Жасанды интеллект – жаңа заман тетігі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Кәсіпкерлер елімізді цифрлық дамытудың қозғаушы күші болуы тиіс. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, ал жұмыспен қамту ісіндегі үлесі 50 пайызға жуықтады. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бірақ осы саланы жүйелі түрде жетілдіре түспесе, экономиканы дамыту және тұрмыс сапасын жақсартуға тың серпін бере алмаймыз», – деді. Бұл жауапкершілікті жергілікті кәсіпкерлер де түсініп отыр. Сондай-ақ өңірдегі кәсіпкерлер тұрғындар әлеуетін көтеруде өз бастамаларын да ұсынады.
Экономиканың тұрақтылығы мен тұрғындардың әлеуметтік тұрмыс сапасын арттыруда жергілікті кәсіпкерліктің үлесі басым. Өйткені өнім өндіруші, жұмыс беруші кәсіпкерлердің ешқандай «кедергісіз» жұмыс қалпын сақтауы билік өкілдеріне де қатысты.
Келешекте Цифрлы мемлекетке айналғалы отырған Қазақстан үшін жаңа технологияларды игеріп, жасанды интеллект дәуіріне нық қадам жасауы үшін кәсіпкерлік саласы да толықтай жасанды интеллект заңдылығына бағынып жұмыс істейді. Бұл – өркендеудің өркениетті жолы. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қоғамдық ортадағы тәртіп пен қоршаған ортаны таза ұстау мәдениеті төңірегінде де ой қозғады.
Расында, күнделікті тіршілікте мұндай қолайсыз жағдайлардың жиі кездесіп қалатыны анық. Үлкендердің ескертпе сіне дөрекі жауап беретін жастар тәрбиесі де күн тәртібінде тұр. Тәрбие отбасынан, ата-ананың өнегесінен бастау алады. Отбасынан түлеп ұшқан әрбір азамат ұшқан ұяда алған тәрбиесімен ортасына сыйлы, парасатымен қадірлі болып танылады. Мұндайда біреуді кінәлап, кінә іздеудің өзі ағаттық. Айналасына тәрбиелілігімен сыйлы болған азамат қоғамның дамуына да зор үлес қоса алады.
Жоғарыда Президент айтып кеткендей білікті, саналы адамдар ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі болмақ. Соңғы жылдары өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтін жастар қатары да кездесіп жатады. Сондықтан өндіріс саласында ақсау бар. Жастардың өндіріске келуі экономиканы көтеріп, білікті кадрлардың әлеуеті көтерілер еді. Қолдау бар ғой, яғни білікті кадр жұмыссыз қалмайды деген сөз.
Қазір барлық салада жаңашылдық бар. Ендігі жерде жасанды интеллектінің игілігін кәсіпкерлермен қатар тұтынушылар да көреді. Яғни, нарық механизмін цифрландырудың әдістемесі жасалып, бұл экономиканың ілгерілеуіне, әлеуметтің әлеуетін арттыруға сеп болады. Өйткені Президент алдағы үш жылда Қазақстан Цифрлы мемлекет болатындығын алдыға тартып, Үкіметке нақты тапсырмалар берді.
Бұл ел дамуының нақты қадамы, ел дамуының қарышты баспалдағы. Әрбір қазақстандық осы жолда табанды еңбек пен біліктілігінің арқасында кәсібилігін көрсетіп қана қоймай, өзгелерге де үлгі бола алады.
Әрбір игі істің жолы бар, бастамасы, бағыты бар. Сол жолдан танбасақ, даңғыл жолдың басында жол көрсетуші елге айналарымыз анық.
Кемел ӘБДЕНБАЕВ
Тараз қалалық мәслихатының депутаты.