Ескерткіштерді орнатуда да ескеретін мәселе аз емес
Адам өміріндегі оқиғаларды, белгілі бір елдің, халықтың басынан кешкен тарихи кезеңін еске түсіретін құндылықтарды, қастерлі мұраларды ескерткіш деп атау да қалыптасқан. Олардың қатарына шартты түрде ауыз әдебиеті ескерткіші, жазба ескерткіші, өнер ескерткіші, сәулет ескерткіші, ұлттық дәстүрлі қолөнер ескерткіші, діни ескерткіш, тағы басқа да ескерткіш түрлерін жатқызуға болады.
Мысалы, адам қабірінің басындағы оба, қорғандардың, сақ және көне түркі кезеңдерінен жеткен тас мүсіндер, құлпытас, қойтас, сағана, төртқұлақ, кесене, тағы басқа археологиялық және сәулет өнері ескерткіштері ең алғашқы ескерткіш түрлері қатарына жатады. Мұндай ескерткіштер Жуалы ауданында да көптеп сақталған. Міне, кешегі күні облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Сауран Қалиевтың қатысуымен аудан әкімдігі аппаратының мәжіліс залында «Тарихимәдени мұраны қорғау: заңнамалық негіздер және практикалық шаралар» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Оған аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі мен құрылыс, сәулет және қала құрылыс бөлімінің басшылары, сонымен қатар ауылдық округ әкімдері мен жауапты мамандар қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізді. Жиынның мақсаты – Қазақстан Республикасының 2019 жылғы №288-VI «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының талаптарын түсіндіру, облыс аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерін сақтау, қорғау және тиімді пайдалану. Семинар-кеңесте сөз алған «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-нің директоры С.Қалиев тарихимәдени ескерткіштердің шығу төркініне тоқталды.
Осыдан кейін сөз алған аталған КММ-нің заңгері Ержан Сланов монументті өнердің жаңа құрылысын орнату бойынша заң талаптарын түсіндіріп өтті.
Келесі кезекте дирекцияның бас инспекторы Салтанат Ділдәбекова Жуалы ауданында орналасқан жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйін, сақталу деңгейін анықтау мақсатында жүргізілген мониторинг жұмыстарының қорытындысын баяндады. Ал ғылыми қызметкер Ескендір Торбеков бүгінде облыс аумағында «қара» археологтар заңсыз жолмен жәдігерлерді іздеп, тарихымызды тонап жатқанын, сондықтан елді мекендерде тарихи орындарда бөтен адамдар жүргенін байқаған тұрғындар тез арада учаскелік инспекторларға хабар беру қажеттігін ескертті.
Жиын соңында дирекция мамандары ауылдық округ әкімдері қойған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы