Қарияға құрмет бала кезден басталады
Қарттар күні халықаралық мерекесі 1990 жылдың 14 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясында ресми бекітілген. Халықаралық қарттар күні елімізде 1991 жылдан бері 1 қазанда тойланып келеді. Осы күндері елімізде 2,3 миллионнан астам қарт бар. Аталған мерекенің мақсаты – қарттардың қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеу, олардың мәселелері мен қажеттіліктеріне және өмір сапасын арттыруға назар аудару әрі қамқор болу.
Еліміздегі 79 белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қариялар бос уақыттарын өткізіп, сүйікті істерімен шұғылданады екен. Жыл сайын аталған мереке күні қарсаңында оқушылардың бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру, үлкенді сыйлау, өз ата-бабасын ұмытпау және салт-дәстүрді құрметтеп, жақсы мен жаманды ажырата білу мақсатында аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу мақсатында қариялармен кездесіп, өнегесін алуды мұрат етіп отырамыз.
Осы мақсатта №9, 10, 16, 19 орта мектептерінің және №15 мектеп-гимназиясының аға тәлімгерлері бірлесе Тараз қаласындағы «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында» 1 қазан – Қарттар мерекесіне орай «Қартқа бізден құрмет бар» атты тақырыпта оқушылармен бірге мерекелік іс-шара өткіздік.
Шарада оқушылар өнерлерін ортаға салып, қыздарымыз мың бұралып би билеп, ұлдарымыз өздерінің жүрекжарды жырларын оқыды. Қариялар дастарқанына тәтті тағамдар қойылып, ақ жаулықты аналарымызға орамал сыйға тартылды.
Концерт барысында ата-апаларымыз оқушылармен ән шырқап, билеп, жастық шақтарын еске алды. Әуезді әндер мен мың бұрала билеген би қарт-қарияларымыздың жүзіне күлкі сыйлап, көңілдеріне жылу берді. Мектеп оқушыларына ризашылығын білдірген ата-апаларымыз ақ баталарын берді.
Фариза ТҮЙМЕБАЕВА
№9 орта мектептің аға тәлімгері.
Тараз қаласы