Аймақ

Заман талабы – білікті, дарынды, шебер ұстаз

Ұстаз – мектептің жүрегі. Ұрпақ тәрбиелеуде мұғалімдер қауымының еңбегі ерен. Бұл – бұзылмас қағида. Өткен күндерден бүгінге, бүгіннен ертеңге жалғасып, сабақтастығын үзбей келе жатқан ұрпақ тәрбиесінің көкжиегінде мұғалім тұрады. Бұл кәсіптің биіктігі – ұлылығында. Әрине, заман ағымына қарай білім саласында реформалар жасалуы тиіс, десе де мұғалім мамандығын таңдаған ұстаздардың жолы – тазалық, инабатпен, мейірімділікпен қадірлі. Бұрнағы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай ұстаздарды құттықтап, бірқатар ұстаздар қауымын марапаттады. Ісшарада облыстық «Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының мұғалімі Мұхтар Талқанбаев Президенттің қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алды.

Мұғалімдер кәсіби мерекесі елімізде ерекше аталып өтетін және ұстаздар қауымына зор құрмет көрсетілетін күн. Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаз болу нағыз білікті, дарынды, шебер маманның ғана қолынан келетінін алға тартып, мұғалімнің еңбегі соған сай лайықты бағалануға тиіс екеніне тоқталды.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына қосқан елеулі үлесі және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ ұстазды мемлекеттік наградамен марапаттады. Президент қолынан мектеп мұғалімдерімен бірге колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандар да марапат алды.

Іс-шарада біз жоғарыда сөз еткен облыстық «Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының мұға лімі Мұхт ар Та лқанбаев пен «Школа Будущего «Әділет» балабақша-мектеп кешенінің мұғалімі Татьяна Құдайбергенова сөз сөйлеген болатын.

Мұғалімнің еңбегін мойындау – үлкен мәртебе

Ақордада Президенттің қолынан ұстаздар үшін үлкен награда – «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрмет атағын алған Мұхтар Дәулетұлымен хабарласқан болатынбыз. Ол жол үстінде екен. Дегенмен Мемлекет басшысымен кездескен сәттегі жүрек тебіренісін жеткізді.

Мұхтар Талқанбаев Президентке аймақта соңғы жылдары білім саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын және жаңа бастамалардың оқушылардың әлеуетін арттыруға ықпал етіп отырғанын айтқанын тілге тиек етті.

Ұрпақтан ұрпаққа ұласқан ұстаздық ұстаным

«Ғалым да, шахтер де бас иетін, ұстазым бар ғажап қасиетің» демекші, мұғалімнің орны қашанда жоғары. Ахмет Байтұрсынұлы «Ұстаздың орны қашанда – төр» деп бекер айтпаса керек. Қазір облысымызда ұстаздардан құралған әулеттер аз емес. Соның бірі – тараздық Сәрсенбаевтар әулеті.

Әулеттің абызы атанған тараздық Қамза Сәрсенбаев пен Сағат Сейсенәліқызының ұстаздық қызметті бастағандарына 55 жылға жуықтаған. Қамза мен Сағаттан 7 ұл-қыз тараған. Олардың ішінде бесеуі білім саласында еңбек етуде. Бұл әулеттің жалпы педагогикалық еңбек өтілі 190 жылға жуықтайды. Яғни, екі ғасыр көлеміне жақындап қалды. Әрине, ұзақ жыл партадағы шәкіртке білім беру айтуға ғана жеңіл. Әр сыныпта отырған балалар – саған аманат. Сәрсенбаевтар міне сол аманатқа адал болды.

Атап айтқанда, үйдің үлкені Серікбай Сәрсенбаев Тараз қаласындағы №37 орта мектепте 14 жыл болыпты алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ бергеніне. Сол еселі еңбегі үшін Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Ал Берікбай Қамзаұлының білім саласындағы еңбек өтілі 34 жыл.

1976 жылы Тараз қаласындағы №31 орта мектеп жанындағы кешкі білім орталығында тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған. Ол 1977- 1986 жылдары қаладағы Орталық аудандық білім бөлімінің әдіскері, №18 орта мектептің директоры болды. Ал кейіннен екі жыл аталған Орталық аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Берікбай Сәрсенбаев бұл белеспен шектеліп қалған жоқ.

