Мал дәрігерінің жағдайы мәз емес
Мал дәрігері мамандарының телефондарына азанды-кеш тыныштық жоқ. Бірі сиырының іші кеуіп шақырса, енді бірі малының шөп жемей ауырып тұрғанын айтып мазалайды. Кейде аптаның сенбі-жексенбісіне де қарамайды. Екпенің уақыты келгенде де тізеден қи кешіп, қорадан шықпайтын да осы мал дәрігерлері.
Адам емдейтін дәрігер бізге қандай қажет болса, мал дәрігері де тап солай ауылға қажет. Өйткені ауыл халқы үшін төрт түлік ең басты табыс көзі болып саналады. Тіпті ауылдық жердегі малды былай қойғанда қалада итмысық ұстайтындар ветеринарға жүгінеді. Ал сол мал дәрігерлеріне біз лайықты жағдай жасап отырмыз ба?
Неге олай дедік, себебі облыс бойынша жалпы саны 160 ветеринарлық пункттің тең жартысы талапқа сай емес. Әсіресе Талас ауданындағы мал дәрігерлері қирап, құлағалы тұрған нысанда жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Жауапты мамандардың дерегіне сүйенсек Аққұм ауылдық округіндегі апатты ғимарат үш жыл бұрын пайдалануға берілген. Бірақ бір жыл өтер-өтпестен іргетасы мен қабырғалары жарылып, опырылып түсе бастаған. Салдарынан сегіз ветеринар бүлінген нысанның бір бөлмесінде ғана жұмыс істейді. Олар осы округтегі 20 мың малға ем-шараларын жүргізеді.
Аққұм ауылдық округіндегі ветпункт меңгерушісі Пернебек Қоқымбайдың айтуынша, бұл жерде жұмыс істеу мүмкін емес. Қабырғасының бәрі сөгілген. Ал алда қаһарын төгіп қыс келеді.
Айта кетейік, аймақтағы 160 мал дәрігерлік нысанның 75-і талапқа сай келмейді. Олардың көбі тозған. Ал осындай тозығы әбден жеткен ғимаратта дәрі-дәрмектің қоры қалай сақталмақ деген заңды сұрақ туындайды?! Бұл мәселенің анық-қанығын білу үшін облыстық ветеринария басқармасы басшысы Бақыт Бетбаевты сөзге тартқан едік. Оның айтуынша, осы жылы облыс бойынша ауылдық округтердегі қызметтік ғимараттары ескірген ветеринариялық пункттердің орнына барлығы 44 типтік үлгідегі нысандардың құрылысын жүргізу жоспарланған. Аталған бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталатын болады. Оның ішінде Талас ауданында алты ветеринариялық пункт бар.
Хош. Мал – ауыл тіршілігінің тірегі, ал мал дәрігері – сол тіршіліктің қорғаны. Алайда олардың жұмыс істеуіне тиісті жағдай жасалмаса, ауыл шаруашылығын дамыту туралы сөз қозғаудың өзі артық. Қирағалы тұрған ғимаратта отырып, мыңдаған малға ем-шара жасауға мәжбүр болған ветеринарлардың жағдайы – бүгінгі жүйенің кемшілігін анық көрсетеді. Бұл – тек бір ауылдағы емес, жалпы өңірлік деңгейдегі өзекті мәселе.
Жаңадан салынатын нысандар жайлы жоспар көңілге үміт ұялатқанымен, уәденің іске айналуы уақыт еншісінде. Ал қыс жақындап келеді. Апатты ғимаратта отырып, жауапты іс атқаруға мәжбүр мамандардың жайкүйіне қарап, ел игілігі жолындағы еңбекке лайықты жағдай жасау – құр уәдемен емес, нақты әрекетпен жүзеге асуы тиіс екенін естен шығармаған жөн.
Мақпал СҮЙІНБАЙ