЖИ-ді қолдануға толыққанды мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект негіздерін болашақ IТ-мамандары ғана емес, басқа мамандықтардың өкілдері де зерттейтініне ерекше назар аударамыз. Ол үшін оқу жоспарларына білім беру бағдарламаларының бейіндік пәндері енгізілген, онда студенттер өздерінің болашақ мамандықтары контекстінде ЖИ туралы білім алады.

Жасанды интеллект оқу процесінде

Қазіргі таңда ЖИ элементтері іс жүзінде барлық пәндерде қолданылады. Атап айтар болсақ, «IT және инженерия – желілерді оңтайландыру, инфрақұрылымды басқару, жүйелерді модельдеу», «киберқауіпсіздік – қауіп қатерлерді болжау және трафикті талдау», «Білім беру – чат-боттар мен генеративті үлгілерді жеке оқытуда пайдалану», «Мультимедиа – нейрожелілер арқылы сурет, музыка және бейне жасау», «Big Data – TensorFlow және PyTorch платформаларында үлкен деректерді өңдеу». Студенттер Python, Google Colab, Jupyter Notebooks құралдарын белсенді меңгеріп, чат-боттар мен ұсыныс жүйелерін жасап, нақты деректерді талдауда.

Университет – «ақылды кеңістік» Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырмасы аясында ХТУ-да студенттер мен қызметкерлердің өмірін жеңілдететін ЖИ-агенттер әзірленуде. Олар, қабылдау комиссиясы – құжат тапсыруды автоматтандыру, эдвайзер – оқу траекторияларын таңдауға көмек, кітапхана – жылдам іздеуге арналған сандық ассистент, кампус бойынша навигатор және жатақханаға өтінімдерді онлайн қабылдау жүйесі. Бұл жобалар университетті «ақылды кампусқа» айналдырып, қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етіп отыр.

ХТУ тәжірибесі әлемдік үрдісті айқын көрсетеді: жасанды интеллект білім беру жүйесіне барған сайын терең еніп келеді. Қазақстан үшін бұл тек уақыт талабына сай қадам емес, стратегиялық қажеттілік. ЖИ білім беруде – цифрлық экономика үшін кадрлар даярлайды, технологияларды этикалық қолдану мәдениетін қалыптастырады және елдің ғылыми және инновациялық әлеуетін дамытады.

Халықаралық Тараз университеті Қазақстанның әлемдік тәжірибеге бейімделіп қана қоймай, жасанды интеллектке негізделген өзіндік білім беру модельдерін қалыптастыра алатынын дәлелдеп отыр. ЖИ-ді оқу процесіне енгізу студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Бұл тек білім сапасын арттыру ғана емес, сонымен қатар университеттің жаңа экожүйесін – цифрлық, ақылды әрі болашаққа бағдарланған ортаны құру. Жоғары оқу орны тәжірибесінің айқын бір дәлелі: жасанды интеллект – қазақстандық жастардың жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына және еліміздің болашағын бүгіннен бастап бірге құруына мүмкіндік беретін негізгі тетігі.

 

Ақмарал КАДЫРОВА

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің академиялық жұмыстар жөніндегі проректор, э.ғ.к., қауымдастырылған профессор.