Жаңалықтар

Қазақстан мен Мажарстан серіктестікті нығайтуға ниетт

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 2-3 қазан күндері Астанаға Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок ресми сапармен келді. Ақорданың хабарлауынша, сапар аясында президенттер келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту перспективасын талқылады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тамаш Шуйок Digital Bridge 2025 халықаралық форумының пленарлық отырысына қатысты.

Қазақ-мажар байланысының әлеуеті зор

Тәуелсіздік алғалы еліміздің көпвекторлы дипломатиялық қарым-қатынасы жаңа кезеңге өтті. Әсіресе шығыс пен батысты теңдей ұстау міндеті Еуропадағы барыс-келісті арттыруға түрткі болғаны белгілі. Осындай маңызды кезеңде Мажарстан бауырмалдықтың үлгісін көрсетіп, 1993 жылы Қазақстаннның Орталық Еуропадағы тұңғыш елшілігі Венгрияда ашылды. Содан бері екі ел арасындағы қарымқатынас ойдағыдай дамып келеді, арада тек достық пейіл мен жақсы ниет қана бар. Отыз жылдан астам уақытта мемлекеттер арасындағы саяси диалог артпаса, кеміген жоқ.

Экономикалық жобалар, мәдени-гуманитарлық бастамалар ойдағыдай дамып келеді. Мажар елі Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық әріптеске айналды. Халықаралық ұйымдарда да өзара ықпалдастық жоғары.

Қазір қазақ-мажар Біріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы секілді құрылымдарда қатар дамуда. Құқықтық базаны кеңейту үшін парламенттер белсенді жұмыс істеуде. Екі ел депутаттары Парламентаралық одақ, Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеялары аясында үнемі бірбірін қолдап келеді. Кейінгі жылдар мемлекет көшбасшыларының барыс-келісі де толастаған емес.

2023 жылы Мажарстанның Премьерминистрі Виктор Орбан Қазақстанда ресми сапармен болса, өткен жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанға мемлекеттік сапармен барды. Әр кездесу достық сипатта өтіп, маңызды уағдаластықтарға қол жетті. Мажарстанға барған ресми сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев ел президенті Тамаш Шуйокпен Шандор сарайында кездесіп, келіссөз жүргізген болатын.

Бүгінде қазақ-мажар байланысы қалай дамып жатыр дегенге келсек, саясаттанушылардың пікірінше, Қазақстанның қарт құрлықтағы мажар жұртымен қатынасы қарқын алып келеді. Екі ел ортақ тарихтан бөлек, сауда-экономикалық серіктестікті тереңдетуге ниетті. Осы орайда Мажарстан Президенті Тамаш Шуйоктың Астанаға ресми сапары дәстүрлі жолды ілгерілетеді деген сенім мол.

Серіктестік ауқымын кеңейтуге келісті Ақорда ре зиденциясындағы мәртебелі мейманды қарсы алу рәсімінен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен кездесті.

Тамаш Шуйок елдеріміздің арасында сенімге, өзара құрмет пен тарихи байланысқа негізделген белсенді диалог орнағанын атап өтті.

Бұдан кейін президенттер жүргізген келіссөз екі елдің делегация мүшелерінің қатысуымен жалғасты. Мемлекет басшысы Астана мен Будапешт арасындағы тығыз әрі сенімді қарым-қатынас ғасырлар қойнауынан тамыр тартатынын және өзара құрметке негізделгенін атап өтті. Қазақстан Президенті өткен жылы Мажарстанға жасаған сапары бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылуымен ерекшеленгенін жеткізді. Бұл екі ел арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен бауырластық байланыстарды нығайту үшін жаңа перспективаға жол ашты.

Мемлекет басшысының айтуынша, екіжақты сауда-экономикалық қарымқатынастардың берік негізі мен зор әлеуеті бар.

Тамаш Шуйоктың айтуынша, Қазақстанмен жан-жақты байланыстарды дамыту Мажарстанның сыртқы саясатында айрықша орын алады.

Келіссөз барысында саудаинвестиция, энергетика секторы, атом энергиясы, көлік-логистика, қаржы, цифрландыру және жасанды интеллект секілді салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері кеңінен қарастырылды. Мемлекеттер басшылары халықаралық саясаттың басты мәселелеріне қатысты екі елдің ұстанымдары ұқсас және көпжақты форматтағы тығыз ықпалдастықты жалғастыруға дайын екенін растады. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Тамаш Шуйокты Қазақ елінде қарсы алу үлкен мәртебе екенін, халқымыз Мажарстан Президентін аса көрнекті мемлекет қайраткері, парасатты басшы, беделді тұлға деп қабылдайтынын атап өтті.

Мемлекет басшысы екі елді тереңнен тамыр тартатын ортақ тарих, ұқсас мәдени құндылықтар, бекем достық байланыстыратынын айтып, Тамаш Шуйоктың Қазақстан мен Мажарстан арасындағы серіктестікті нығайтуға қосқан сүбелі үлесін, жеке қолдауын өте жоғары бағалайтынын жеткізді.

Қазақстан мажар компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Мажарстан президенттері БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жас ады. Мемлекет басшысы Мажарстан Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапарын екі ел қарым-қатынасының жаңа белесі деп қабылдайтынын айтты. Сонымен қатар Астанада өткен Digital Bridge 2025 халықаралық форумына арнайы келіп қатысқаны және жасанды интеллект жөнінде ой-пікірін бөліскені үшін Тамаш Шуйокқа шынайы ризашылығын білдірді.

