Еңбек күні – мерекелердің мәртебелісі
Елімізде 2014 жылдан бастап қыркүйектің әр соңғы жексенбісінде «Еңбек күні» аталып өтіледі. Бұл өзінің адал еңбегімен егемен еліміздің негізін қалаған, сондай-ақ «Жалпыға ортақ еңбек қоғамын» дамытуға үлес қосқан еңбекқор жандарға алғыс білдіруге арналған мереке. Еңбек күні әлемнің 100-ден астам елінде атап өтіледі, ал кейбір елдерде ол мемлекеттік мереке мәртебесіне ие. Биылғы жылды Президент Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы мемлекеттің көркеюіне үлес қосып жүрген барша еңбек адамдарына деген үлкен құрмет.
Мереке аясында еңбек адамы мәртебесін арттыру, жастарымыздың бойында еңбекке құрметпен қарауды орнықтыру, еңбек дәстүрлерін сақтау, тәрбиелеу және кәсіпорындар мен ұйымдарда жаңа еңбек әлеуетін дамыту үшін еңбек адамдары туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында әртүрлі іс-шаралар өткізілді. Соның қорытындысы есебінде 30 қыркүйекте Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінің мәжіліс залында, ел дамуының алтын арқауы болған «Еңбек күні» мерекесіне арналған салтанатты жиын болып өтті.
Оған Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қала әкімдігінің бөлім басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері, зиялы қауым және ардагерлер, сондай ақ жастар қатысты. Қалалық мәдениет үйінің алдында шатыр құрылып, жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды. Мерекелік салтанатты жиында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков құттықтау сөз сөйледі.
Шара барысында еңбекте озат атанған сала майталмандары марапатталды. Оларға тиісті марапаттарын Бақытжан Әмірбекұлы өз қолымен табыс етті. Сондай шаһар басшысының қолынан марапат алғандардың ішінде «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған «Тараз қант зауыты» ЖШС нің бас механигі Ербол Сегізбаев, «NUR-АI» ЖШС директорының орынбасары, бас инженер Бахытжан Жұрымбаев, Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған «Хлебный дар» наубайханасы ЖШС нің бас технологы Лариса Кушталова, «NURI» бау бақша орталығының агрономы Сурия Бешли Оглы, Тараз қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған «Алель Агро» акционерлік қоғамының Жамбыл филиалының директоры Берік Садулов, «Сары бас» ұйым басшысы, жеке кәсіпкер Берік Сабденалиев, «Ақ аю» қағаз өндіру цехының басшысы Нағима Нұрсейітова, «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС» АҚ бесінші разрядты электромонтері Айберген Жұмабеков болды.
Жиын соңы қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты.
Aq jol-Aqparat