Алты алашқа танылған ақын
Төл өнердің өрісін кеңейтіп, өзі де өшпес із қалдырған, Ауған соғысының ардагері, елге кеңінен танылған айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиевті еске алуға арналған VII облыстық ақындар айтысы Байзақ ауданында өтті.
Бұл дәстүрлі жыр додасы алғаш рет осыдан он сегіз жыл бұрын бастау алған еді. Содан бері жыл сайын жалғасып, қалың жұртшылық асыға күтетін үлкен рухани мерекеге айналды. Биылғы айтыс – Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа тұс келіп, мерекелік мән-маңызын еселей түсті. Доданы Amanat партиясының қолдауымен, Байзақ ауданы әкімдігі мен облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен жыр мерекесінің шымылдығы ашылған сәттен-ақ көрермен қауымның делебесі қозып, зал іші ерекше толқулы күйге енді.
Алдымен сахнаға көтерілген аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев құттықтау сөз сөйлеп, Әзімбек ақынның халық жүрегіндегі орны мен өнегелі жолын атап өтіп, айтысқа қатысушы жас дарындарға сәттілік тіледі. Бұл күні сахна төрінде облыстың барлық аудан қаласынан келген 16 айтыскер ақын жұп-жұп болып өнер көрс етті.
Қалам мен қағазға сүйенбей, суырыпсалма өлеңімен тыңдарманды тәнті еткен ақындар елдік мәселелерді қозғап, ұлттық құндылықтарды жырға қосты. Айтыс барысында Тәуелсіздік, бірлік, ел болашағы, жаст ардың тәрбиесі секілді тақырыптар өріліп, халықтың көкейінде жүрген ойлар көркем сөзбен өрнектелді.
Сонымен қатар ақындар кеш иесі Әзімбек Жанқұлиевтің рухына арнайы арнаулар айтып, оның елге сіңірген еңбегі мен өнердегі өрнегін жырға қосты.
«Айтыс барда – Әзімбек бар» деген сөздің ақиқаттығына жиналған жұрт көз жеткізгендей болды. Жарыстың нәтижесінде үшінші орын Меркі ауданынан Мұқағали Балтабайға, Т.Рысқұлов ауданынан Тұрсынбай Айтбекке және Тараз қаласынан Дидар Апбасовқа бұйырды. Екінші орын Байзақ ауданынан Дидар Басықараев пен Т. Рысқұлов ауданынан Асхат Қылышбекке табысталды.
Ал бірінші орынды Жуалы ауданының ақыны Қанат Мырзахан жеңіп алса, бас жүлде иегері болып Байзақ ауданынан шыққан Рай Дөңбай танылды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар, Алғыс хаттар және ақшалай сыйлықтарды аудан әкімі Олжас Баққараев табыс етті.
Бұл сәт зал толы жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп, айтыстың мерейін одан әрі асырды.
Фариза КЕНЖЕБАЕВА
облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының «Қоғаммен байланыс және айтыс өнерін дамыту» бөлімінің меңгерушісі