1988-2007 жылдар аралығында Жамбыл облыстық атқару комитетінде білім саласы бойынша инспектор, Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімі басшысының орынбасары, мектеп директоры, Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы, «Астана – дарын» орталығының бөлім басшысы, Білім және ғылым министрлігі орта білім департаментінің бас маманы қызметтерін мінсіз атқарып, абыройға бөленді.

Қазіргі таңда да Астана қаласында кешкі мектептердің бірінде ұлағатты ұстаз. Сәрсенкүл Хамзақызы 1986 жылы Тараз педагогикалық институтты бітірген соң, Тараз қаласындағы №21 орта мектепте еңбек жолын бастап, бір білім ошағында 38 жыл еңбек етті. Еңбек, сызу, сурет пәндерінен сабақ берді. Тараз қалалық, облыстық білім басқармаларынан алған марапаттары жетерлік. «Еңбек ардагері» медалінің иегері.

Бекболат Хамзаұлы да 1991 жылы Жамбыл педагогикалық институтын тәмамдаған. Еңбек жолын №29 Гагарин атындағы орта мектепте еңбек, сурет, сызу пәндерінің мұғалімі болып бастапты.

Қазіргі таңда алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі міндетін де қоса атқарып жүр. Ауған соғысының ардагері. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары да болған. КСРО Жоғары Кеңесі президиумының Құрмет грамотасымен, облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен, 8 мемлекеттік марапатпен марапатталған. Мейрамгүл Хамзақызы 1990 жылы Жамбыл педагогикалық институтын физика-математика пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтап шықты.

Еңбек жолын Тараз қаласындағы №21 орта мектепте бастап, кейін тұрмыс құру жағдайына байланысты жұмысы Меркі ауданында жалғасты. Ал 2001 жылдан бастап отбасымен Тараз қаласына қоныс аударып, №42 орта мектепте мамандығы бойынша ұстаздық қызметін жалғастырып келеді.

Қазірдің өзінде ұстаздық қызмет өтілі 35 жылды құрайды. Педагог-зерттеуші. Ал Мейрамгүлдің жұбайы Қайрат Сәдірмеков те Тараз қаласындағы №32 орта мектептің білікті ұстазы. Сызу, бейнелеу өнері, еңбек технологиясы пәндерінен дәріс береді. Талғат Сәрсенбаев қатардағы мұғалімнен кафедра меңгерушісі, профессор, заң ғылымдарының докторы деңгейіне көтерілген.

Қазіргі таңда Алматы қаласындағы Халық шаруашылығы университетінің құқық және мемлекеттік басқару мектебінің директоры. Ұзақ жылғы еңбегі «Ерен еңбегін үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен және ведомстволық медальдармен бағаланып отыр.

Ұстаздық қызметтің бастауында болған Хамза ата мен Сағат әженің ұлағатты жолын немерелері де жалғауда. Майра математика, Айман ағылшын тілі, Маржан, Рахат, Рахым бейнелеу өнері, музыка, дене шынықтыру пәндері бойынша ұстаздық етеді.

Жаңашылдықты жаны сүйетін Назира

Бала қабілетін арттыруда көркемдік, қолөнерінің алатын орны ерекше. Бұл баланы – тазалыққа, көркемдікке, сұлулыққа және мәдениеттілікке тәрбиелейді. Кейіпкеріміз Назира Әмірәлиева – жанына осындай көркемдікті серік еткен ұстаз. Ол Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 гимназияда «Сызу және сурет» пәнінен сабақ берді. «Көркем еңбек» пәнінің мұғалімі. Бір мектепте тапжылмастан 32 жыл еңбек етіп келе жатқан шығармашылық иесі, пәнін жетік меңгерген шебер-ұстаз, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері.

Бүгінде ұстаздар қауымына қойылатын талап – үнемі біліктілігін көтеріп отыру. Заман ағымына қарай оқу үрдісіндегі тың жаңалықтарды игеру. Бұл мақсатта Назира Орынбекқызы іздену сабақтастығын үзген емес. Жеткен жетістіктері де бір төбе. Шәкірт тәрбиелеуде ұстаз құрметінің тынымсыз еңбекпен келетінін де біледі.

