Кітап – рухани бай адамның адал досы
Ағымдағы жылы облыс әкімінің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы басталған болатын. Қаламгерлердің шығармалары мен қалың оқырманның ортасында алтын көпір болып отырған кітапханашыларға бұл да үлкен жауапкершілік жүктеді.
Бүгінде кітапханаға жиі қайырылатын оқырман қауымының ортасы қалың болып тұр. Заман ағымына қарай өздеріне қажетті рухани дүниелерді қолындағы смартфоннан іздемей, кітапхана сөрелерінен іздейтін жастардың кітапқа деген қызығушылығы да қуантады бізді. Бұл – жас ұрпақ кітапты оқиды, кітапқа қызығады деген сөз.
«Кітап – оқырманды тәрбиелейді, кітапхана – адамзатты тәрбиелейді» деген қағиданың өміршеңдігі осы болса керек. Кітап – рухани қажеттелік, кітап – тәрбие құралы. Қазір кітап дүкендеріне көпшілік бас сұға бермейді. Өйткені, мықты деген жазушылардың шығармалары кезіндегідей көп таралыммен жарық көріп жатқан жоқ. Сондықтан, оқырман жаңа жарық көрген атақты жазушылар мен жергілікті қаламгерлердің кітаптарын біздің кітапханадан таба алады. Ал кітапқұмар қауымға қызмет көрсетуде біздің кітапханашылар көмек көрсетуге дайын.
Өз кәсібін жанымен сүйген кітапханашылардың рухани дүниесі де кітап әлемімен тікелей қатысты болғандықтан бай келеді. Кітапхана – мәдениет пен тәрбиенің ошағы, кітап – рухани бай адамның айнымас досы, серігі.
Гүлайым ӘБІЛДАЕВА
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі.