Әлеумет

Ұят, қайда барасың?

Дана халқымыз баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Оның алғашқысы – ұят болады. Екіншісі – жаман болады, үшіншісі – обал болады. Ұят болады дегені – өлімнен ұят күшті, ұятты істі істеме дегені және жаным арымның садағасы дегені еді. Ал жаман болады дегені – жақсы сөз жарым ырыс, жамандықтан аулақ жүр дегені. Жақсының шарапаты, жаманның кесапаты тиеді деген еді. Обал болады дегені – әр нәрсенің сұрауы бар, саған түкке тұрғысыз болған бір нәрсе басқа біреуге өте қымбат болуы мүмкін, ешкімге көлеңкең түспесін дегені еді.

Жаман боладыға жақындамай, ұят боладыға ұрынбай, обал болады дегенге ойлана қарайтын текті ұлт болған едік. Ал қазір ше? Қазір қалалық үйлердің алдындағы ойын алаңшасында ойнап жүрген балалардың аузынан боқтық сөз түспейтін болған. Білсем, солардың арасында тілі енді бұлдырлап шығып келе жатқан үш жасар бала да бар. Құдай-ай, тыңдап отырсаң боқтық сөздің түбін түсіреді-ау.

Бір өкініштісі, осы балаларға «қой, ұят болады», «онысы несі-ей», «жаман сөз сөйлеме, балам», деп тыйып отырған ата-ананы көрмейтін болдық. Тіпті баласы бейәдеп сөз айтса, мәз болып ыржалаңдаған әке-шешені де көргенбіз. Не деген көргенсіздік деп таңдай қаққан едім сол кезде. Демек ол баланың ата-анасы да үйінде әр сөзіне боқтық сөз қосып сөйлейтін болып тұр ғой, шамасы.

Бұлай жалғаса берсе, бұл айтып отырған мәселеміз күнделікті қалыпты жағдайда ауызекі сөйлеу стиліне айналып кете ме деп қорқамын. Бұл, масқара... Ал мұндай балаларды дер кезінде жөнге салмаса, болашағымыз бұлыңғыр болмақ. Ұрлық та осыдан, жағымсыз іс-әркеттер де осындай балалардан шығады. Тәрбиесіз, талғаусыз берілген білім мен рухани қуаты жоқ дүниенің болашағы қашанда бұлыңғыр.

«Баланы жастан...» деген тағылымды сөз қалдырған ата-бабаларымыз бұрын иманнан безген, өз ортасында бүлік шығарғандарды бір-ақ ауыз сөзбен тоқтатып, тентегін тезге салып отырған. Сол қазақы тәрбиенің тізгінін босатпау – бүгінгі әрбір ата-анаға, әрбір мектепке үлкен сын. Жас ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарауымыз керек. Адам өз ұрпағына дұрыс тәрбиеден басқа ештеңе бере алмайды, ал дұрыс тәрбие алған ұрпақ білімді ең жақсы түрде алады, «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы».

Бала ақ пен қараны, обал мен сауапты, ұят пен арды, адал мен арамды, жақсы мен жаманды, қас пен досты білетін болғанда нағыз адамдық жолға түседі. Қазақ «ұят болады» деген осы сөзбен, отбасын, елді, дінді, ділді барлығын ұстап тұрған. Қазақ ұяты барды текті, ұяты жоқты тексіз деп бағалаған. Халқымыздың салтдәстүрі, діні, елдігі, отбасы бәрі-бәрі ұят боладының ішіне сыйған.

Әдеп болмаса, ұят болмаса адам адамдық санаттан шығады. Ал біздің білім беру ошақтарында қазақы тәрбие жүйесі қалыптаспаған, барлық іс-шаралар құр науқаншылдық. Мектеп тәрбиесі әуелде баланы, одан ата-анасын қорқыту, үркітумен шектеледі. Демек, баланың жүрегіне, жанына жетпейді. Мектептің өзінде балаларымыз телефон ұстайды, сабақтан қолы қалт етсе ғаламтордың ішінде тұншығады...

Біз тек сыртқы тәніне қарап мәз болып жүрміз, адам тек ішкі әлемімен ғана адам болмақ. Соған үңіліп, мәнді іздеп тәрбие беру керекпіз. Мектеп әуелде адам тәрбиелеп отыр, сосын маман, ғалым. Сонымен бірге қазіргі таңда қоғамға пайдалы жақсы бастық, жақсы ғалым, жақсы жұмыскер, жақсы дәрігер, жақсы оқушы, жақсы сақшы, жақсы сот, жақсы мұғалім, жақсы әке, жақсы ана, жақсы күзетші, жақсы арбакеш керек.

Қазақстан болашағы жас ұрпақпен тікелей байланысты. Оларға біз не тәрбие беріп, қандай өнеге көрсетудеміз? Осы сұрақтар бізді бейжай қалдырмауы керек. Жастар білімді, иманды, рухы биік болса, ұлт болашағы жарқын болады.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