Қоғам

Шалғай ауылда да кәсіп ашуға ниеттілер көп

«Ауыл аманаты» жобасының игілігін ауыл тұрғындары да көруде. Бүгінгі күні бағытын аздап өзгерткен жобаның аясында төмен пайызбен несие рәсімдеп, өз кәсібін ашқан кәсіпкердің бірі боралдайлық Гүлбада Ақайдарова. Ол шалғай ауылда өз наубайханасын ашып, ауыл тұрғындарын балауса нан өнімдерімен қамтып отырған кәсіпкер

Бүгінгі күні шағын және орта кәсіпкерлік кей елдерде ішкі жалпы өнімнің 50-60 пайызына дейінгі үлесін иеленетінін ескерсек, бізге де бұл саладағы озық тәжірибелерді үйрену артық болмайды. Жалпы Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлініп, жеңілдетілген несие көлемінің ұлғайтылуы өзін-өзі еңбекпен қамтығандардың, кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген азаматтардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететіні анық.

Жалпы ауыл шаруашылығын дамыту және кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту мәселелері Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауларынан тыс қалған емес.

Президентіміздің өткен Жолдауында:

Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік жыл санап дамып келеді. Оның ішінде, нан өнімдерін өндіретін өндірістің артқаны байқалады. Бұрындары нан өндірушілер тек аудан орталығында ғана болса, қазір орталықтан шалғайда жатқан бірқатар ауылдарда шағын наубайханалар іске қосылып, өнімді жұмыс атқаруда. Мәселен, Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында Гүлбада Ақайдарова екі-үш жылдан бері нан пісіріп, ауылды нан өнімдерімен қамтып жүр.

Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік ісін дамытуға бағытталған бесінші бағытымен 4 миллион теңге несие алған үйінің бір бөлмесін жабдықтап, сұранысқа сәйкес, күніне 60-70 бөлке нан пісіреді. Оның қолынан шыққан нан өнімдері ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие. Кәсіпкердің өнімдері ауылдың азық-түлік дүкендеріне қолжетімді. Аудан орталығы болса бір жөн. Мұнда тұтынушының қарасы мол. Ал алыс ауылда кәсіпкерлікпен айналысу ісін бір жағынан ерлік дерсің…

Олай болатыны, нан пісіруге қажетті шикізаттың барлығын күнделікті аудан, облыс орталығынан тасымалдап әкелуің қажет. Міне, осындай басқа да қиындықтарға қарамастан еңбек етіп, нәпақа табуға бел буған Гүлбада Ақайдарова «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағытымен алынған несие қаражатынанан өнімдерін шығаруға арналған үлкен пеш, екі қамыр араластырғыш құрылғы, 130 қалып, шикізат және дайын өнімді сақтауға арналған тоңазытқыш, мұздатқыш, жұмысқа қажетті тағы басқа құрал-жабдықтар сатып алғанын айтады.

Айта кету керек, қомақты қаражатқа алынған арнайы пештің көмегімен бір мезгілде 72 бөлке нан пісіруге мүмкіндік бар. Басқа да құрылғылар жұмысты жеңілдетуге сеп болуда. Нан пісіруге қажетті бірінші сұрыпты ұн аудан орталығынан жеткізілсе, ашытқы және маргарин, сұйық май, тағы басқа қажетті шикізаттар Тараз қаласынан әкелінеді екен.

Қазіргі таңда облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған жобаның аясында жұмыс істеп, жаңадан кәсіп ашуға ниетті ауыл азаматтары арта түскен. Осының нәтижесінде, қазір ауданға қарасты бірқатар ауылдың азаматтары төрт түліктің басын көбейтуге барынша күш салуда.

Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасының кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 5-бағытын жүзеге асыру жұмыстары өткен жылы басталып, биыл да жалғасу үстінде. Былтыр бұл бағытта ауданда 575,5 миллион теңгеге 79 жоба жоспарланып, 50-ге жуық азамат «Тараз» ӘКК» АҚнан қомақты несие қаражатына қол жеткізіп, сол арқылы кәсіп ашып, жұмыс атқаруда.

«Ауыл аманаты» жобасымен берілетін шағын несие қаражаты азаматтарға шағын кәсіпкерлік ісін дамытуға үлкен сеп болып отырғанын баса айтқан жөн.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы