Спорт және туризм

Корольдік клуб ірі жеңіске жетті

Ару қаланың Орталық стадионындағы тарихи матч алаң иелерінің шабуылымен басталды. Ә дегеннен «Қайрат» ойыншылары қонақтарға қауіп төндіріп, Куртуаның қақпасын торуылдаумен болды. Әйтсе де, Хаби Алонсо жаттықтыратын футболшылар да қарап қалмады. Орайы келгенде шабуылға шығып, Шерхан Қалмұрзаның да шеберлігін тексеріп көрді.

Ойынның 24-минутында Егор Сорокин өзінің айып алаңында өрескел қателік жіберіп, арты пенальтиге ұласты. Кездесудің 25-минутында біздің команданың қақпасына пенальти белгіленіп, он бір метрліктен оныншы нөмірдегі Мбаппе гол соқты. Осылайша, корольдік клуб есепте алға шықты.

Қалмұрзаның қақпасына пенальтиден гол соғып, тағы бір мәрте өз шеберлігін дәлелдеген француз жұлдызы осы нәтижемен Еуропа клубтық турнирлеріндегі ең үздік француз сұрмергендерінің тізімінде Тьерри Анримен теңесті.

Жалпы Мбаппенің қыркүйек айындағы көрсеткіші мүлде ғаламат. Ол клуб пен ұлттық құрама сапындағы барлық ойындарында гол неме с е нәтижелі паспен көзге түсті. Чемпиондар лигасының биылғы маусымында мадридтік «Реал» қызық көрсеткішпен көзге түсіп отыр. Қазіргі таңда команда соққан алғашқы үш голдың барлығы да пенальтиден енді. Бұл көрсеткіш бойынша тарихта тек бір ғана мысал бар.

2021/22 жылғы маусымда «Ред Булл Зальцбург» алғашқы үш голын дәл осылай пенальтиден енгізген болатын. Сонымен қатар «Реал Мадрид» Чемпиондар лигасы тарихындағы ең көп пенальти иеленген команда ретінде көш бастап тұр. Қазақстандықтар көз ілмей тамашалаған ойында таблодағы есеп екінші таймда өзгерді.

«Реалдың» үздігі Килиан 52-минутта дубль авторы атанды. Мадридтік клубтың қақпашысы Тибо Куртуа Килиан Мбаппенің екінші голына пас беріп, Чемпиондар лигасы тарихында нәтижелі әрекет жасаған сирек қақпашылардың қатарына қосылды.

Бұл – «Реал Мадрид» қақпашылары үшін тек екінші оқиға. Бұған дейін дәл осындай жетістікке 1997 жылдың қазанында Сантьяго Канисарес «Олимпиакосқа» қарсы ойында қол жеткізген еді. Мбаппеге тамаша пас асырған бельгиялық қақпашының әрекетінің нәтижесінде француз жұлдызы дубль авторы атанды.

Сонымен ойынның 58-минутында Мбаппенің тамаша мүмкіндігі болған. Алайда қақпа алдында білгенінен жаңылды. Дегенмен қырағы шабуылшы 74-минутта хеттрик жасап, есепті еселей түсті. Сөзсіз ойынның басты қаһарманы – Килиан Мбаппе. Француз форварды өзінің жылдамдығы мен шеберлігін толық көрсете білді. Әсіресе шабуылдағы өткір қимылдары «Қайрат» қорғанысына үлкен қиындық тудырды.

Қонақтар мұнымен тоқтап қалмады. Кезекті шабуылдарының бірін Камавинга голға айналдырды. Франциялық ойыншы 83-минутта кездесудегі төртінші голды өз атына жазды. Ол аз десеңіз, қақпашы Тибо Куртуа бірнеше қауіпті соққыларды қайтарып, «Қайратқа» гол соғуға мүмкіндік бермеді. Ал Браим Дияс ойынның нүктесін қойды.

Өкінішке қарай, Орталық стадиондағы 23 мыңға жуық жанкүйер жиналған ойында алаң иелері 0:5 есебімен қарсылас командаға жол берді.

Бапкердің болжамы

Естеріңізде болса, бұған дейін «Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин бұл матчтағы басты нәтиже жеңіс болатынын айтқан еді.

«УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығып, әлемнің таңдаулы клубтарына қарсы ойнау ақиқатқа айналды. Біз ойынның сапасына мән беруге күш саламыз. 18 қыркүйекте Лиссабонда «Спортингке» қарсы өткен ойында қарсыластың деңгейі бізден әлдеқайда жоғары екені анық байқалды. Олардың қысымына барынша шыдас бердік.

Бірнеше сағат ұшып, шаршағанымыз да әсер етті. Енді өз алаңымызда әлемнің үздік клубына қарсы ойнаймыз. «Реал Мадридтің» бас бапкері Хаби Алонсо бұған дейін Германияның «Байер» клубын баптаған кезеңде әр жаттығу тәсілдерін ғаламтордан көріп, тәнті болатын едік.

Өте білікті бапкерден көп нәрсе үйрендік», – деген еді Р.Уразбахтин ойынға дейін. Сондай-ақ ол корольдік клубтың тізгінін ұстағанына төрт ай ғана болған Алонсо мақсатын толық іске асырмағанын, әлі де шеберлігімен даңқы асқақтайтынын да айтқан.

Өзі үлгі тұтқан бапкердің баулыған футболшыларына қарсы тартысқа түсудің жауапкершілігі зіл батпан екенін де атап өткен бапкердің болжамы дәл келмегені өкінішті.

«Біз соңына дейін ерлерше күрестік»

«Қайрат» – «Реал» матчынан кейін қорғаушы Офри Арад та ойын жайлы өз пікірін білдірді.

Мақтауға лайық жалғыз адам

Танымал бапкер Асқар Қожабергенов а лматылық клубтың сапында ерекше көзге түскен футболшы тура лы пікірімен бөлісті.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ

Айта кетейік, «Қайрат» 21 қазан күні кипрлік «Пафоспен» кездеседі. Бұл ойын алматылық команда үшін үлкен сын болмақ. Өйткені олар әзірге топта бірде-бір ұпай жинаған жоқ. «Реал Мадрид» 4 қазан күні Ла Лигада «Вильярреалды» қабылдайды. «Қайратқа» қарсы ірі жеңіс олардың рухын көтеріп, чемпионатта да сенімді ойнауына серпін береді деген сенім мол.

 

Есен ӨТЕУЛІ