Тарихи тұлғалар тізімі толыға түсті
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлерінің есімін ұлықтау, олардың өнегелі істерін өткенге насихаттау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, биыл бірқатар Ұлы Отан соғысына қатысушылар құрметіне көше атауын беру жоспарланған. Бұл туралы аймақтық ономастикалық комиссиясының кезекті отырысында айтылды.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен өткен ономастика комиссиясының кезекті отырысына комиссия мүшелері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің өкілдері, тіл мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Басқосуда 2024-2025 жылдарға арналған көшелерге атау беру, қайта атау, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін беру және «Тарихи тұлғалар» тізімін жаңарту мәселелері қаралды. Бұл ұсыныстар ел тарихын дәріптеу мен ұлттық сана қалыптастыру мақсатында маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
Жиында облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай мен аудан әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасады. Олар өз өңірлеріндегі атаусыз көшелер мен қайта атауға ұсынылған нысандар туралы мәлімет беріп, тарихи және мәдени маңызы бар тұлғалардың есімдерін ұсынды.
Жиын қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылданып, «Тарихи тұлғалар» тізіміне 5 тұлғаның есімі енгізілді.
Нұрболат АМАНБЕК