Кәсіби білім берудегі озық идеялар айтылды
Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде 2 қазан – Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жұмыскерлері күні болып белгіленді. Осыған орай Тараз қаласындағы «A-Status» мектеп-гимназия білім беру кешенінде «Кәсіби білім берудегі озық идеялар мен заманауи көзқарастар» тақырыбында семинар өтті. Оған Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері қатысып, «Рысбаева и Ко» компаниясының полиграфиялық цехына экскурсия жасады.
Экскурсия барысында полиграфиялық өнімдерді шығару жұмыстары және компанияның тұтынушыларға көрсететін өзге де қызметтерін таныстырған «Рысбаева и Ко» компаниясының құрылтайшысы Сәуле Рысбаева бизнесті шағын ғана шеберханадан бастағанын айтып, кәсіпкерлік жолын әңгімелеп берді.
Бұл компания Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжін қамқорлыққа алғанын айтқан колледж директоры Саясат Есеев екіжақты бірлескен жұмыстарды мәлімдеді.
Семинардың негізгі бөлімі – дөңгелек үстелде кәсіби білім беруді дамытуда бизнес, білім беру мекемелері мен отбасылардың бірлескен іс-қимылының маңыздылығы айтылды. Іс-шара концерттік бағдарламаға жалғасып, домбырашылар ансамблі мен мектеп хоры өнер көрсетті.
Қамар ҚАРАСАЕВА