Республикалық Үздік педагогикалық идея байқауының жеңімпазы «Көркем еңбек пәнінде қалыптастырушы бағалау тапсырмалары» тақырыбы бойынша әдістемелік-оқу құралын ұсынып, І дәрежелі дипломмен марапатталған ұстаз бүгінде осы әдістеменің авторы.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ұстаздың еңбегі шәкіртінің жетістігімен еселенеді. Назира Орынбекқызы дайындаған шәкірттері республикалық, облыстық, қалалық байқауларда топ жарып жүр. «Тараз жауһарлары» көркем еңбек пәні мұғалімдері мен кәсіби суретшілер және қолөнер шеберлерінің ІV Халықаралық симпозиумына қатысушылар жинағына «Ұлттық натюрморт» тақырыбына Назираның түкті кесте техникасында орындаған ұлттық нақыштағы бұйым жұмысы енді.

Өз жұмысында білім алушылардың шығармашылығын дамытуда белсенді жұмыстар атқарып, ұлттық құндылықтарымызды меңгертуге ерекше мән беріп, оқытудың инновациялық жұмыс түрлерін, дифференциалды оқу түрлерін қолдана отырып, пәнге деген қызығушылығын арттыруды мұрат еткен ол цифрландыру технологиясын да оқу үрдісіне енгізуде.

Атап айтар болсақ, 2023 жылы «КИО» Қазақстан интернет олимпиадасында жүлделі І орынды иеленген ұстаз «Docbollike: достық қолын ұсын» акциясы аясында «Шеберлер қаласы» тақырыбында ойыншық бұйымдарының дайындау жолын ғаламтор желілерінде бөлісуде. Бұл 5-6-сынып оқушылар үшін тиімді әдіс. Сондай-ақ қала, облыс көлемінде және әлеуметтік желілерде өз тәжірибесімен бөлісіп жүрген шығармашыл ұстаздың ізденісін көрсетсе керек-ті.

Өз ісіне жауапты, әріптестерімен ынтымақты, білім алушыларымен жақсы қарым-қатынас құра білетін ортасына сыйлы, ардақты ұстаздың алдағы жоспарлары да ауқымды. Әріптестерімен жаңа әдістемелер ұсынып, оны жаңашылдықпен, яғни жасанды интеллект негізінде насихаттауды мұрат етіп отыр.

Педагог – жауапты әрі жан-жақты маман

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа оқу жылының қарсаңында өткен Тамыз мәслихатында: «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады. Ал бұл үштіктің өзегінде еңбекқорлық идеясы болуға тиіс. Жас ұрпаққа еңбексіз ешқандай игілік болмайтынын үнемі түсіндіріп айту керек. Қоғамда масылдыққа жол бермеу қажет. Себебі, бұл жол тек тығырыққа тірейді», – деген болатын.

Мұның астарында отбасы-мектепмемлекет үштағанының үйлесімі тұрғаны анық. Дегенмен бүгінде мектеп басшылығына баруға ынта танытып, қызығушылық білдіріп жүргендердің аз екені белгілі. Өйткені тәрбие мен білімде, ата-ана мен мұғалім байланысында, тіпті ұстаздардың біліктілігін ұштастыруда білім де, білік те керек. Ал маңыздысы – жауапкершілік. Біз сөз еткелі отырған Тараз қаласындағы №10 С.Нұрмағамбетов атындағы орта мектептің директоры Сүйінжан Қабылбеков тәжірибеде ысылған, ұстаздар мен ата-аналар арасында алтын көпір болып, жақсы бастамалардың ұйытқысы болып отырған жан.

Мамандығы – тарихшы, тарих ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ауылдық мектепте қарапайым мұғалім болып бастаған Сүйінжан Құрманұлы Талас, Жуалы аудандарындағы білім мекемелерінде еңбек етіп, жетекшілік, басшылық лауазымда да тәжірибе жинақтаған. Бір жылдан бері біз атап өткен мектепте басшылық етуде.

Әрине, бұқаралық ақпараттық құралда жүрген соң облыс орталығында кей мектептердің аты білім жағынан, ал бірінікі тәрбие жағынан жиі айтылып жататындығын білеміз. Сондықтан өзінің білім саласындағы жиырма жылдық еңбек өтілі және жинаған тәжірибесіне сүйенген Сүйінжан Қабылбеков аталған мектептің көшін өрге сүйрейді деген сенімдеміз. Бастысы, құлшыныс бар, маңыздысы жауапкершілігі жоғары.

 

Ерман ӘБДИЕВ