Еңбек адамы

Тамшы суды шаруалардың табысына айналдырған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шілде айында Су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің күнінде бұл саланың ел экономикасындағы әлеуетінің жоғары екендігіне тоқталып: «Біздің кең байтақ жеріміз бар. Алайда ел аумағының жартысынан көбі шөл және шөлейтті жерлер. Сондықтан Қазақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесі десем артық болмайды» – деген болатын. Соңғы жылдары су шаруашылығы саласын өркендетуде елімізде көптеген бастамалар қолға алынды. Оның қатарында Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылғанын да айта кетсек болады.

Дегенмен, бүгінгі күні осы салада еңбек етіп жүрген азаматтардың қатарында еңбек көрігін қыздырып отырған мамандар да бар. Сондай білікті азаматтың бірі – Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» кәсіпорнының облыстық филиа лына қарасты «Сарысу » өндірістік бөлімшесінің гидротехнигі Нұргелді Өксікбаев. Салада табан аудармастан жиырма жыл бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Нұргелді Махатұлы кәсіби мерекеде Президент қолынан ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алды.

Бұл еңбек адамына деген құрмет болатын. Сарысудың тумасы Нұргелді Махатұлы Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің «Экология және табиғатты қорғау» бөлімін «Техникгидромелиратор» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын «Сельхоз» химия мекемесінде диспетчер болып бастаған. Ол мекемеде 15 жыл жұмыс істеп, «Қазсушар» кәсіпорнына ауысқанына 20 жыл болыпты. Бұл жылдар ағымында тәжірибе жинақтап, кәсібіне төселген азаматтың әріптестер ортасындағы беделі де зор.

Иә, өзінен бұрын өзгенің қамын ойлап жүретін аптал азаматтың еселі еңбегі еленді. Алдағы уақытта су шаруашылығы саласының өркендеу жолында еңбек ете отырып, жас мамандарға да өз білгенін үйрету өмірлік қағидасына айналған. Нұргелді Махатұлы еңбек озаты ғана емес, үлгілі отбасының алтын діңгегі. Бүгінде жары екеуі екі ұл тәрбиелеп, 11 немере сүйіп отыр. Үлкен ұлы Мейіржан Өксікбаев – мемлекеттік қызметте, Саудакент ауылының әкімі.

 Кішісі Біржан Өксікбаев облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде бөлім басшысы. Қарапайым қалпынан танбай, қажыр-қайратымен ауыл-аймақтың өркендеуіне тер төгіп келе жатқан азаматтың ісі көпке үлгі, ұрпағына өнеге.

Әулетіне шаттық ұялап, отбасына құт қонған шаңырақ иесі – Нұргелді Өксікбаев елге еңбегімен еленген нағыз еңбек адамы.

 

Ерман ӘБДИЕВ