Ән әуелеген әуезді кеш
Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында кезекті рет «Күзгі әуен» атты халықаралық классикалық өнер кеші ұйымдастырылды. Оған облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Облыстық халық шығармашылығы орталығы мұрындық болды. Ал кештің негізгі мақсаты – классикалық музыканы көпшілікке жақындату және отандық һәм шетелдік дарынды орындаушылардың өнерін кеңінен дәріптеу.
Облыстық халық шығармашылығы орталығының редакторы Сұлтан Жексеннің айтуынша, мұнда киелі сахна төріне көтерілген шетелдік өнерпаздар еліміздің және әлем классиктерінің таңдаулы туындыларын тек қана жанды дауыста орындайтын болады.
Айта кетейік, биыл ғана халықаралық деңгейде өткен шараға Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртістері Заира Раимбекова, Айзирек Момунова мен Айбек Саралаев арнайы қатысты. Бұдан бөлек концертте халықаралық конкурстардың лауреаттары: өзбекстандық Дамир Рахмонов пен қырғыздық Эльгиз Бейшенбаев, алматылық Дамир Садуақасов және жерлестеріміз Бахром Муминов, Диас Әлібеков өнер көрсетті.
Есен ӨТЕУЛІ