Жаңалықтар

«Қызыл сызыққа» өткен нысандар неге бұзылмай тұр?

Бас жоспар кез келген шаһар үшін үлкен маңызға ие. Бір сөзбен айтқанда, бұл құжат – қала құрылысының егжейтегжейлі жоспарлануының, сәулет құрылыстары композициясының, жол айрықтар мен автомагистралдардың негізі. Ал осылардың барлығы дерлік тиімді жоспарланса, онда тұрғындар үшін өмір сүру қолайлы болмақ. Жалпы, қала құрылысының негізгі құжаты – сол мекеннің болашақтағы тұрақты дамуы мен сапасын белгілейді. Әйтсе де, бір ғана Тараз қаласында «қызыл сызық» нормаларын бұзған нысандарды көптеп кездестіруге болады. Мұндай жайт Т.Рысқұлов, Қордай және Талас аудандарында да тіркелген. Бұл жөнінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте кеңінен сөз болды.

Басқосуда ең әуелі облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Әлібек Аманбай баяндама жасап, заңсыз нысандарға қатысты дәлел мен дәйектерді сот органына жолдап, тиісті шаралар қолдануы қажеттігін атап өтті.

Бұдан кейін сөз алған облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, бүгінгі күні облыс көлемінде 51 нысанның құрылысы бақылауда тұр. Оның 35-і Тараз қаласында болса, 16- сы аудандарда. Ол өз сөзінде облыс орталығының өңін кетіріп, сұрын қашырып тұрған 2 нысан түгелдей сүрілгенін жеткізді. Сондай-ақ Тараз қаласындағы 12 нысанның үшеуінде құрылысмонтаждау жұмыстары толық жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Жиын барысында аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Т. Рысқұлов және Шу аудандарында кейбір елді мекендердің бас жоспарларын цифрландыруға қатысты тиісті жұмыстар жүргізілмегенін сынға алып, бұл мәселе былтырғы сәуір айында Үкімет отырысының хаттамасында тапсырылғанын жауаптылардың есіне салды.

 

Есен ӨТЕУЛІ