Алдағы уақытта Қазақстан мен Мажарстан өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізбек. Кездесуде президенттер энергетика, атом өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы сияқты түрлі бағыттағы ықпалдастықты арттыруға уағдаласты. Бұл туралы да брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында халықаралық көлік дәліздерін, логистика инфрақұрылымын дамытудың маңызына мән берілген. Мәселен Астана мен Будапешт арасында тікелей әуе рейсі қайта жандануы мүмкін.

Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды қазақ-мажар қатынасының алтын арқауы деп атады.

Әлемде түрлі қақтығыстардың көбеюі Қазақстанды да, Мажарстанды да алаңдатады. Бұл туралы брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Бүгінде Қазақстан мен Мажарстан арасындағы байланыс қарқынды дамып келе жатыр.

Президенттер жасанды интеллект орталығына барды

Мажарстан Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тамаш Шуйок Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын аралап көрді. Инновациялық кеңістік еліміздегі заманауи технологияларды дамытуға, дарынды жастарды қолдауға, AI және ІТ сектордағы перспективті жобаларды ілгерілетуге арналған.

Бұл экономикадағы цифрлық саланы жаңа деңгейге көтереді. Alem.AI Қазақстанның ғана емес, басқа да елдердің мамандарын шоғырландыратын орталық болмақ. Бірегей жоба ғылым, өнеркәсіп, креативті индустрия мен мемлекеттік қызмет көрсету секілді салалардағы технологияны дамытуды көздейді.

Орталық ұлттық ЖИ экожүйесін құруға, инвестиция тартуға, стартаптар мен зерттеу қызметтерін ынталандыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ отандық ЖИ шешімдердің экспортын 2029 жылға қарай 5 миллиард долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектіні дамыту жаңа технологияның пайда болуына және экономикалық өсімге ықпал етіп, Астананы Орталық Азиядағы ЖИ бойынша жетекші қалаға айналдырады.

Жоба аясында жылына түрлі салада көзге түскен 10 мың дарынды жасты қолдау, 1 мыңға жуық маманды оқыту, 100-ге тарта стартапты іске қосу, 10 шақты ғылыми зерттеуді жүзеге асыру жоспарланған. Халықаралық орталық Tomorrow School жасанды интеллект мектебі, TUMO креативті технологиялар орталығы, стартапкампус, ғылыми-зерттеу зертханалары және GovTech шешімдерін әзірлеуге арналған AI-driven Government аймағы секілді қоғамдық кеңістіктерді біріктіреді.

Барлық салада әріптестікті нығайту – маңызды

Жалпы, өткен жылы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тауар айналымы 200 миллион долларға жетсе, биылғы 8 айда көрсеткіш 165 миллионнан асып үлгерген. Тараптардың бірлескен кәсіпорындар құру, жаңа өндіріс орындарын салу, көлік-транзиттік және цифрлық салаларда жобалары жетерлік. Қазір екі ел машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика бағыттарында 16 бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Экспорт пен импортты әртараптандыру да кешенді жүргізілуде.

Қазір Қазақстан Венгрияға пропилен полимерлері, балық, жылжымалы құрамның бөліктері, желімделген фанера, телефон аппараттары, топырақ жұмыстарына арналған машиналар, сәндік косметикаларды жөнелтеді. Олар бізге дәрі-дәрмек, тамақ өнімдері, арнайы техникалар, гербицидтер жеткізеді. Мәліметке сүйенсек, 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына құйылған мажар инвестициясы 370 миллион АҚШ долларынан асқан.

Алдағы меже бұдан да жоғары. Өйткені, Мемлекет басшысы өткен жылы Венгрияға жасаған сапарында Қазақстан 95 тауар позициясы бойынша экспортты кеңейтуге дайын екенін айтып, бірқатар келісімге қол жеткізген болатын. Сауда-экономика, энергетика, мұнай-газ, көлік, білім саласында бірқатар жобалар қолға алынған.

Жалпы мажар компаниялары елде зауыттар салуды көздеп отыр. National Capital Holding, UBM Group, L.A.С Holding компаниялары Қазақстандағы жұмысын бастап та кеткен.

Тағы бір маңызды бағыт – фармацевтика. Мажарстанның ең ірі фармацевтикалық компаниясы Қазақстан нарығында 9-шы орында тұр.

Қазір осы жерде өндіріс орналастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл Қазақстанға мажарлық өзге де инвестицияларды тарта алады. Сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, Қазақстанға әдеттегідей шикізат пен экологиялық мәселелерді шешуге арналған жобалар қажет. Өткен жылы Мемлекет басшысы Венгрияға барған сапарында да елдің экономикалық бағдарын айқындап берген болатын.

Тағы бір тоқтала кететін мәселе, Астана халықаралық қаржы орталығында Қазақ-мажар инвестициялық қоры құрылатын болды. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы айтты.

«Бүгінде Мажарстанның бірнеше ірі компаниясымен келіссөз жалғасып жатыр. Оның ішінде Мажарстанның қаржы саласындағы ең үлкен банкі – OTP Bank-тің Қазақстан нарығына кіруіне қатысты келіссөз бар. Сонымен қатар Мажарстанның телекоммуникация, ғарыш саласындағы технологиялық ІТ компаниясының Қазақстанға сапары барысында «Қазақстан ғарыш сапарымен», «Қазақтелекоммен» ортақ жобалар, қорғаныс саласында ортақ жоба жасау бойынша келіссөз басталды. Мұнан бөлек мұнай-газ саласындағы MOL компаниясы еліміздің газ саласына қомақты инвестиция салу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр», – деді ол өз сұхбатында.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП