Ел жаңалықтары

Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті

Мемлекет басшысы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысын өткізді, деп хабарлайды Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысын ашып, бұл жиынның мән-маңызы ерекше екенін атап өтті. Президент жасанды интеллектіні дамытпай, жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін еместігін еске салды. Цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект егемен ел болудың кепіліне, экономикалық дамудың қозғаушы күшіне айналды.

Мемлекет басшысы бүгінгі басқосу «Білім беру саласындағы жасанды интеллект: мүмкіндіктер және сын-қатерлер» тақырыбына арналатынын айтты.

Президенттің пікірінше, біз қазір түбегейлі өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Жасанды интеллект бүгінде экономиканың, мемлекеттік басқару жүйесінің, ғылымның, ең бастысы, білім беру саласының келешегін айқындауда.

Мемлекет басшысы еліміздің алдында тұрған басты мақсат отандық технологияны жан-жақты дамыту және мықты IT мамандарын даярлау екеніне мән берді. Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы негізгі басымдықтарға тоқталды.

 Президент бүгінде елімізде жасанды интеллект мамандарын оқытатын арнайы оқу орны жоқ екеніне, олар тек жекелеген университеттерде білім алатынына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдымен елімізде жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университетін ашу керек.

Кеңес отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, БАӘ Жасанды интеллект мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Омар Әл-Олама, Sinnovation Ventures және 01.ai негізін қалаушы Ли Кай Фу, Cambrian Futures компаниясының бас директоры Олаф Дж. Грот, Сан-Диегодағы Калифорния университетінің ректоры Прадип Кхосла, Тьюринг атындағы сыйлықтың лауреаты Джон Хопкрофт, БҰҰ-ның «ЖИ игілік үшін» бастамасы атқарушы кеңесінің төрағасы Эбтесам Әл-Мазруи, Polynome Group негізін қалаушы Александр Ханин және Oxford Insights компаниясының бас директоры Ричард Стирлинг сөз сөйледі.